Вернуться к списку статей

Байсуфиновтің мақсаты – әлем чемпионатына жолдама алу

Футбол
2K
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері – Талғат Байсуфинов. Фото: kff.kz
Бүгін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері бекітіліп, оған 2018 жылғы әлем чемпионатының електік додасында финалдық кезеңнің жолдамасына қол жеткізу жүктелді.

Бүгін Қазақстан футбол федерациясының кеңсесінде ұлттық құрамаға Талғат Маруанұлы Байсуфинов бас бапкер болып тағайындалды. Әрі оның көмекшілері бекітіліп, бапкерлер құрамы толықтай дерлік мәлім болды.

Атап айтқанда, Байсуфиновке Нүркен Мазбаев, Юрий Новиков және Андрей Феропонтов сынды өз мамандарымыз көмектеседі. Алайда, дене дайындығы жөніндегі, яғни күш-қуат жетілдіру жаттықтырушының шетелдік маман болуы мүмкін екен.

Жаңа бас бапкерді таныстыру жиынында Қазақстан футбол федерациясының президенті Байсуфинов бастаған бапкерлер құрамына 2018 жылғы әлем чемпионатының жолдамасын жеңіп алып тапсырылып отырғандығын мәлімдепті.

Әрі бас бапкердің өз клубында да бас бапкерлік қызметті қоса атқармайтындығын, тек ұлттық құраманы жасақтап, дайындаумен айналысатындығын жариялаған. Бұл ретте, «Ақжайық» клубының басшыларымен келісіп, олардың бұл мәселеге түсіністікпен қарап, Байсуфиновті бағын байламай, жібергендерін де тілге тиек еткен.

Талғат Байсуфинов болса, бірінші кезекте жағдайды түсініп, өзін қызметінен босатқан «Ақжайық» клубының басшыларына алғыс білдіріп, құраманың алдына қойылған биік мақсат жайлы:
– Біздің алдымызға қойылған мақсат – асқақ арман. Бірақ неге сол арманға қол созып, талпынып көрмеске?! Біз оған өз істерін жақсы білетін бапкерлер кеңесімен қол жеткізуге тырысатын боламыз, – депті.

Естеріңізге сала кетейік, Талғат Байсуфинов 11 наурыздан бері Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері міндетін атқарып келді. Осы уақытқа дейін біздің құрамамен үш рет жолдастық кездесу өткізді. Өзі жасақтаған ұжыммен Әзірбайжан мен Қытай құрамаларын жеңіп, Грузия футболшыларымен тең түсті.

Күзден бастап Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатының електік додасында бақ сынайды. Алғашқы ойын 4 қыркүйек күні Астанада Польша құрамасымен өтуі керек.

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика