Вернуться к списку статей

Әміржан Мұқанов – Әлем чемпионатында жүлдеге ілігуге шамамыз жетеді

Футбол
1K
Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көріне алады
Қыркүйектің 10-ы күні Колумбияда футзалдан әлем чемпионатының байрағы желбірейді. Ал 13-інде Қазақстан ұлттық құрамасы мундиаль аясындағы өзінің алғашқы матчын өткізеді. Дінмұхамед Сүлейменов бастаған жігіттердің мүмкіндіктері жайында бас командамыздың бұрынғы бас бапкері Әміржан Мұқановпен сұхбаттасқан едік.

– Әміржан аға, әлем чемпионатының басталуына санаулы күн қалды. Жерлестерімізден не күтуге болады?

– Қазір Қазақстан ұлттық құрамасы бабында. Оқу-жаттығу жиындарын жақсы өткізіп жатыр. Бәрін жеңіп жатырмыз. Тайландтағы турнирде топ жарды. Мұның барлығы жақсылықтың нышаны. Әлбетте, әлем чемпионатында Бразилия, Испания сынды мықты құрамалар бар. Бірақ біздікілер де дәл қазір фавориттердің бірі.

– Биыл Еуропа чемпионатында сенсация жасап, 3-орыннан көрінген едік. Колумбияда сол ерлікті қайталауға шамамыз жете ме?

– Меніңше, жерлестеріміздің жүлдегерлер қатарынан көрінулеріне мүмкіндіктер мол. Мықты легионерлер бар, өзіміздің ойыншылар да осал емес. Шыңғыс Есенамановтың да қатарға қосылғанына қуанамын. Оның ұлттық құрамаға пайдасы көп тиеді. Өкінішке қарай, Серік Жаманқұлов пен Григорий Шамроның жарақат алып қалғаны обал болды. Ол әлем чемпионатына қатысуға лайықты және бұрынғы еңбектері арқылы мұндай додада бір минут болса да ойнауға тұрарлық еді.

– Қалай ойлайсыз, Серіктің жоқтығы ұлттық құрама үшін қатты біліне ме?

– Әлбетте, құрамада басты рөлдерді басқа жігіттер атқарады ғой. Дегенмен, Серік джокер іспеттес еді. Алаңға тыңнан қосылып, талай маңызды голдарды соғып жүргенін білеміз. Сондықтан, мұндай ойыншылар әрдайым маңызды. Оның үстіне, жоғарыда айттым ғой, өзінің ойындары мен сіңірген еңбектері арқылы Жаманқұлов әлем чемпионатында ойнауға лайық еді.

– Ұлттық құрамада төрт бразилиялық легионер. Тым көп емес пе?

– Әрине, көп. Бірақ бұған мойынсұнуымыз қажет. Өйткені, легионерлер болмаса, шыны керек, Еуропада үшінші болмас едік. Әлем чемпионатына бармас едік. Сол легионерлердің арқасында өзіміздің жігіттер дүниежүзілік доданы өз көздерімен көріп қайтатын болды. Оның үстіне, анау-мынау ойыншыларды емес, әлемді мойындата алатын легионерлерді тарттық. Жалпы, легионер тарту үрдісі бізде ғана емес, бүкіл әлемде бар тенденция. Сондықтан, оған қарсы уәж айту бүгінде артықтау. Өзіміздің мықты мектебіміз болмай, біз олардың көмегіне жүгіну беруге мәжбүрміз.  

– Бір жағынан легионерлердің қасында ойнап, өзіміздің де ойыншылардың шеберліктері өсіп жатыр ғой...

– Мен жігіттердің барлығын бұрыннан бес саусақтай білемін. Біразын өзім жаттықтырғанмын. Шынын айтқанда, бразилиялықтардың қасында жүріп шеберліктері асып кеткен, техникасы жетіліп кеткен ешқайсысы жоқ. Бұрын қалай доп тепсе, қазір солай ойнап жүр. Оның бәрі бала кезден қалыптасып қалған нәрселер. Есейгенде өзгерте алмайсың. Алайда, тактикалық ойлау қабілеттері артқан. Қазір олар ойынды басқаша түсінеді. Міне, осы жағынан да легионерлердің пайдасы тиіп тұр. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика