«Астана-Аренаның» құшағында күн көріп...
Қонақтарды бірінші турдан бастап-ақ негізгі стадионында қабылдаған үш-ақ клуб бар: «Астана», «Ордабасы» және «Ертіс». Әлбетте, «Астана-Арена» сынды стадионы бар елордалықтардың арманы жоқ шығар. Мұнда «Астананың» ойындары да өтіп жүр, Премьер-лиганың басқа клубтары осы стадионды паналайды, Бірінші лига матчтары да өтеді, қыздар арасындағы ел біріншілігі де өтіп жүр, қала біріншілігі де осында, басқа әуесқой командалар да жаттығуларын жасап жүр. Бір сөзбен айтқанда, бәріне де құшағын айқара ашқан. Кейде еріксіз «осы арена болмағанда қайтер едік?» деген ойға да шомады екенсің. Бірақ, жалғыз стадион қай жыртығымызға жамау болады? Қашанғы жалғыз «Астана-Аренаға» жәудіреп жүрмекпіз? Неліктен басқа қалаларда да осы тектес стадиондар сала алмаймыз? Тым болмаса, 10-15 мың көрерменге арналған ареналар салуға шамамыз жетеді ғой.
Клубтар меншікті стадион салуға неге ұмтылмайды?
Жасырын емес, Премьер-лигамыздың бірде-бір клубының өз меншікті стадионы жоқ. Облыс орталықтарындағы ареналардың барлығы да не әкімдікке не басқармаға қарасты екені рас. Ал командалар мұнда ойын өткізіп, жаттығу жасау үшін ақша төлеп, жалдап отырады. Иә, биылдан бастап Алматының «Қайраты» Орталық стадионды өз балансына алды. Дегенмен, қаншалықты ұзақ қоныстанатындықтарына ешкім кепіл бола алмайды. Ал оған дейін «Қайрат» бұл стадионды жалдау үшін жылына 1,2 миллион доллардан шығындап келіпті.
Жалпы, әр аймақта Орталық алаңдарды жалға алу бағасы әртүрлі. Ең арзандарының бірі – айына 800 мың теңге. Енді осы соманы бір жылға көбейтіп көрейік. 800 000х12=9 600 000. Бір жылда клубтар стадион үшін осынша қаржыны шығындайды. Ал 10 жылда ше? 96 миллион. Бұл қаржыға 3-5 мың көрермен сиятын кішігірім бір стадион салып алуға болады емес пе?! Демек, мұндай алаң салуға шамасы жететін клуб толыққанды стадион салуға да қауқарлы ғой. Бірақ, өкініштісі сол, бізде ешқандай клуб өз стадионын салуға ұмтылмайды. Бәрі де бүгінгі күнді, қазіргі жетістікті ойлап, ертеңі үшін бас ауыртқылары да келмейді. Олар үшін бір рет шығындалып өз стадионын салып алғаннан гөрі өзгенің алаңын жылдап жалдап жүре берген тиімді.
Осы орайда, бір ағамыз айтып берген мына әңгімені сіздердің де назарларыңызға ұсынғым келіп отыр.
«Футбол десе ішкен асын жерге қоятын қалталы бір азамат болған екен. Командасымен бірге әртүрлі кішігірім турнирлерге қатысып жүреді. Одан бөлек, аптасына екі рет жаттығу өткізіп тұрады. Осының барлығын сырттай бақылап жүрген тілектес бір досы:
– Әй, осы сен алаңды жалға алу үшін айына қанша төлейсің?» деп сұраған ғой.
– Шамамен, 550-600 мың теңге, кейде миллионға дейін шығып кетеді.
– Одан да бір рет шығындалып, өзіңнің меншікті алаңыңды салып алмайсың ба? Оп-оңай ақтап аласың ғой.
– Оны қайтемін? Маған осының өзі жеткілікті, - дейді футболқұмар дос аң-таң болып. Сонда тілектесі көп ойланбастан:
– Сенің, Аллаға шүкір, өз пәтерің бар. Енді пәтерді жалдап жүргеніңді көз алдыңа елестетші. Үйдің кілті өзгеде. Емін-еркін тұра алмайсың. Қолыңнан келіп тұрғанда баспаналы болғанға не жетсін? Өзіңнен кейін ұрпағыңа қалады. Сенің де қазіргі жағдайың осындай ғой. Жағдайың жетіп тұрғанда, өз меншікті аренаңды салып алғанға не жетсін? Өзіңнен артылса, келешекке мұра, - дегенде ғана досы ойланып, тілектесінің ақылымен жаңа алаң салуға көшкен екен".
Әлбетте, бұл қарапайым ғана мысал болғанымен Федерация басшыларынан бастап, облыс әкімдеріне дейін ой салуы тиіс оқиға.
«Жетісу» стадионының таблосын жел ұшырып әкетті
Біздегі стадиондардың әлсіздігі сол, жел үрлесе шатыры ұшып, қабырғасы қисайып, мачтасы құлап қалуға дайын тұрады. Мәселен, Талдықорғанда соққан бораннан кейін «Жетісу» стадионының таблосы желмен ұшып, жарамсыз күйге түскен. Қазір онда қайта жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. Бірақ, бұл фактінің өзі Қазақстан стадиондарының қаншалықты сапалы екендігінің көрінісі болса керек.
Ал Шымкентте Қажымұқан стадионының Еуропа лигасына қаншалықты дайын болатынын ешкім де дөп басып айта алмайды. Естеріңізге сала кетейік, былтыр стадионның жарық беру мачтасы істемегендіктен «Ордабасы» Израильдің «Бейтарын» 40 градустық аптаған ыстықта қабылдауға мәжбүр болған еді. Алаңға шыққан ойыншылардың ғана емес, трибунада отырған көрермендердің де ығыры шығып, құдды бір моншаға түсуге келгендей әсерде болған. Биыл да «Ордабасы» еурокубок додасында өнер көрсетеді. Ал стадион әкімшілігі, жалпы клуб басшылығы мен облыс атқамінерлері былтырғы сарсаңнан қандай сабақ алды екен? Сол кезде Оңтүстік Қазақстан облысын басқарып отырған Асқар Мырзахметов бұл мәселені өз басшылығына алуға уәде берген еді. Ол кеткеннен кейін «жабулы қазанды» ашқан біреу бар ма?
– Бар. Қазір бұл тұрғыда жұмыстар жасалып жатыр. Еуропа лигасына дейін бәрі де тап-тұйнақтай болады. Стадионның мачтасына да, ішкі бөлмелеріне де жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. Сондықтан, бұл жайында қам жемеңіздер, - деп жақында «Ордабасының» бас бапкері Бақтияр Байсейітов бізді сендірген. Ендеше Еуропа лигасын күтелік.
«Оқжетпес» өз алаңына қашан оралады?
Премьер-лигада өз алаңына оралмаған бір ғана клуб қалды. Ол – Көкшетаудың «Оқжетпесі». Тоғызыншы турға дейін «Астана-Аренаны» паналап келген Владимир Муханов шәкірттері екі матчты Щучинскіде өткізіп, қазір қайта елордаға оралды. Алдағы екі кездесуін де көкшеліктер Астанада өткізуді жоспарлап отыр. Клуб директоры Николай Паниннің сұхбатына сенсек, «Оқжетпес» Көкшетауға тек маусым айының ортасында ғана бармақ.
– Биыл ауа-райы қиын болды. Қазір өзіміздің алаң әлі дайын емес. Команданы жіберер болсақ, шөбін өлтіріп аламыз. Әлбетте, біз жанкүйерлерімізді жақсы түсінеміз. Олар да бізге түсіністікпен қарайды деген ойдамын. Дегенмен, 29 мамырдағы және 2 маусымдағы ойында да қонақтарды «Астана-Аренада» қабылдаймыз. Көкшетауға тек маусымның ортасында ораламыз, - деді клубтың баспасөз қызметіне Николай Панин.