Еуропа мен Америка чемпионаттарының аяқталуына орай, бүгін Футбол федерацияларының халықаралық қауымдастығы ұлттық құрамалардың 2 маусым мен 14 шілде аралығындағы рейтингтерін түзді. Құрлықтық додалар әр елге әртүрлі әсер еткен. Мәселен, «Кәрі құрлық» жеңімпазы Португалия екі сатыға жоғары көтерілсе, финалда сүрінген Дидье Дешамның Франциясы 10 сатыға бір-ақ ырғып, 7-орынға жайғасқан.
«Копа Америка» додасының финалында пенальтиден сүрінген Аргентина көш басындағы өз орнын сақтап қалған болса, бас жүлдеге қол жеткізген Чили мен қола жүлдегер Колумбия 5-ші және 3-ші орындардан ешқайда жылжымады.
Құрлықтық додаларды сәтсіз аяқтаған кейбір командалар ФИФА рейтингінде де төмен сырғыды. Мәселен, Еуропа чемпионатында 1/8-финалдан аса алмаған Испания 6-шы орыннан 8-ші орынға төмен түссе, Англияда екі саты төмендеп, 13-ші орынға тұрақтаған. Ресей құрамасы рейтингте 9 орын жоғалтты. Олар енді 38-ші сатыда. Ал «Копа Америка» додасында өз тобынан шыға алмаған рейтингте екі сатыға төмендеген.
Ал маусым айының басында түзде Қытай футболшыларын 1:0 есебімен жеңген Қазақстан ұлттық құрамасы 359 ұпаймен бірден 15 сатыға бір-ақ көтерілді. Соңғы рет үздік жүздікке Қазақстан құрамасы 2001 жылы кірген. Сол жылды футболшыларымыз 98-орынмен аяқтаған.
Айта кетейік, сол жеңістен кейін ұлттық құрамамыздың бас бапкерлік қызметіне отандық маман Талғат Байсуфинов толықтай бекітілген болатын.
Енді Қазақстан ұлттық құрамасы келесі жолдастық кездесуін 30 тамыз күні Бішкекте Қырғызстанға қарсы өткізеді. Одан кейін жерлестерімізді 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу додасы күтіп тұр.
FIFA рейтингі (14.07.2016 ж.)
Үздік ондық
1. Аргентина — 1585 ұпай
2. Бельгия — 1401
3. Колумбия — 1331
4. Германия — 1319
5. Чили — 1316
6 (8). Португалия – 1266
7 (17). Франция — 1189
8 (6). Испания — 1165
9 (7). Бразилия — 1156
10 (12). Италия — 1155
ТМД
30 (19). Украина — 801
38 (29). Ресей — 728
56 (66). Өзбекстан — 569
72 (66). Беларусь — 507
97 (112). Қазақстан — 359
102 (110). Армения — 348
104 (111). Қырғызстан — 341
109 (104). Латвия — 338
116 (94). Эстония — 323
108 (98). Латвия — 323
118 (137). Грузия — 318
120 (134). Түркменстан — 312
127 (127). Литва — 293
137 (138). Әзірбайжан — 253
145 (164). Тәжікстан — 220.
166 (159). Молдова — 151
ӘЧ іріктеу додасы (Е тобы)
16 (27). Польша — 1011
24 (26). Румыния) — 856
44 (38). Дания — 630
95. (90). Монтенегро — 365
97 (112). Қазақстан — 359
102 (110). Армения — 348