Вернуться к списку статей

Сұрағы көп жауабы жоқ жиын немесе көпшіліктің көкейінде кептеліп қалған сан сауал

Футбол
3K
Еуро-2016. Журналистер болжам-бәйгесі
Махаббаттан бөлек, таусылмайтын тағы бір әңгіме бар болса, ол – футбол. Әсіресе, отандық футбол жайлы таңмен таңды жалғастырып, тоқтамастан сөз таластыра айтыса беруге болады.

Астанада өткен футбол тақырыбындағы мәжіліс те отандық аяқдоптағы барлық проблемаларды қамтып, ұзақ айтыстан кейін әзер тоқтады. Бірақ, өкініштісі сол, талай көкейтесті мәселелер көтеріліп, өзекті сұрақтар қойылғанымен басым бөлігі жауапсыз қалды.

Бүгін елордамыздың «Жұмбақтас» қонақүйінің мәслихат залында «Sarap Time» эксперт клубының ұйымдастыруымен ел футболының өзекті проблемаларын талқылауға арналған алқақотан мәжіліс өтті. «Қазақстан футболы: Проблемалар мен дамыту жолдары» деген атпен өткен бұл жиналысқа ұйымдастырушылар тарапы депутаттар мен белсенді блогерлерден бастап, ел футболының проблемаларына бей-жай қарамайды деген барлық қайраткерлерді шақырыпты. Қазақстан футбол федерациясы мен Кәсіпқой футбол лигасынан Ерлан Қожағапанов пен Бағлан Ергешевтің келулерін өтінген. Екеуі ел футболындағы екі ірі ұйымның басшылары. Бірақ басқа жұмыстары шығып қалыпты-мыс. Олар үшін мәжілісте ҚФФ бас хатшысы Еркебұлан Хасеновке жауап беруге тура келді.

Дегенмен, шыны керек, біз бас хатшыдан ешбір сұрақтарға нақты жауаптар ести алмадық. Айналдырып әкетіп тақырыпты басқа арнаға бұрып жіберудің шебері екен. Өзіне сөз кезегі келгенде онсыз да өздерінің ресми сайтында тұрған «Футбол жолы» стратегиясын слайд жүзінде көпшілікке тағы да таныстыруға көшіп, уақыттың басым бөлігін «ұрлады». Егер төзімі таусылғандардың бірі тоқтатпағанда мәжіліс осы стратегиямен-ақ аяқталуы мүмкін еді.


Одан кейін жан-жақтан сауалдар ағылды. Пікірін білдіріп, ортаға ой тастап жатқандары да бар. Стратегия туралы да сөз қозғалды. «Неліктен Ресей футбол одағының көшірмесі?» деп аң-таң болғандар да жеткілікті. Шыны керек, дөңгелек үстелде отырғандардың бірі айтқанда «Еуро-2016» додасынан масқара болып ұшып кеткен Ресей футболы бізге үлгі емес қой. Тіпті, солтүстік көршілеріміздің дәл қазіргі жағдайында ол жаққа жалтақтаудың да қажеті жоқ. Бірақ Хасенов мырзаның өз пікірі бар екен. «Ресей футболы стратегиясының дұрыстығы соншалық, олар 2018 жылы әлем чемпионатын қабылдағалы жатыр» деп салды.

«Қазақстан Премьер-лигасының ойындарын трансляциялаудың құқы шетелдік компаниялардың біріне сатылуы мүмкін бе?», - деген сұрақ та болған. Оған да жауап беруден жалтарған бас хатшы «мұның бізге қатысы жоқ, Кәсіпқой футбол лигасынан сұрау керек» деп, қамшыны жиынға келмеген әріптестеріне қарай сілтей салды.

Жалпы, сұрақтар өте көп болып, ақыр соңында қашып құтылудан басқа амалы қалмаған Еркебұлан Ермекбайұлы Астана әкімдігінде кездесуі бар екендігін желеу етіп, мәжіліс аяқталмастан «лапылдап жанып тұрған отқа» баспасөз хатшысы Константин Харламовты тастап кете барды.


