«Футболдағы ғұмырымды «Ақтөбеде» аяқтағым келеді», - дейтін өзінің әрбір сұхбатында Самат Смақов. Дегенмен, оның бұл арманы орындалмайтын секілді. Смақов «Ақтөбеден» кетіп барады. Турасын айтқанда, кетуге мәжбүр. «Ақтөбе» – «Ордабасы» кездесуінің ертеңінде өзінің «туиттердегі» жеке парақшасына «цирк» (circus) деген бірауыз жазба қалдырған Самат өзінің командасынан біржола көңілі қалған секілді.
Кейбір расталмаған ақпараттарға сенсек, жарақатынан айыққан Смақовты «Ақтөбенің» бапкерлер алқасы «Ордабасымен» болатын ойынға хаттамаға енгізбеген. Матчтан кейін киім ауыстыратын бөлмеге кірген капитан «бұл не масқара? Не цирк?» деп айқайлаған деседі.
Дегенмен, клубтың ресми сайты Смақовтың командадан кеткенін әлі ресми түрде мәлімдеген жоқ. Футболшы да бұл жайында үнсіз. Тек, «әзірге ешнәрсе айта алмаймын. Бірер күннен соң хабарласыңыздар, бәрі анықталғанда жуап берермін. Өзім Семейде жүрмін», - деп жауап беріпті.
Бүгінде «Ақтөбе» ФК директоры Дмитрий Васильевтің жағымпаздары мен «фейктік піртұтарлары» әлеуметтік желілер арқылы Самат Смақовқа шабуылды бастап та кетті. Оны командадан кеткені үшін жазғырып жатқандар да аз емес. Естеріңізде ме, дәл осындай тактикамен кезінде клуб басшылығы жергілікті футбол түлегі Юрий Логвиненконы жанкүйерлерге жеккөрінішті қылған еді ғой. Кейін өз қателіктерін түсініп, бармақтарын тістеді. Сол жағдайдан сабақ алған жанкүйерлер енді «Ақтөбе» үшін әрдайым адал болған капитанын өзекке теппес.
Ал әзірге Дмитрий Васильевтің жоспарлары жүзеге асып жатыр. Өзіне ыңғайсыз Юрий Логвиненконы алып тастағаннан кейін өзіне жарнама жасау үшін ғана шақырған Самат Смақовты да командадан құртып тынды.
Айта кетейік, 37 жасар Самат Смақов «Ақтөбе» сапында 183 ойын өткізіп, 35 гол соққан. «Ақтөбемен» бірге үш рет ел чемпионы атанып, үш рет еліміздің үздік ойыншысы атанған. Қазақстан кубогын да жеңіп алып, екі рет еліміздің Суперкубогын иемденген.
Биыл Самат «Ақтөбе» сапында 11 маусым күні «Тобылмен» өткен ойыннан кейін алаңға шыққан жоқ. Сол кездесуде капитан 15 минутта жарақат алып қалып, өз орнын ивуарлық легионер Куасси Куаджаға босатқан болатын.