Вернуться к списку статей

Қазақстан футзалшылары Азияның 11 дүркін чемпионымен тең түсті

Футбол
2K
Қазақстан – Иран – 3:3. Фото: afrk.kz
Бүгін Таиланд астанасы Бангкокта футзалдан халықаралық турнир басталып, Қазақстан ұлттық құрамасы алғашқы матчын өткізді.

Күзде Колумбияда өтетін ХІІІ әлем чемпионаты қарсаңындағы дайындығын пысықтау мақсатында Таиландтағы турнирге барған Қазақстан құрамасы бүгін Иран футзалшыларымен кездесті.

Иран құрамасы – осал команда емес, Азияның 11 дүркін чемпионы. Олар да 10 қыркүйектен 1 қазанға дейін Колумбияда өтетін әлем чемпионатына қатысады. Тек басқа топта бақ сынайды. Яғни олар да бүкіләлемдік біріншілік қарсаңында ойын өрнектерін жетілдіре түсуді мақсат тұтып отыр.

Қазақстан – Иран кездесуі біздің құрама үшін тәп-тәуір басталды. Ойын басталған бетте Дуглас гол соғып, қарсыластарымызды сең соққандай күйге түсірді. Көп ұзамай Лео есепті еселей түсті.

Алайда осыдан кейін қорғаныста ойнаған ойыншыларымыз бен қақпашымыз қателесіп, Иран құрамасы әуелі есепті қысқартып, одан кейін таразы басын теңестірді. Екі қателік – екі гол...

Негізі, бірінші кезеңде біздің құрамаға қайтадан алға шығатын мүмкіндік болған. Бірақ Серік Жаманқұлов екі метр жерден қақпаны дәл көздей алмады.

Екінші таймның басында Иран құрамасы алға шықты. Бірақ Дуглас бірден есепті теңестіріп, Азияның үздік командасының аптығын басты. Бұдан кейін біздің құрама ширақ қимылдап, шабуылдаумен болды.

Біздің футзалшыларымыздың гол соғатын бірнеше мүмкіндіктері де болды. Алайда Лео да, Дәурен Нұрғожин де Иран қақпашысынан айлаларын асыра алмады. Матч осылай тең аяқталды.

Әрине, жазғы үзілістен кейін Қазақстан құрамасының ойыншылары спорттық баптарына әлі келе қоймаған да болар. Әрі бұл додаға біздің құрамы ойын өрнектерін жетілдіре түсу мақсатында қатысып жатыр. Жауапты сында жігіттеріміздің жұдырықтай жұмылып, жанкештілік таныта білетіндері бәрімізге аян. Сондықтан Азияның маңдай алды командасымен тең түсу, тым төмен нәтиже емес сияқты.

Ертең біздің құрама Жапония футзалшыларымен кездеседі. Жапондар бүгін кешке турнир қожайындары Таиланд құрамасымен кездеседі.

Иран – Қазақстан – 3:3

Голдар: Дуглас, 1 (0:1). Лео, 10 (0:2). Руизбахани, 13 (1:2). Алижадр, 17 (2:2). Явид, 25 (2:3). Дуглас, 26 (3:3).

Иран: Самими, Мохаммади – Руизбахани, Гезелижех, Сангсефди, Бахадори, Бармшури, Алижадр, Тахери (к), Эсмаелипур, Яфари, Явид.

Қазақстан: Игита, Шамро – Лео, Нұрғожин, Дуглас, Эвертон, Жаманқұлов, Сүлейменов (к), Довгань, Кнауб, Гребонос, Пенгрин, Першин, Таку.

Төрешілер: Тонгхам, Грирод (екеуі де – Таиланд).

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика