Вернуться к списку статей

Брендан Роджерс – Ертең біз 3-5-2 тактикасымен алаңға шығамыз

Футбол
1K
Брендан Роджерс –
«Астана» – «Селтик» кездесуінің қарсаңында шотландиялық команданың бас бапкері Брендан Роджерс журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізіп, алдағы матч туралы өз ойымен бөлісті.

– Ертеңгі ойын жанкүйерлер үшін өте қызықты болады деп ойлаймын. «Астана» да өз алаңында қалай да жеңіске жетуге тырысатын болады. Ал мен өз командама сенемін, - деді Брендан Роджерс.

– «Астана-Арена» стадионының жасанды алаңы «Селтиктің» ойынына қалай әсер етеді?

– Иә, біздің ойыншылар мұндай алаңда ойнап үйренбеген. Бізде алаң табиғи шөптен ғой. «Астана-Аренаның» алаңы ойын жылдамдығына әсер етеді деп ойлаймын. Доп баяу сырғуы мүмкін. Өзім алаңды тек сырттан көрдім. Тексерген жоқпын. Бірақ, бұрын осында ойнаған футболшылардың айтуынша, еш проблема туындамауы тиіс.

– Коло Туре Қазақстанға келмепті. Ол жауапты ойынға дайын бола ма?

– Коло Туре командаға енді ғана қосылды. Физикалық тұрғыда ертеңгі ойынға дайын болмағандықтан Глазгода қалып қойды. Дегенмен, егер жаттығуы дұрыс болып, келесі аптаға дейін бабына келіп үлгерсе, жауапты ойында алаңға шығуы мүмкін.

– Осыдан үш жыл бұрын «Селтик» осы алаңда Қарағандының «Шахтерінен» 0:2 есебімен ұтылған еді. Футболшылар сол матч жайлы еске ала ма?

– Сол кезде ойнаған футболшылардың бірді-екеуі ғана командада қалды. Солар еске алып отырады. Астанаға қайта оралғандарына қуанышты. Дегенмен, ертеңгі ойынмен үш бұрынғы кездесуді мүлдем салыстыруға болмайды. Ертең екі командада басқаша ойнайтын болады.

– «Астана» өткен маусымда да, осы маусымда да Чемпиондар лигасында өз алаңында әлі жеңіліп көрген жоқ. Егер кездесуде тең есеп тіркелер болса, бұл командаңызды қанағаттандыра ма?

– «Астананың» ойыншылары өте мықты. Әркім өз қапталында жақсы ойнайды. Сондай-ақ, жанкүйерлерінің қолдауы бар. Ойын оңай болмайды. Егер нәтижелі тең ойын болса, онда біз үшін тіптен жақсы. Бірақ біз алаңға тек жеңіс үшін шығамыз.

– Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінің аясындағы жауапты матчта «Селтик» Гибралтардың «Линкольн» командасын 3-5-2 жүйесін қолдана отырып, 3:0 есебімен оңай жеңген еді. Ертең де осы тактиканы пайдаланасыздар ма?

– Иә, біз ертең де негізінен шабуылға көңіл бөле отырып, 3-5-2 тактикасын ұстанатын боламыз.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика