Нақты айтсақ, 2017 жылғы қысқы Универсиада ойындарына арналып салынған 12 мыңдық Мұз сарайы болашақта футзалдан «Қайрат» және Қазақстан ұлттық құрамасының ойын алаңына айналады.
Мұз сарайында бассейн және сырғанау алаңы, әкімшілік ғимаратының құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып қойды. Нысанның негізгі бөлігі 2016 жылдың мамырында дайын болған. Айта кетерлігі, 12 мыңдық Мұз аренасы Қазақстанда ғана емес, Орталық Азиядағы ең ірі көпсалалы спорт кешені.
Мұз сарайында 12 мыңға арналған үлкен арена және 475 көрерменге арналған кіші арена салынған. Бүкіләлемдік 28-ші қысқы Универсиаданың ашылу және жабылу салтанаты негізгі айдында өтеді. Сонымен қатар, мұнда мәнерлеп сырғанаудан жарыс ұйымдастырылады. Ал кіші аренада спортшылар керлинг спорты бойынша бақ сынайды. Оған қоса, ғимараттың ішінде бокс залы, күрес залы, үстел теннисі, хореография, акробатика, екі жаттығу залы және медициналық оңалту орталығы болады.
Нысандарда мұз айдынының төсенішін ауыстырып, волейбол, баскетбол, шағын футбол және тағы басқа спорт түрлерінен бәсекелер өткізуге болады. Бұл нысанда болашақта футзалдан «Қайрат» және волейболдан «Алматы» командаларының ойындары өткізілмек.
Айта кетейік, бүгінде Алматының «Қайрат» футзал командасы өз алаңындағы ойындарын әр жерде өткізіп жүр. Ел біріншілігін Бағанашылдағы «Зенит» пен Орталық саябақтағы «Қайрат» спорт кешендерінде қабылдаса, халықаралық додаларды Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткізетін. Шыны керек, УЕФА кубогын топ жарып жүрген командамыздың өз алаңының жоқтығы көптен бері айтылып жүрді. Енді жаңа нысанның арқасында бұл олқылықтын орны жойылмақ. Бұдан бөлек, соңғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері Қазақстан құрамасы да өз ойындарын осы сарайды өткізбек. Футзалдан 2018 жылғы студенттер арасындағы әлем чемпионаты да осы сарайда ұйымдастырылады деп жоспарлануда.
Әзірге мұз сарайы деген бейресми атауға ие бұл спорт кешенінің ресми ашылу салтанаты осы айдың соңында өтеді деп күтілуде.