– Біз бұған дейін де айтқанбыз. Жауапкершіліктен қашпаймыз. Жігіттердің барлығына жақсылап түсіндіргендей болдық. Біраз ойыншыларды тексердік. Қалай жұмыс істеу керектігімізді көрдік. Нәтижені білесіздер, ойынды көрдіңіздер, енді елге келіп, бәрін жақсылап жіліктеп, саралауымыз қажет. Алғашқы әсеріммен бөлісер болсам, бірінші таймда доп тым баяу жүрді. Еш қорықпастан шабуылға атойлауды сұрағанымызбен қорғаныстан алғы шепке алғашқы пас дұрыс асырылмай жатты. Доп алғы шепке асырылған сәтте-ақ гол соғатын мүмкіндіктеріміз де болды.
Иә, алғашқы 13-15 минутта алаң иелері қарқынды болатынын білдік, күттік. Бұған төтеп бердік. Бірақ қорғаныста сауатты ойнағанымызбен шабуылда дұрыс ойнай алған жоқпыз. Мүмкіндіктерімізді мүлт жіберіп жаттық.
Ал бірінші таймның соңында допқа бірінші жетуі тиіс болған ойыншыларымыз соңына дейін жүгірмеді. Допты қабылдаған ойыншыны жаппады. Қарсыластың қақпаға қақырата тебуіне мүмкіндік беріп қойдық.
Үзіліс кезінде футболшыларға қалай ойнау қажеттігін түсіндірдік. Сәйкесінше, доп та жылдам «жүгіре» бастады. Алғы шепке доп тез жетіп жатты. Бірақ, сонда да шабуылды соңына дейін жеткізбей жаттық. Тек қапталмен ғана емес, орта шеппен де шабуылдауды сұрадық. Мүмкіндігінше алыстан допты қақпаға тебулерін талап еттік. Өйткені, қапталмен шабуыл ұйымдастыруды үйреніп қойдық. Дегенмен, алыс және орта қашықтан қақпаға допты қақырата тебетін ешкім болмады.
Жалпы, әлі жұмыс көп, бас қатыратын нәрсе де жетерлік. Енді елге келіп, Польша құрамасына тыңғылықты дайындалатын боламыз.