– Брендан, ойыннан кейінгі көңіл-күйіңіз қалай?
– Біз үшін бұл өте жақсы нәтиже. Матчтың алғашқы минуттарында қақпамызға гол жіберіп алғанымызға қарамастан жігіттер еңселерін түсірген жоқ. Шабуылда бақыт іздеп, екінші таймда фантастикалық гол соқтық. Таблодағы көрсеткішке көңілім толады.
– Матч туралы не айтасыз? Алаң иелері туралы ойыңыз қалай?
– "Астана" – өте мықты команда екен. Бұған біз өз көзімізбен көз жеткіздік. Оларда қазір ел чемпионаты қызып тұр. Әрдайым тонуста жүреді. Бірақ, соған қарамастан біздің жігіттер жарады. Маған әсіресе өз командамнан Патрик Робертстің ойыны ұнады. 18 жасар қорғаушымыз өзіне сенімді ойнап, шабуылға да тамаша қосылып жатты. Жалпы, ұжым ретінде де біз мықтырақ болдық.
– Қақпаңызға гол жіберіп алғаннан кейін қандай сезімде болдыңыз?
– Әлбете, біреу үстіме мұздай су құйып жібергендей болды. Бірақ өз командама сенімді болдым. Егер осы қарқынымыздан таймасақ, жауап голын соғатынымызға сенімді едім. Біздің құрамда бәрі жастар. Көбінің жасы 18-19-да. Соған қарамастан Чемпиондар лигасының деңгейі үшін жақсы ойнады.
– Стадион алаңының сапасы қалай екен?
– Алаңның қолайсыздығына қарамастан бүгін біз фантастикалық ойынның куәсі болдық. Әлбетте, табиғи шөпке қарағанда жасанды алаңда ойын баяуырақ болады. Дегенмен, "Астана" бүгін жылдам болды. Ойыншылары қолды-аяққа тұрмайды екен. Стадионның атмосферасы да керемет. Жанкүйерлер матчтың басынан соңына дейін өз командасын қолдап отырды. Маған ұнады.
– Ойыннан кейін "Астана" туралы қандай пікірде қалдыңыз?
– "Астананың" шабуылдары вертикальді өрбиді екен. Мен бұл команда туралы ойынға дейін де біраз зерттегенмін. Мықтылығын сол кезде-ақ білген едім. Бүгін көз жеткіздім.
– Бүгін "Селтикке" сәттілік жолдас болған сияқты, Келісесіз бе?
– Келісемін. Егер бұдан әрі де бізге сәттілік жолдас бола берсе, алысқа барамыз және әрдайым күліп жүреміз. Сіздерге де сәттілік.