Вернуться к списку статей

Қожағапановтың флешмобы көпшіліктен қолдау таппады

Футбол
1K
Ерлан Қожағапановтың флешмобын халық қолдамады
Әйтеуір, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевке пас бергіш. Қожағапановтың пасына жауап болмағандықтан араға балдырған балаларды да салды. Сондай-ақ, Қайрат Нұртас, Нұржан Керменбаев сынды өнер жұлдыздарына да «пастар» жетіп жатқанымен ақылға сыймайтын бұл эстафетаны қабылдағысы келмейтіндер де жеткілікті.

Осыдан бір ай бұрын Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапановтың эстафета ретінде асырған пастары ізім-ғайым жоғалды. Доптардың барлығы қисық ұшып, адресаттарына жеткен де жоқ.

Ice Bucket Challenge. Осыдан екі жыл бұрын әлемді жаулаған осы флешмоб есіңізде шығар?! Емделмейтін ауруға көмек сұраудан пайда болған акцияға бүкіл әлемнің әйгілілері қатысып, бір айдың ішінде-ақ 100 миллион доллар жинауға жәрдем болды. Флешмобтың ережесі бойынша, эстафетаны қабылдаған адам 24 сағаттың ішінде 10 долларын сол аурумен айналысатын қауымдастықтың қорына аударып, мұзы тола шелекті үстіне құюы тиіс те, эстафетаны келесі үш адамға жолдауы қажет және суды үстіне құйып, қалай шомылғанын видеоға түсіріп, көпшілікке жариялауы қажет.

Тамыздың 3-і күні өткен Қазақстан футбол федерациясының жалпыұлттық форумында ҚФФ президенті Ерлан Қожағапанов та «таңғажайып» бір флешмобты бастады. Аты керемет енді. «Балаларға футбол сыйла» деп аталады.

– Бүгін мен бір эстафета бастағым келеді. Бұған барлықтарыңыз қатысыңыздар. Еш қиындығы жоқ. Допты бір-екі рет аяқта ұстап, тебесіз де, екі ауыз сөз айтып, үш адамға пас бересіз. Осының барлығын видеоға түсіріп, жариялауларыңыз қажет. Сізден пас алған адам 24 сағаттың ішінде дәл осылай қайталауы тиіс. Мәке, Бәке, бүгін сіздер де осы флешмобқа атсалысыңыздар. Қайреке, сіз де бразилиялық футзалшыларыңызбен бірге эстафетаға қатысыңыздар, - деген еді сол форумда Ерлан Тоқтарханұлы.
Сонда жай ғана арифметикалық есепке салар болсақ, алғашқы аптада флешмобқа кемінде екі мыңдай, жарты айда жарты Қазақстан қатысуы тиіс болған. Алайда, Қожағапановқа «жіпсіз байлаулы» он шақты жан және ерікті тағы үш-төрт адам болмаса, басқа ешкім де бұл популистік бастамаға назар да аудармады.

Ал пастар кетіп жатты. Әсіресе, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевке ҚФФ президентінің өзі бағыттады. Одан болмаған соң кішкентай балаларды «қару» ретінде пайдаланды. Популизм мен нақты істі айыра білетін Әсет Өрентайұлы бұл флешмобты жауапсыз қалдырды. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов та популизмнің қажеті жоқ

Сонымен қатар, қайраткерлер Мұрат Әбенов, Мұхтар Тінікеев, Ирак Елікеевтер де сол форумға қатысып, флешмобтың жай ғана жалған ұран екеніне көз жеткізіп қайтқандай. Әйтпесе, оларға да пас бағытталған. Бұдан бөлек, өнер жұлдыздары Сәкен Майғазиев, Қайрат Нұртас пен Нұржан Керменбаевтарға да пастар жетіп жатқанымен олар да мән берген жоқ.

Ақыры бір айдан астам уақытта флешмобқа қатысқандар саны тіпті жиырмаға да жетпей қалғандай. Ал халықты алдай алмайсың. Рас, басында бәріміз сенгішпіз. Бірақ, нақты іспен дәлелдемеген соң құр айқайдан халықтың да жүрегі айныйды.   

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика