Вернуться к списку статей

“Астана” мен “Қайрат” додаға түскенде, Еуропа чемпионаты да тізгін тартты

Футбол
1K
“Қайрат” – “Астана”. Фото: fckairat.kz
Қазақстан премьер-лигасында ХVІІІ-турдың бір ойыны өтіп, “Қайрат” Алматыда “Астананы” 1:0 есебімен ұтты.

Қазақстан чемпионатының үздік командалары кездесетін күні Франциядағы Еуропа чемпионаты да “тыныштала” қалды. Құдды, бәрі де қазақтың екі үздік командасына кезек бергендей. Ал Алматыдағы ойын боладысымен-ақ қызықты болды. Бұл ойынға 19 мың көрермен жиналды.

Бұл екі команда 1 мамыр күні Астанада кездескен болатын. Бірінші айналымдағы сол матчта «Астана» 1:0 есебімен жеңіске жеткен-ді. Бүгін «Қайрат» тура осындай есеппен есе қайтарды. Бұл ойында да жалқы гол бірінші таймның басына соғылды.

«Қайрат» жеңіске жеткенімен, теңбіл доп көбінесе «Астана» ойыншыларында болды. Бірақ олар өздерінің бірнеше мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алып, гол соға алмай қойды. «Қайрат» та қалыспады, қауіпті шабуылдарымен ел чемпионының қорғанысын піспектеп отырды.

Осы ойынның статистикалық мәліметтеріне көз жүгіртсек, «Астана» матчтың 61 пайызында допты өз ырықтарында үстаған екен. «Қайрат» 39 пайыз уақыт қана қонақтарын допсыз сабылтқан. Әйтсе де, алаң иелері жеңіске жетті.

Жанкүйерлер үшін ең қызықтысы, екі команда да жаңа ойыншыларын жасыл алаңға шығарды. «Қайрат» – Асеведо мен Тұрысбекті, ал «Астана» – Ибраими мен Нұрғалиевті.

Қазақстан чемпионатынан тұңғыш рет Еуропа чемпионатында қатысқан футболшы да бүгін алаңға шықты. Украин Анатолий Тимощук 90 минут бойы «Қайраттың» қорғанысына бас-көз болып, баз-базында өзі де «Астана» қақпасын нысанаға алып көрді.

Сонымен, «Қайрат» жеңді. Көш басындағы «Астанамен» арадағы ұпай айырмасын қысқартты (сегіз үпайға). Ал «Астана» ұтылса да, жүздерінен өкініштің табы сезілмеді. Араларында «тура бүгінгідей ойнасақ, біз чемпион боламыз» дегендері де бар. Бұл не өздерін жұбату ма, әлде шынымен де өздеріне бек сенімді ме? Бәрін де уақыт көрсетер. Ең бастысы, ел чемпионатының қызығ мен шыжығы әлі алда сияқты.

«Қайрат»  «Астана» 1:0

Гол: Гоу, 11.

«Қайрат»: Плотников, Лунин, Рудосельский (Қуантаев, 25), Маркович, Тесак, Бакаев, Тимощук, Аршавин (Асеведо, 75), Исламхан, Исаэль (Тұрысбек, 87), Гоу.

«Астана»: Эрич, Бейсебеков (Деспотович, 64), Постников, Логвиненко, Аничич, Шомко, Каньяс, Максимович, Мұжықов, Твумаси (Нұрғалиев, 57), Нөсербаев (Ибраими, 73). 

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика