Вернуться к списку статей

Қазақ – өзбек құрамалары екі рет додаға түседі

Футбол
2K
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы. Фото: afckairat.kz
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Колумбияда өтетін ХІІІ әлем чемпионаты қарсаңында Өзбекстан құрамасымен екі рет кездесіп, дайындығын пысықтайды.

Қазақстан ұлттық құрамасы 10 қыркүйектен 1 қазанға дейін Колумбияда өтетін ХІІІ әлем чемпионатына дайындықты қазірден бастады. Құраманың бас бапкері Какау кезекті демалысында бос жатпай, әзірше «Е» тобындағы қарсыластарымыз, яғни Аргентина, Коста-Рика және Соломон аралдары футзалшылары жайлы ақпараттар жинап жүр.

Ал ұлттық құрамамыздың әлем чемпионаты басталғанша алты ойын өткізіп, дайындығын пысықтайдындығы күні бұрын бекітіліп қойды. Әуелі біздің футзалшылар 9 және 10 тамыз күндері Алматыда екі рет Өзбекстан құрамасымен додаға түсіп, жолдастық кездесулер өткізеді.

Біз мұны жақсылыққа балап отырмыз. Себебі биыл жыл басында, 22 және 23 қаңтар күндері Алатау бөктерінде екі рет Өзбекстан құрамасымен кездесіп, Еуропа чемпионаты алдындағы дайындықтарын саралап алған болатын. Әрі осы екі матчта да 3:1 есебімен жеңіске жетіп, ақпан айында Сербияда өткен құрлық біріншілігінде ойранды салған.

Нақтырақ пайтқанда, Хорватия, Италия және Сербия құрамаларын жеңіп, Ресейге дес бермей тайталасып, тек жартылай финалда Испанияның қас шеберлерінен ұтылып, қола жүлде олжалап қайтқан-ды. Сондықтан әлем чемпионаты алдында да дайындықты Өзбекстан құрамасымен пысықтауды жақсылыққа жорып отырмыз.

Содан соң, бұған дейін хабарлағанымыздай, Какау бастаған футзалшыларымыз Таиландта өтетін халықаралық турнирге қатысып, үш ойын өткізеді. Дайындық пысықтаудығ соңғы “нүктесі” әлем чемпионаты өтетін Колумбия жерінде қойылады екен. Атап айтқанда, 5 қыркүйек күні Букараманга қаласында Австралия құрмасымен кездеседі.

Қазақстан ұлттық құрамасының әлем чемпионаты қарсаңындағы дайындық жұмыстары барысында өткізетін ойындары:

9 тамыз: Қазақстан – Өзбекстан (жолдастық кездесу),

10 тамыз: Қазақстан – Өзбекстан (жолдастық кездесу),

20 тамыз: Қазақстан – Иран (халықаралық турнир),

21 тамыз: Қазақстан – Жапония (халықаралық турнир),

23 тамыз: Қазақстан – Таиланд (халықаралық турнир),

5 қыркүйек: Қазақстан – Австралия (жолдастық кездесу).

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика