Иә, төреші қосқан қосымша уақыттың соңғы минутында қызылжарлықтардың шабуылшысы Сергей Струков таразы басын теңестіріп кеткен еді. Ал «Алтайдың» директоры Сержан Шәйжүнісов ашынғаннан порталымызға төрешілер туралы бүкіл ойын бүкпесіз жайып салды.
Семейдегі бассыздық
– Семейлік көрермендер, «Алтайдың» жанкүйерлері өте шыдамды, табиғатынан байсалды келеді. Бірақ осы ойыннан кейін олар да қарап тұра алмады, - деп бастады сұхбатын ашынған Сержан Жақиянұлы. – Бас төреші қарсыластардың ойын ережесін бұзғандарына мүлдем назар аударған жоқ. Соңғы 15 минутта тек солардың пайдасына ғана ысқыра берді. Шынын айтсам, ойын ойын емес, төрешінің ысқырығынан құралған спектакль болып кетті. Ал одан кейін төреші матчқа бақандай бес минут қосты. Осылайша қосымша уақыт та өтіп кеткен. Кенет төреші біздің қақпамызға айып соққысын белгілеп, қонақтар есепті теңестіріп кетті. Мұның барлығы стадионға лық жиналған көрермендердің көз алдында болды. Матчтан кейін жанкүйерлер стадионнан кетпей жүріп алды. «Позор, позор! Төреші ...» деп айқайлағандары әлі құлағымнан кетпейді. Біз бұл кездесуге ұзақ дайындалған едік. Тіпті, Бірінші лигада да тікелей эфир болсыншы деп, «ютуб» арқылы матчтың тікелей көрсетілімін ұйымдастырдық. Алдағы уақытта да жанкүйерлерімізді мұндай жаңалықтарымызбен қуанта бермекпіз. Бірақ футболдағы осындай бассыздықтар көңілімізді құлазытып жібереді. Төреші мен нұсқаушыға қолдары жетпеген жанкүйерлер мені қоршап алып, «Қашанғы шыдап жүре бересіздер? Көздеріңізді бақырайтып қойып, 9 ұпайларыңызды алып қойды, үндемедіңіздер. Төрешілер «өлтіріп» жатыр. Сонда да үнсізсіздер. Немене, езсіздер ме?», - деген сөздерін қалайша оңайлықпен ұмыта қояйын. Менің де жаным ауырады, мен де күйінемін. Енді бұдан былай үнсіз отыра бермеймін деп шештім. Қоғам бізге назар аударсын. Ойынның қайталауын «ютубтан» көріп, қорытынды жасасын. Ал біз өз кезегімізде әділеттік іздеп, тиісті органдарға шағымданамыз.
– Сержан Жақиянұлы, бірақ ойынның 27-минутында Андрей Карпович пенальтиді орындай алғанда «Қызыл-Жар» сіздерге жете алмас та еді ғой.
– Иә, мұны жоққа шығармаймын. Бірақ бұл жай ғана сәтсіздік. Есесіне, Андрей екінші минутта-ақ гол соғып, команданы алға шығарды. Оған еш кінә арта алмаймын. Нағыз капитан. Рас, бәлкім, ойын барысында өзіміз де ағаттықтар жіберген шығармыз. Бірақ, бұл дегеніміз, «Алтайды» арсыздықпен «өлтіре» беру керек дегенді білдірмейді ғой.
– Қазақстан төрешілерінен мүлде көңіліңіз қалған сияқты ғой.
– Ешкімді айыптағым келмейді. Бірақ мұндай төрешілік Қазақстан реферилерінің беделіне нұқсан келтіретіні рас. Жыл сайын төрешіліктің деңгейі өсіп келеді деп жақтары ауырғанша қақсайды. Бірақ, шындап келгенде өзгерген ештеңесі жоқ. Тым болмағанда, мұндай бассыздыққа жол бермеу керек қой. Мен ешкімнің бізге көмектесуін сұрамаймын. Алайда, төрешілер объективті болса екен деймін. Өз шеберлігімізді алаң жиегінде емес, жасыл алаңның ішінде көрсетейік. Жанкүйерлерге нағыз футболдың ләззатын сыйлайық. «Алтай» да сол үшін құрылды ғой. Клуб қазір Шығыс Қазақстан облысының футболсүйер қауымының жүректерін жаулап алды. Әрдайым қолдап жүретін өзіміздің жалынды жанкүйерлеріміз бар. Бірақ кешегі бассыздықтан кейін олар бізге «үндемей жата бермеңдер» деп қатты айтты. Дұрыс түсініңіздерші, біз мықты екенімізді жасыл алаңда дәлелдегіміз келеді. Оның орнына Лоззанадағы спорттық арбитражға жүгінуге мәжбүрміз. Осы ма Қазақстан футболының кейпі?
