Вернуться к списку статей

Қожағапановтың "В" жоспары

Футбол
2K
Ерлан Қожағапановтың
Бұл мәселе Қазақстан Республикасының Парламентінде қазан айында қарастырылуы тиіс екен. Дегенмен, депутаттар қолдамаған жағдайда ҚФФ президентінің «В» жоспары бар болып шықты.

Тамыздың 18-і күні елордамыздың «Астана-Арена» стадионында Еуропа лигасының плей-офф кезеңі аясында ел чемпионы «Астана» Беларустьтің БАТЭ командасын қабылдайды. Ал дәл осы күні Шымкентте Қазақстан футбол федерациясының қорытынды конференциясы өтіп, ҚФФ президенті Ерлан Қожағапанов көпшілікке өзінің «В» жоспарын таныстырмақ.

Таяуда Астанада аймақтық футбол федерациялары өкілдерінің қатысуымен селекторлық мәжіліс өткен. Сол жиында Ерлан Тоқтарханұлы ел спортына бөлінген бюджеттің 20 пайызын балалар футболына жырып беру мәселесіне тағы бір рет тоқталды. Соған байланысты әр өңірлерде қол жинау процесстері қызу жүріп жатқан да көрінеді. Тіпті, өз отбасының мүшелерін де бұл іске жұмылдырып, жанұясы атынан 250 қол жинапты. Аймақтық федерация өкілдеріне белсенді болу қажеттігін қадап айтқан ҚФФ Президенті өңірлердің өнер жұлдыздарын да пайдалануды сұрады. Жалпы, оның межесі бойынша барлығы шамамен барлығы 700 мыңға жуық қол жиналуы тиіс.

Әлбетте, балалар футболының дамығаны жақсы ғой. Оған назар аударып, бар ынтасымен кірісіп кеткен Ерлан Тоқтарханұлының ниеті де дұрыс. Бірақ аймақтардағы спортқа бөлінетін жалпы бюджеттің 20 пайызын балалар футболына аударар болса, спорттың басқа түрлеріне қаржыдан қағажу көріп қалмай ма? Мәселен, аймақтың спортқа бөлінетін жалпы бюджеті Х миллиард теңге делік. Қалыптасқан жағдай бойынша оның 50-70 пайызы сол өңірдің кәсіпқой футбол клубын қаржыландыру үшін жұмсалады. Тағы 20 пайызын балалар футболына жырып берер болса, спорттың басқа түрлеріне не қалады? Ар жағындағы 10-30 пайызға қалай күн көрмек? Бұл дегеніміз, МБЖСМОР қызметкерлерінің саны қысқарып, айлықтары азаяды деген сөз емес пе? Үйірмелер жабылып, бокс, күрес, ауыр атлетика, суда жүзу сынды спорт түрлеріндегі болашақ чемпиондарымыз далада қалады дегенді білдірмей ме? Егер спортқа бөлінген жалпы бюджеттен тыс тағы 20 пайыз болса, онда бұл бастаманы ел спортының жанашылары бір ауыздан құптар еді.

Қайта сол селекторлық жиында Сыр өңірінің атынан Садық Мұстафаевтің қатысқаны қандай жақсы болған. Өзі Қызылорда облыстық футбол федерациясының президенті ғана емес, облыс спортының басшысы болып табылатын Садық Шоңмұрынұлы бұл мәселенің кемшін тұстарын мысалдап тұрып жеткізгендей болды.

– Ереке, Қызылорда спортының жылдық бюджеті 3,5 миллиард теңгені құрайды. Келесі жылы «Қайсар» құдай қалап, Премьер-лигаға шығып жатса, клубтың бюджетін 1,3 – 2 миллиард теңгеге жеткізуді көздеп отырмыз. 20 пайызы балалар футболына дейсіз. Сонда 700 миллион теңгені сонда аударсақ, басқа спорт түрлерін қалай бағамыз? Яғни, мен облыстық спорт басшысы ретінде спорт мектептердегі жаттықтырушылар мен қызметкерлердің айлықтарын қысқартып, кейбірін жұмыстан шығаруым керек болады ғой, - деді Мұстафаев. «Ендеше, Сәке, сіздер үшін 10 пайыз болсын», - деп қалжыңын қосып қалды Қожағапанов.

Жалпы, бұл мәселе Қазақстан Республикасының Парламентінде қазан айында қарастырылуы тиіс екен. Дегенмен, депутаттар қолдамаған жағдайда ҚФФ президентінің «В» жоспары бар болып шықты. Егер спортқа бөлінген бюджеттің 20 пайызы балалар футболына жұмсау мәселесі қолдау таппаса, Ерлан Тоқтарханұлы клубтарға ауыртпалық салмақ. Қандай жолмен дейсіз ғой. Селекторлық жиында ол жайына да тоқталған.

Премьер-лигаға қатысу үшін клубтар Кәсіпқой футбол лигасына 35 миллион теңге жарна құюлары тиіс. Бірінші лига клубтары үшін бұл жарна 13 миллионды құрайды. Енді ҚФФ президентінің айтуынша, клубтар додаға түсулері үшін жарнадан бөлек, өз бюджеттерінің 20 пайызының балалар футболына аударылғанын талап ететін болады. Тек «аударылды» деген түбіртекті көрсеткен жағдайда ғана клубтар чемпионатқа жіберілмек.

Қызық... Қарап тұрсаңыз, қазір Премьер-лигадағы әр клубтың онсыз да балаларды тәрбиелейтін футбол орталықтары бар. Командалар онсыз да сол футбол орталықтары үшін инфрақұрылымнан басқа бар жағдайды жасап жатыр. Жаттықтырушылардың жалақылары да аймақтар үшін жаман емес. Яғни, клубтар онсыз да өз бюджеттерінің белгілі бір мөлшерін балалар футболына құйып жатыр емес пе?

Қалай десек те, 18 тамыз күні Шымкентте Ерлан Тоқтарханұлы өз ойының дұрыс екендігін ҚФФ-тың Қорытынды мәжілісінде дәлелдеуге тырысатын болады.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика