Вернуться к списку статей

Қожағапановтың "В" жоспары Премьер-лига клубтарының түбіне жетпей ме?

Футбол
1K
Қожағапановтың
Дәл қазір Шымкентте Қазақстан футбол федерациясы өзінің Конференциясын өткізіп жатыр. Жиынға «Қайрат» футбол клубының бас директоры Мәлік Көшалиевті кіргізбей қойыпты деген алғашқы ақпараттарды да естіп жатырмыз. Айтпағымыз, бірақ, бұл емес. ҚФФ президенті Ерлан Қожағапанов осы Конференцияда «Футбол жолы – 2026» стратегиясын бекітіп, өзінің «В» жоспарын көпшілікке таныстырмақ. Сонымен, Қожағапановтың «В» жоспары дегеніміз не? Отандық футболға қалай әсер етеді?

Ел спортына бөлінетін бюджеттің 20 пайызын балалар-жасөспірімдер футболына жырып беруді жырлап жүрген ҚФФ президентінің бұл бастамасын халық қалаулылары, яғни депутаттар қолдамайтын болса, Қожағапановтың «В» жоспары дайын екендігін бұған дейін жазғанбыз. Бүгін Ерлан Тоқтарханұлы Конференция барысында аймақтық футбол федерациялардың басшылары мен клуб директорларына өзінің «В» жоспарының қаншалықты кемеңгер екендігін дәлелдеуге тырысады.

Ол былай: Егер спортқа бөлінген бюджеттің 20 пайызы балалар футболына жұмсау мәселесі ҚР Парламентінің депутаттары тарапынан қолдау таппаса, Ерлан Тоқтарханұлы клубтарға ауыртпалық салмақ. Яғни, Премьер-лигаға қатысу үшін клубтар Кәсіпқой футбол лигасына 35 миллион теңге жарна құюлары тиіс. Бірінші лига клубтары үшін бұл жарна 13 миллионды құрайды. Енді ҚФФ президентінің айтуынша, клубтар додаға түсулері үшін жарнадан бөлек, өз бюджеттерінің 20 пайызының балалар футболына аударылғанын талап ететін болады. Тек «аударылды» деген түбіртекті көрсеткен жағдайда ғана клубтар чемпионатқа жіберілмек.

Иә, бәрі дұрыс. Балалар футболының дамығанын біз де қалаймыз. Бұл мәселемен клубтардың да тікелей айналысқанын жөн санаймыз. Алайда,  Премьер-лига клубтарының еншісінде онсыз да футбол орталықтары бар екенін де естен шығармаған жөн. Ал келесі жылдан бастап ерікті түрде, 2018 жылдан бастап міндетті түрде Премьер-лига клубтарының құрылымында футзал және әйелдер футбол командасы болуы қажет. Мұны Ерлан Тоқтарханұлы естен шығара қоймаған шығар. Ұмытқан болса, тағы есіне салып қойғанымыз артық болмас. Бұл туралы талап ҚФФ Атқару комитетінің биыл 12 сәуірде өткен мәжілісінде бекітілген.

Жалпы, "Ақжайықтан" "Барселона" жасау, "Шахтерден" "Порту" шығару мәселесі өте орынды. Көктемде өткен сол мәжілістің қорытындысын көптеген мамандар қолдаған. Осылайша үлкен футболды ғана емес, футзалды да, әйелдер футболын да дамытамыз.

Дегенмен, онсыз да өз күндерін әзер кешіп жүрген кейбір клубтардың келесі жылы «өті жарылып» кетпей ме? Жарайды, ақшадан қысылып көрмеген «Астана», «Қайрат» сынды клубтар үшін бұл ауыртпалық түк емес дейік. Футзал командасын да қарық қылып, әйелдер командасын да риза қылып, балалар футболына да бюджетінен оп-оңай 20 пайыз бөле салуға шамалары жетеді. Ал үнемі қаржыдан қағажу көріп, әр тиынын санап қалған «Ақжайық», «Шахтер» сынды клубтар қайтпек. Мәселен, маусым басында оралдық клубтың биылғы бюджеті бір миллиард теңгеге әзер жететіні туралы ақпараттар аз тараған жоқ. Енді сол миллиардтың 200 миллионын балалар футболына бөлсе, қыздарға қысып, жырып, 50 миллион бөлсе, футзалға әр тиынның басын құрап, 100 миллион санап берсе, үлкен футболға қалған 650 миллион теңгемен қайда шабады? Маусымның ортасында-ақ «желі шығып» кетпей ме?

Сондықтан, осының барлығын есептеген Премьер-лига клубтарының басшылары Қожағапановтың «В» жоспарын қаншалықты құптар екен? 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика