Бұл ақпаратты Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов таратты. Ұлттық федерация басшысы әлеуметтік желідегі өзінің жеке парақшасына былай деп жазды:
– Ұлан Қонысбаев әлі күнге дейін Далянь қаласындағы емханада жатыр. 7 маусым күні ота жасалды. Жаңа ғана Ұланмен сөйлестім. Ол өзінің жағдайының жақсарғанын айтты. Дәрігерлер де Ұланның денсаулығы түзеліп келе жатқанын хабарлады.
Алдағы уақытта дәрігерлердің нұсқауы бойынша Ұлан Италияға барады. Ол жақта ФИФА-ның атақты Villa Stuart Sports Clinic емханасында, танымал италиялық маман Аттилио Сантуччидің бақылауында қаралады. Ұлттық құрама ойыншысының денсаулығын қалпына келтіру кестесі жасалады.
Қытай мен Италияда Ұлан Қонысбаевтың қасында Қазақстан футбол федерациясының Халықаралық департаменті директоры Аян Әлжанов пен футболшының досы Нағи Бақытбеков болады. Жол шығыны, қонақүй және емделу курстарының шығындарын Қазақстан футбол федерациясы көтереді.
Жақын арада Ұлан Қонысбаев қатарға қайта оралады деп үміттенемін. Біз бұл үшін барлық күшімізді жұмсаймыз.
Өз кезегімізде, біз де оқырмандарымыздың атынан Ұланның тез айығып, қайтадан теңбіл доп додасының көрігін қыздыруына тілектес екендігімізді білдіреміз.