Не туралы жиын? Нені көздеді? Флешмоб ұйымдастырудан басқа қандай шешімге келді? Сол күйі түсіне алмай кеттік. Елордамыздың «Рэдисон» қонақүйінің мәжіліс залында өткен Қазақстан футбол федерациясының Жалпыұлттық футбол форумы жайлы айтып отырмыз.
Хан сарайындай залдағы алқақотан отырысынан көп нәрсе күттік. Шыны керек, дайындығы да керемет болғанын есіктен кіре сала байқадық. Қонақтар арасынан ел футболының біршама игі жақсылары да жиналыпты. Ғаламтор арқылы тікелей көрсетілім ұйымдастырылып, танымдық слайдтар жасалған екен.
Сөз кезегін бірінші болып алған Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов та өз баяндамасын мәнді бастады. Оның керемет оратор екенін барша жанкүйер жақсы білеміз ғой. Бүгін оның нағыз көсілген күні болды. Исландия футболын мысалға ала отырып, Қазақстан аяқдобын қалай дамыту қажеттігі жайлы да айтты. Балалар футболынан бастап, инфрақұрылым жайлы да сөз қозғады.
Ал одан кейін Қазақстан Республикасының Парламентіне үндеу жолдап, ассистенттердің көмегімен форумға жиналғандардың қолдарын жинай бастады. Балалар футболын және инфрақұрылымды дамытуға байланысты Үндеу болғандықтан оған кім қарсы шықсын?! Бірақ, қол қойғандары да болды, қоймағандары да біршама. Қазақ футболының қаскөйі болғандықтан емес, дамыту жолдарымен келіспегендіктен, форумның мәнін түсінбегендіктен қол қоймаған шығар.
– Мырзалар, балалар футболын және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған Үндеуге қол қойып, Қазақстан Республикасы билігінің Парламентіне жолдауға кім келіседі? Қол көтерейік, - деп 15 секунд өтер-өтпестен «Үндеу бірауыздан қабылданды» дегенін қалай түсінеміз? Залда 250-ге жуық адам отыр. Көтерілген қолдардың барлығын қалай көзді ашып-жұмғанша санап үлгерді?
Жалпы, жиында микрофон ұстағысы келгеннің бәріне сөз берілгені ұнады. Әу бастан-ақ солай жарияланған. Алайда неліктен сарай әртістері сынды сайрағандар соңына дейін сөйлеп, жағымсыз пікір айтқан кейбір спикерлердің үндеулері бөлініп тастай берілгендігін ұқпадық.
Жоқ, ҚФФ президентінің айтып тұрған нәрселері дұрыс, күн тәртібіндегі мәселелер. Бірақ, өзі айтпақшы Лига кеңесіндегі тәсілдерді мұнда қолданудың не қажеті бар еді?
Неде болса Мәке, Сәке, Бәке мәнерінде өткен бұл форумның жалғасын әлі де күтетін боламыз.