Кеңес Одағы дәуірінде қазақтың да доп тебе алатындығын дәлелдеген, өзгелерді өз шеберліктеріне тәнті қылған тұлғалар. Бірі топсасы берік қақпашы, бірі тасқамал қорғаушы, енді бірі тізгін тартпайтын бесаспап шабуылшы болды. Ең бастысы, үшеуі де Қазақстан жанкүйерлерінің сүйіспеншілігіне бөленіп, есімдері ұмытылмастай болып, ел есінде жатталып қалды.
Өкінішке қарай, содан бері қазақ футболының көгінде маздап жанған жаңа жұлдыз көзімізге ілігер емес. Осы үш шоқ жұлдыздың ішінде жасыл алаңдағы карьерасын ең соңғы болып аяқтаған – Құралбек Ордабаев. Ендеше, 1983 жылдан бері аталған үш үздігіміздің орындары әлі үңірейіп бос тұрғандай... Жоқ, жоқ! Жасыл алаңдағы үш бәйтерегімізден кейін қазақ футболында «көшет» бой көтерген емес деп отырған жоқпыз. Жасыл алаңда қазақ жігіттері ну ормандай өсіп жетілді. Бірақ ешқайсысы да жоғарыда аталған үш бәйтеректің қатарына тұра алмады.
«Кімді Тимур Сегізбаев, Құралбек Ордабаев, Сейілдә Байшақов сынды саңлақтарымызбен қатар қоюға болады» деп біраз ойландым да. Иә, кімді? Самат Смақовты ма, Нұрбол Жұмасқалиевті ме, марқұм Серік Жейлітбаевты ма, Нүркен Мазбаевты ма, Асхат Қадырқұловты ма, әлде Бауыржан Исламханды ма?..
Байыптап қарап отырсақ, кейінгі қазақ футболшыларының ішінде көрсеткіштері жоғары (чемпиондық атақтары көп) Самат Смақов екен. Еліміздің алты дүркін чемпионы. Екі рет ел кубогының, екі мәрте суперкубогымыздың иегері атанған. Кемі төрт рет Қазақстаның ең үздік футболшысы болды. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 71 ойын өткізді. Тағысын тағы...
Содан, көкейімдегі осы сұрақты осыдан бірер жыл бұрын Саматтың өзіне тіке қойдым:
– Бәріміз де қазақ футболының жарық жұлдыздары – Тимур Сегізбаев, Құралбек Ордабаев, Сейілдә Байшақов деп өстік. Ал сіз өзіңізді осы саңлақтармен бір қатарға қоя аласыз ба? Неге олардың орындары үңірейіп бос қалды? – деп сұрағанымда:
– Жо-жоқ! О не дегеніңіз?! Мен өзімді мұндай ұлы адамдармен бір қатарға қоймаймын. Тимур Сегізбаев, Құралбек Ордабаев, Сейілдә Байшақов үшеуі – шын мәнінде қазақ футболының жарық жұлдыздары. Әрі солай қала береді де. Мен өз өмірімде осы үш ағамыз қол жеткізген жетістіктерге жеткен жоқпын, олар шыққан шыңдарға шыққан жоқпын. Қазақ футболында Сегізбаев, Ордабаев, Байшақов ағаларымыздың орны бөлек. Мүлде бөлек. Үшеуі де халық сүйіспеншілігне бөленген тұлғалар. Олар солай бәріміздің пір тұтар ағаларымыз болып қала береді.
Мен орындары үңірейіп бос қалды демес едім. Әр дәуірдің өзінің үздік ойыншылары болды ғой. Тек Кеңес Одағы ыдыраған соң біраз уақыт футболға деген көзқарас өзгерген болар. Дәл қазір біздің футбол даму үстінде. Жақсы ойыншылар, әр дәуірдің өзінің үздіктері баршылық. Бірақ Сегізбаев, Ордабаев, Байшақов секілді халық құлай сүйген футболшы әзірше болмай тұр.
Сол кезде Саматтың алдыңғы буын ағаларын сыйлайтындығына қатты риза болып едім. Жақында бұл сұрақты жас талант Бауыржан Исламханға да көлденең тарттым. Оны сайтымыздың «Сұхбат» («Ел футболы») бөлімінен оқи жатарсыздар. Әйтсе де, мен осы мақаланың нүктесін Бауыржанның сөздерімен қойсам деймін:
...алдағы уақытта халық сүйіспеншілігіне бөленіп, қазақ футболының көсегесін көгертер таланттар бой көрсетеді деген сенімім мол.
P.S.: Қазақтың кез-келген отбасында жасы келген отағасы баласына «әй үйлен, көзімнің тірісінде сенің жанұялы болғаныңды көріп, сеннен туған ұрпағымды сүйіп, маңдайынан иіскеп кетейін» деп асықтырады. Сол сияқты біз де жасыл алаңдағы Үш бәйтерегіміз өздерімен бір қатарға тұруға лайық, тіпті өздерінен асып та түсетін ізбасарларын көріп кетсін дейміз де...