Әлбетте, Еркебұлан Хасеновты жазғырайын деп отырғанымыз жоқ. Қайта ҚФФ-ға қарсы талай сынның айтыларын біле тұра, Қожағапанов пен Ергешев секілді «басқа жұмыстармен» кетіп қалмай, шақыртуды қабыл алғаны үшін көпшіліктің оған іштей болса да риза болғаны рас. Дегенмен, жауапсыз қалған сауалдарды кімге бағыттаймыз? Осы орайда, ең болмаса, сайт арқылы танысып, жауап береді-ау деген ниетпен көпшіліктің көкейінде кептеліп қалған сұрақтардың ең маңыздыларын Қожағапанов пен Ергешевке осы жерде бағыттасақ деп едік.

  1. «Футбол жолы – 2026» стратегиясының жобасы жасалып, ҚФФ ресми сайтына салынды. Стратегия неліктен Ресей футболын дамыту жобасынан көшіріліп алынды? Неліктен стратегияны жасау барысында Аймақтық федерациялармен келісген жоқ? Егер көмек сұраса, аймақтық федерациялар қол ұшын созудан қашпас еді ғой.
  2. Футбол тәлімін үйрену үшін Бразилияға кеткен әр баланың үш жылдық шығыны 72 мың долларды құрайды. Бірақ бұлардан әлі күнге пайда болған жоқ және арасында ешқайсысы жарқырап кете қоймады. Неліктен сол қаржыны балалар футболын дамытудың пайдалырақ салаларына жұмсамасқа?
  3. Қазақстан Екінші лигасы қандай принціп бойынша құрылды? Өз облыстарының чемпиондары қай Лигаға жолдама алады?
  4. Әр облыстың өз ішкі біріншілігі өтетіні белгілі. Неліктен сол біріншіліктің чемпиондары Екінші немесе құрылуы тиіс Үшінші лигад ойнамайды? ҚФФ президенті аймақ басшыларымен кездескенде неліктен осы мәселені көтеріп, әуесқой футбол командасын республикалық біріншілікке қатыстыруға көмектесуін сұрамайды?
  5. Қазақстан ұлттық құрамасы алты айдан астам уақыт бойы бас бапкерсіз келіп, ақыры отандық маман Талғат Байсуфинов тағайындалды. Әлбетте, Ұлттық құраманы Талғат Маруанұлының қолға алғанына қуанамыз. Алайда, егер алты айдан кейін осындай шешім қабылданар болса, онда неліктен жыл басында бас бапкерді жанкүйерлердің дауыс беруі арқылы таңдау не үшін қажет болған? Ал ол кезде жанкүйерлердің басым бөлігі «ұлттық құраманы шетелдік маман жаттықтыруы тиіс» деп пікір білдірген болатын.
  6. Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойынын қазан айының басында Польша құрамасына қарсы өткізеді. Осындай маңызды матчтың қарсаңында Қырғызстан ұлттық құрамасымен болатын жолдастық кездесу не үшін қажет?
  7. Кәсіпқой футбол лигасы өз алдына дербес ұйым. Олай болса, Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов неліктен бұл ұйымның ішкі жұмысына араласады?
  8. Ерлан Қожағапанов мүдделер жанжалы жайлы көп айтатын. Олай болса, өзі неліктен «Ақтөбе» клубының директоры Дмитрий Васильевтің әр әрекетін барынша қорғап жатады?
  9. Ерлан Қожағапанов футболдағы ашықтық туралы жиі айтып, клубтар бюджеттерін жасырмау керектігі жайлы үнемі сөз қозғайды. Ендеше неліктен өздерінен бастамасқа? Өзінің жалақысы мен ұлттық құраманың қазіргі және бұрынғы бапкерлерінің айлықтарын қанша екендігін қашан жариялайды?
  10.  Ұлттық рухты күшейтпей ел спортын, соның ішінде отандық футболды дамыта алмаймыз. Неліктен Қазақстан футболы әлі күнге басымдықты мемлекеттік тілге бермей отыр? Клубтардың баспасөз қызметі қашан қазақ тілінде толыққанды жұмыс жасайды

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика