Осыдан бірер күн бұрын ғана «Астана» футбол клубының басшылары ауысып, Бас менеджері қызметіне Италияның Еуропаға танымал маманы, қазақтың жиені Марко Абай Трабуккиді бекітілген болатын.
«Астананың» басты бәсекелесі «Қайрат» бұл тұрғыда елордалықтардан қалыспауға тырысқандай. Футбол шаруашылығын тиімді жүргізуден бізден әлдеқайда озып кеткен, Еуропада жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған білікті маманды Алматы клубы да тауыпты.
Ең бастысы, «Қайрат» сенім артып отырған маман да Қазақстанға бөтен емес. Ол тіпті қазақ топырағында доп теуіп, біздің елдің намысын да қорғаған. Жұмбақтамай турасын айтқанда, ол – кезінде «Қайраттың» сапында ойнаған Пётр Нойштедтер.
Ол «Зенит» (Ленинград), «Қайрат» (Алматы), ЦСКА (Мәскеу), «Днепр» (Днепропетровск), «Таврия(Симферополь), «Спартак» (Владикавказ) командаларының және Германияның «Карлсруэ», «Кемницер», «Майнц» клубтарының сапында ойнаған.
1996 жылы Қазақстан ұлттық құрамасы сапында үш ойын өткізген. 2005 жылдан бастап бапкерлік қызметке ауысып, «Майнц-2» командасының бас бапкері (2005-2010 жылдары), «Кобленц» клубының жаттықтырушысы болған (2012-2013 жылдары).
Енді Пётр Нойштедтер «Қайраттың» спорттық директоры қызметін атқарады. Бір көңіл аударарлығы, Алматы клубы сапындағы басшылары өз орындарында, ешкім де орнынан кетпейтіндей...
Ал «Астана» командасына Марко Абай Трабукки келгенімен, маусым соңында Саян Хмитжанов пен Қайсар Бекенов өздері Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығарған ұжымдарынан кетуге мәжбүр болып отырған сияқты...