Вернуться к списку статей

“Тараз” “Ертісті” бір голмен “есеңгіретті”

Футбол
1K
А.Григоренко –
Бүгін Қазақстан премьер-лигасында ХХ-турдың тағы бір ойыны өтіп, «Тараз» өз алаңында «Ертісті» 1:0 есебімен ұтты.

Жалғыз гол бірінші таймның аяғына қарай соғылды. Ойынға бұрыштан қосылған допты румын қорғаушысы Иоан Мера басымен қақпаға “қадады”.

Давид Лорияның орнына шыққан Антон Цирин еш қайран көрсете алмай, бір орынды тұрып қалды. Ал Лория бұл ойынға алған ескертулеріне байланысты шыға алмаған болатын.

Бұл ойында да ескерту алғандар көп болды. Алаң иелері сапынан төрт ойыншыға, ал қонақтар құрамынан бес футболшыға сары қағаз көрсетілді.

Негізі, екінші таймда қонақтар есепті теңестірген. Бірақ матчтың бас төрешісі Денис Тевяшов қонақтардың шабуылшысы Осман Джаллоу “ойын ережесін бұзды” деп, бұл голды есепке алмады.

Сөйтіп, «Тараз» үшінші рет қатарынан жеңіске жетіп отыр. ХІХ-турда «Тобылды» тізе бүктірген. Одан кейін Қарағандыға барып, «Шахтерді» “шалып жықты”. Енді, міне, «Ертісті» “етпетінен” түсіріп отыр.

Осылай соңғы үш турда тоғыз ұпай еншілеп, көш соңындағы «Ақжайықтан» ұзап барады. 20 ойыннан 16 ұпай еншіледі. Ал тура осынша ойын өткізген Орал командасының бес ұпайы кем.

Айта кетуге тиіспіз, соңғы ойындарда «Тараздың» қақпашысы Александр Григоренко қас шеберлік танытып жүр. Бүгінгі ойында да «Ертіс» футболшыларының бірнеше шабуылын тойтарып, бірнеше пәрменді соққыларына тосқауыл бола білді.

«Ертіс» ше? Екінші рет қатарынан жеңілістің кермек дәмін татып отыр. Өткен жолы Қостанайда «Тобылдан» да ұтылып қалған. Келесі турда «Қайратты» қабылдайды. Енді ұтылса...

«Тараз» – «Ертіс» – 1:0

Гол: Мера, 40.

«Тараз»: Григоренко, Киров, Мера, Воротников, Григорьев (Таубай, 55),  Данилюк, Яковлев (Пищур, 81), Эргашев, В.Евстигнеев, Мане (Сүлей, 59), Тәжімбетов.

«Ертіс»: Цирин, Сартаков, Даутов, Фрейдгеймас, Есимов, Йирсак, Алиев, Фернандес (Григалашвили, 46), Мұртазаев (Ли, 46), Фаль, Джаллоу.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика