Вернуться к списку статей

Бірінші лига. Аутсайдерді жеңу үшін де "Қызылжарға" пенальти қажет пе?

Футбол
1K
Қазақстан чемпионатының Бірінші лигасы, 15-тур
Бірінші лиганың бірінші кезеңінің аяқталуына небәрі үш тур қалды. 15 турда фавориттер синхронды түрде үш ұпайдан еншілеп шықты.

Хромцов – «Қайсардың» джокері

Тур бағдарламасын Шымкентте «Қыран» мен «Қайсар» командалары ашты. Бірінші айналым аясында Қызылордада өткен кездесу 2:0 есебімен Сыр командасының жеңісімен аяқталған. Бұл жолы да Сұлтан Әбілдаев шәкірттері түзде ойнап жатқандарына қарамастан бірінші минуттан тізгінді өз қолдарына алып, Олег Хромцов соққан жалғыз голдың арқасында жеңіске жетті. Жалпы, «Қайсар» шабуылшы мәселесін шешкен секілді. Жазғы трансферлік маусым барысында «Ақжайықтан» Олег Хромцовты алдыртқан. Әккі шабуылшы төрт ойында қатарынан қызылордалықтарға жеңіс сыйлауда.

«Қызылжар» қашанғы пенальти тебе бермек?

18 мамырда Астанада өткен Лига кеңесінде ҚФФ Президенті Ерлан Қожағапановтың көзіне жағымды сөздерімен түскеннен кейін Григория Лорияның командасы «Қызыл-Жар» тоғыз ойында бесінші рет пенальти тепті. Бұл жолы петропавлдықтарға біріншілік аутсайдері «Бәйтеректі» жеңуге де 11 метрлік айып соққысының көмегі қажет болды. Есепті 3-ші минутта-ақ астаналықтар ашқан. Алайда, тағы үш минуттан кейін қонақтар қақпасына белгіленген пенальтиден «Бәйтерек» футболшыларының сағын сындырып, еңселерін түсіріп жіберген секілді. Үзіліске дейін-ақ таблода 3:1 есебі тіркеліп, екінші таймда босниялық Бошко Ступич дубль авторы атанды.

«Алтай» алтылыққа кірді

Түзде басты бәсекелестерінің бірі «Екібастұзді» 2:0 есебімен тізе бүктірген шығыс қазақстандықтар үздік алтылыққа енді. Дегенмен, жеңіс Сергей Тимофеев шәкірттеріне оңайлықпен келген жоқ. «Алтай» Екібастұз қаласына Азат Ерсәлімов және Еркебұлан Нұрғалиевсіз аттанды. Екеуі де дисквалификацияға ұшыраған ойыншылар. Сондай-ақ, жарақатына байланысты алаңға негізгі қорғаушысы Денис Колодин де шыға алмады. Алайда, соған қарамастан алдымен бірінші таймда Константин Заречный есеп ашса, үзілістен кейін Дмитрий Шмидт тура соққысымен кездесуді қорытындылады.

Естеріңізге сала кетейік, бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша үздік алтылық Премьер-лига жолдамаларына таласса, қалған төртеуі Бірінші лигадағы өз орындарын сақтап қалу үшін жанталасады. Енді әрі қарай...

«Каспий» де жүлдеге таласа ма?

Мамыр айының соңында бас бапкерін алмастырған Ақтаудың «Каспий» футбол клубы бірден аутсайдерлер арасынан суырылып шығып, бірден көшбасшылар қатарына қосылды. Жалпы, Асқар Күшікбаевтың жаттықтыруымен «Каспий» сегіз матч өткізіп, соның бесеуінде жеңіске жеткен. Тек бір ғана ойында ұтылыпты. Осы жолы ақтаулықтар өз алаңында Жетісайдың «Мақтааралын» 3:1 есебімен жеңді. Рас, 57-минутта Абылайхан Махамебтов пенальтиден есепті теңестіргеннен кейін ойын тең аяқталатын шығар деп топшылағандар көп болған. Бірақ Бекзат Қабылан мен Ерқасым Ешенқұлдың тура соққылары кездесу тағдырын шешіп кетті.

Аутсайдерлер текетіресі

Қызылорданың «Локомотив» стадионында өткен аутсайдерлер текетіресі «Байқоңырдың» жеңісімен аяқталды. Ойынның 35-минутында Абылайхан Төлегенов баспен тура соққы жасап, «Шахтер-Болатты» 1:0 есебімен тізерлетуге үлесін қосты. Естеріңізге сала кетейік, аталмыш командалар арасындағы бірінші айналым аясында Теміртауда өткен кездесу 3:2 есебімен «кеншілердің» пайдасына шешілген болатын.

Бірінші лига, 15-тур

16 шілде

«Қыран» (Шымкент) – «Қайсар» (Қызылорда) 0:1 (0:1)

Гол: Хромцов, 31.

17 шілде

«Екібастұз» – «Алтай» (ШҚО) 0:2 (0:1)

Голдар: Заречный, 44. Д.Шмидт, 47.

«Қызыл-Жар» (Петропавл) – «Бәйтерек» (Астана) 4:1 (3:1)

Голдар: Оралбай, 3 (0:1). Струков, 6-пенальти (1:1). Ступич, 18 (2:1). Аверченко, 38 (3:1). Ступич, 73 (4:1).

«Байқоңыр» (Қызылорда) – «Шахтер-Болат» (Теміртау) 1:0 (1:0)

Гол: Төлегенов, 35 (1:0).

Қызыл қағаз: Серік, 90+1 (Б)

«Каспий» (Ақтау) – «Мақтаарал» (Шымкент) 3:1 (1:0)

Голдар: Сердюков, 5-пенальти (1:0). Махамбетов, 57-пенальти (1:1). Қабылан, 60 (2:1). Ешенқұл, 85 (3:1).


*Алтай командасының 9 ұпайы шегерілген

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика