– Құралбек аға, кешегі матчтан алған әсеріңіз қандай? Ойын алдында қырғыздардан ұтыламыз деп ойладыңыз ба?
– Жолдастық кездесу деп қарамау керек қой. Дайындықсыз бара салсаң осындай болады. Алаңда ешқандай ойын көргенім жоқ. Тактика қайда, бас қайда? Әркім өз бетінше жүгіріп жүр. Аяқтарына кір тасын байлап алғандай әрең жүгіріп жүр. Бәлкім, ел чемпионатының ойындарынан кейін шығар, шаршаңқы көрінді. Екінші таймда ойын барысы өзгеретін шығар деп едім, жігіттердің көздерінен от, жүректерінен намыс байқамадым. Қинап ойнатқызып қойғандай әсерде қалдырды. Бір жағынан футболшыларымыздың әрқайсысынан «мен мықтымын» деген менмендікті байқадым. Алаңға тыңнан қосылған футболшылар да ойынды күшейте алған жоқ.
– Қақпамызға соғылған екі гол кімнің кінәсі?
– Бірінші ретте, екеуінде де қақпашылардың кінәсі болды. Біреуін Давид Лория, екіншісін Стас Покатилов жіберіп алды ғой. Лория әлгі сәтте соққыға дайын болмай шықты. Концентрациясын жоғалтып алды. Соққының сәтін байқамады. Покатилов те сол сияқты. Қақпашы болғаннан кейін төрешінің соңғы ысқырығына дейін сенің бар ойың алаңда болуы тиіс. Бір секундқа да босаңсуға болмайды. Дегенмен, қорғаушылардың да кінәсі бар. Допты шабуылшыларға оңай қабылдатқызып қойды. Еркін тепкізіп, қарап отыруға болмайды ғой. Жалпы, қырғыздар жарады. Бәрі де ұлттық құрамасы үшін жандарын салып ойнауда. Біздің футболшылардан әлдеқайда жылдамырақ болды.
– Соңғы рет біз Қырғызстан құрамасын осыдан екі жыл бұрын 7:1 есебімен ойсырата жеңіп едік. Сонда қырғыздардың футболы күшейген бе, әлде біздің деңгейіміздің төмендегені ме?
– Қырғыздардан ұтылдық екен деп, бұдан трагедия жасауға болмайды. Дегенмен, бұл жеңіліс біз үшін үлкен сабақ болуы тиіс. Бапкерлер алқасы да, Қазақстан футбол федерациясының басшылары да ойлануы қажет. Қараңыздаршы, Қырғызстан құрамасындағы футболшылардың көбісі өз чемпионатында емес, сыртта ойнайды. Бірі Ресейдің Ұлттық лигасында, бірі Украинада, Германия, Түркия, Голландияда доп тебеді. Әлбетте, сыртта жүріп ысылған футболшылар шебер болып келеді. Легионерлері де мықты. Ал бізде ше? Жалақы көп болғаннан кейін ешкім де сыртқа шыққысы келмейді. Өз чемпионатынмызда қартаюға дайын.
– Талғат Маруанұлы мықты маман ғой. Кешегі жеңілістен дұрыс қорытынды шығарар...
– Лайым солай-ақ болсыншы. Мен де тілектеспін. Дегенмен, кеше Байсуфиновтен ондайды күтпеп едім. Бірінші тайм аяқталған соң киім ауыстыру бөлмесіне барып, футболшыларды екінші таймға дайындаудың орнына төрешілермен дауласып жүр. Айтыңызшы енді, бас бапкерге жарасатын қылық па? Төреші өз шешімін бәрібір өзгертпейді. Одан да футболшыларға бар да, қалай ойнау керектігін үйрет. Дауласқаннан береке тапқан адамды көргенім жоқ.
– Енді 4 қыркүйек күні «Астана-Аренада» Польшаны қабылдаймыз. Бұл ойыннан не күтесіз?
– Кешегі жеңіліс дәл уақытында орын алды. Әдетте мұндай сәтсіздіктен кейін футболшылардың жүректерінде титімдей болса да намыс бар болса, келесі кездесуінде жанын салуға тырысып жатады. Польша мықты құрама ғой. Құрамы «сен тұр, мен атайын» деген футболшылардан құралған. Бірі Германия Бундес-лигасында, екіншісі Англия Премьер-лигасында, үшіншісі Францияда ойнайды. Бізге Польшаны жеңу міндетті емес. Қалайда ұтуың керек деп ешкім де талап етпейді. Тек намысқа тырысып, кешегі жеңілістен дұрыс сабақ алып, Польшаға лайықты қарсылық көрсетуіміз керек. Ойыннан кейін жерге қарамайтындай болуымыз қажет. Ұлттық құрамадан осыны сұраймын.