Вернуться к списку статей

“Қайрат” “Ақтөбеден” үшінші рет үстем түсті

Футбол
1K
Қазақстан премьер-лигасында ХХІV турында «Қайрат» Алатау бөктерінде «Ақтөбені» қабылдап, 3:1 есебімен басым түсті.

«Ақтөбе» бұл ойында алаңға ерекше құлшыныспен шықты. Ел біріншілігінің бірінші кезеңіндегі екі матчта да ірі есеппен ұтылып қалғандарын ұмытпаған сияқты. Бірінші айналымда 0:3 есебімен, ал екінші айналымдағы өз алаңында өткен ойында 2:6 есебімен ойсырай ұтылған болатын.

Содан болар, бүгінгі матчта бар күш-жігерлерін салды. Бірінші таймда «Қайраттың» шабуылдарына төтеп беріп, өз қақпасына доп жіберген жоқ. Тіпті алаң иелері қорғаушысының қателескенін пайдаланып, гол да соқты.

Алексей Щеткин өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Алаң иелерінің қақпашысы Владимир Плотниковтен айласын асырды. Алайда бұл гол «Қайрат» футболшыларының одан әрі «қамшылай» түскендей болды.

Екінші тайм басталған бетте «Қайрат» атойлап алға шапты. «Ақтөбе» қақпасының алдын ойран-топыр қылды. Қақпаға бірнеше рет бағытталған теңбіл доп асып-сасқан қорғаушылардың бірінің қолына тиді. Пенальти!

Мұндайды Бауыржан Исламхан бос жібере қойсын ба? Шірене теуіп, қақпа торын жырта жаздады. Таразы басы теңесті. Бұл гол «Қайрат» ойыншыларын қанаттандырып, ақтөбеліктердің аптығын су сепкендей басты деуге болады.

Көп ұзамай теңбіл доп «Ақтөбенің» қақпасында екінші доп тулап жатты. Бұл жолы осы матчта ерекше көзге түскен Ғафуржан Сүйімбаевтің пәрменді соққысына қорғаушылар да, Самат Отарбаев та, үлгере алмай, қапы қалды.

«Қайрат» алға шықса да, айылын жимады, тізгінін тартпады. Доп ойынға бұрыштан қосылып, алматылықтар қонақтарының қақпасына шүйілді. Тағы да «Ақтөбе» қақпасының алды – үйме-жүйме. Қорғаушылар шамаларының жеткенінше тосқауыл болуға тырысуда. Мұның соңы Гоудың қақпаны дәл көздеуімен аяқталды.

Матч соңында ғана «Ақтөбенің» қарсы шабуылдар ұйымдастыруға мұршасы келді. Бірақ олар қанша тырысса да, есепті қысқарта алмады. Әйтсе де олар бүгін ірі есеппен ұтылған жоқ. Бәлкім, төртінші рет кездескенде, «Қайраттың» құйындай ұйытқыған шабуылдарына төтеп берер...

«Қайрат» – «Ақтөбе» – 3:1

Голдар: Щеткин, 30 (0:1). Исламхан, 49-пенальтиден (1:1). Сүйімбаев, 62 (1:2). Гоу, 66 (1:3).

«Қайрат»: Плотников, Лунин, Ампоста, Маркович, Сүйімбаев, Тимощук, Қуат, Исаэль, Аршавин (Тавамба, 46), Исламхан (Тұрысбек, 87), Гоу, (Асеведо, 70).

«Ақтөбе»: Отарбаев, Қайыров, Сорокин, Куаджа, Ситдиков, Митошевич (Шестаков, 56), Цвейба, Кәкімов (Жалмұқан, 68), Бойчук (Давлатов, 58), Бочаров, Щеткин.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика