Қытай және Қазақстан құрамалары арасындағы жолдастық кездесуде жарақаттанып қалған Ұлан Қонысбаев енді Италияда емделетін болады. Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов таратқан мәліметтер бойынша, ол енді ФИФА-ның атақты Villa Stuart Sports Clinic емханасында, танымал италиялық маман Аттилио Сантуччидің бақылауында болуы керек.
Қазақстан футбол федерациясының басшысы әлеуметтік желідегі өзінің жеке парақшасына «Жаратқан АЛЛАМА тәубә!!! Жігіттер Римге аман-есен жетті!», – деп жазды.
Ерлан Тоқтарханұлы әуелі Ұланның Қытайдың Далянь қаласынан Пекинге, содан соң 11 сағат ұшып, Римге жеткенін хабарлады. Әрине, жалғыз емес. Жанында Қазақстан футбол федерациясы бекіткен жауапты адамдар бар.
Өз кезегімізде, біз де Ұланның Италияда тезірек айығып кетуіне тілектеспіз. Көп тілеуі қабыл болып, білікті мамандардың емі шипасын берсін!