Тоғыз ұпай төңірегіндегі дау
– Айтпақшы, Сержан Жақиянұлы, 9 ұпайдың төңірегіндегі дау қалай болып жатыр?
– Сол 9 ұпайды ҚФФ бізге маусым соңында қайтарып беруі мүмкін деген сыбыстар шығып жатыр. Олай болса, бұл Федерация тарапынан бізге жасалған жауыздық болар еді. Маусым соңына дейін шыдап отыруға ниетті емеспіз. Өзімізге тиесілі 9 ұпай бізге дәл қазір керек. Шыны керек, ұпайларымызды бейбіт жолмен қайтарып алуға әрекеттендік. Құқықтық, заңдық құжаттарды көрсеттік, «Восток» футбол клубының әлі бар екенін дәлелдедік. Осының барлығы «Алтайдың» баяғы «Восток» футболшыларына еш қатысы жоқ екенін айқындап берді. Бірақ олар әдейі созып жатыр. Менің ойымша, олар біздің «үздік алтылыққа» ене алмай қалғанымызды күтеді де, артынша ұпайларымызды қайтарып бере салады. Үздіктер қатарынан тыс қалып қойған соң бізге ол ұпайлардың қажеті не? Ал егер «Алтай» футбол клубы құрылмағанда қарыздарды кімнен сұрайтын еді. Ақырын ғана жауып қоя салар еді ғой. Ал қазір бәрін қойып, бізді кінәлі қылып қойғысы келеді.
– Тоғыз ұпайды қайтарып беретіндеріне сенімдісіз бе?
– Қайтарады. Тіпті, біз ешқайда шағымданбасақ та қайтарады. Өйткені, бізден заңсыз жолмен ұпайымызды тартып алды. Бірақ бізге қажет емес болып қалған кезде қайтаруы мүмкін. ҚФФ басшыларымен кездестім, Лига кеңесінің отырысында болдым. «Иә, шешеміз, реттеп жатырмыз» дегеннен басқа жауап ала алмадым. Сөз көп, іс жоқ. Федерациядан әділеттік іздеп шаршадық. Сондықтан, біз туралыққа заң жүзінде қол жеткіземіз деп шештік. Алдағы уақытта «Алтайды» тағы да «тұншықтырмауы» үшін халықаралық құқықтар бойынша өз дегенімізге қол жеткіземіз.
Бірінші лигадағы тартыс
– «Қызыл-Жармен» болған ойыннан кейін сіздің командаңыз турнир кестесінде 7-орынға түсіп қалды. Енді бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша «үздік алтылықтан» көрінуге мүмкіндік бар ма?
– Кеше бізде үздік бестікке жақындауға керемет мүмкіндік туған. Алайда, бізден жеңісті ұрлап алды. Ойын бойынша футболшыларға да, бапкерлер алқасына да кінә арта алмаймын. Олар жасыл алаңда барын салды. Алайда, «тылсым күш» «Қызыл-Жарға» тағы да көмектесті. Енді төрт ойын қалды. Алда бізді «Екібастұзбен» болатын маңызды матч күтіп тұр. Одан кейін «Қыранды» қабылдаймыз. «Байқоңырмен» кездесу үшін Қызылордаға барамыз және соңғы турда «Каспиймен» кездесеміз. Міне, осы ойындарда өзімізге қажетті нәтижелерге қол жеткізуге тырысамыз. Тек төрешілік әділетті болса екен. Бар сұрайтыным осы.
– Жалпы, биыл Бірінші лига командаларының деңгейлеріне қандай баға бересіз?
– Барлық матчтарды тамашаладық. Бүкіл командалармен кездесіп шықтық. Ешқандай командаға мұрын шүйіре қарауға болмайды. Текетірес қызып тұр. Өздеріңіз де көріп жүрсіздер, ойындардың көбі 1:0, 2:1 есептерімен аяқталып жатады. Солардың ішінен Қызылорданың «Қайсарын» ерекше бөле-жара атап өткім келеді. Командасы кілең мықты ойыншылардан жасақталған. Екі рет кездесіп, екеуінде де тең түсіп қалдық. Сондықтан, биыл Премьер-лига жолдамаларына тартыс қызу өтеді. Біздің мақсатымыз – әдемі ойынымызбен жанкүйерлерді қуантып, Премьер-лига жолдамасын жеңіп алу. Тек, арбитрлар мен басқа жандардан сұрайтыным – «Алтайға» маза беріңіздерші.