Вернуться к списку статей

“Басы бос” екен деп қорғаушыларды жинай беру керек пе?!

Футбол
2K
«Астана» футбол клубы құрамына тағы бір қорғаушы алды. Ол – неміс жерінде өскен Қазақстан құрамасының ойыншысы Константин Энгель.

Германияда жүрген Энгельдің елорда клубына келетіндігін осыдан бірер күн бұрын шетелдік басылымдар жазған. Бүгін «Астана» футбол клубының ресми сайты аталған қорғаушымен келісім шартқа отырғандарын ресми түрде жариялады. Әрі 22-нөмірлі жейдемен ойнайтындығын да мәлімдеді.

Негізі, Константин Энгель Қарағандыда туған. Бірақ сәби кезінде ата-анасы Германияға көшіп кеткен. Доп тебуді сол жақтан үйренді. Екінші бундеслигадағы «Виктория-08», «Оснабрюк», «Энерги», «Ингольштад-04» клубтарының сапында ойнады.

Соңғысымен 2-бундеслигада жеңімпаз атанып, Германияның ең жоғарғы тобына шықты. Алайда жарақаты жар бермей, негізгі құрамдағы орнынан айырылып қалды. Сөйтіп маусым соңында еркін агент мәртебесіне ие болды.

Энгель Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 11 ойын өткізді. Бұл дегеніңіз, 28 жастағы Константин ел чемпионатында легионер болып саналмайды. «Астана» клубын қызықтырғаны да осы болар.

Бір қызығы, «Астана» клубында қорғаушы – көп. Қорғаушылары арасындағы бәсекелестік өзге клубтарымыз қызығарлықтай. Осы шептегі ойыншыларының көптігі сол, Шайыхов пен Гурманды басқа клубтарға жіберіп, тәжірибелі Постниковті үйіне “қайтарды”.

Білеміз, УЕФА-ның талабы бойынша, «Астана» қазір бірде-бір ойыншы сатып ала алмайды. Тек “бастары бос”, еркін агентермен ғана келіссөздер жүргізіп, құрамын солармен нығайта алады...

Әйтсе де, “басы бос” екен деп, құрамына командасыз жүрген қорғаушыларды жинай беруі керек пе? Неге басқа шептегі футболшыларды қарастырмайды? Сонда ойынды кім үйлестіреді, шабуылды кім ұйымдастырады, голды кім соғады?!

Легионер ретінде Евгений Постниковтің орнына келген Игорь Шитовті «Астананың» 44-нөмірлі қорғаушысынна асып түсті деп айта алмаймыз, әзірше. Тіпті, керісінше сияқты. Глазгодағысы – анау...

Ойынның соңғы секундтарында Мусса Дембелені шалып жығып, алаңнан қуылды. Пенальти берілді, команда ұтылды, тағы бірнеше ойыншы ескерту алды, тіпті Шомко да алаңнан аластатылды...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика