Вернуться к списку статей

Жартылай финал – төртеу түгел

Футбол
2K
Қазақстан кубогы. Ширек финал.
Бүгін футболдан ХХV Қазақстан кубогының ширек финалдық ойындары өтіп, жартылай финалға додаға түсетін төрт команда анықталды: “Астана”, “Қайрат”, “Ертіс” және “Атырау”.

ҚайратТалдықорғанда жеңіске жетті

«Қайрат» Талдықорғанда «Жетісумен» кездесіп, жеңіске жетті. Бірінші таймның басында екі гол соғып алды да, тізгіндерін сәл де болса тартқандай болды.

Бұл ретте алаң иелерін атап өтуге тиіспіз. Олар қарсы шабуылдар ұйымдастырып, қонақтарының қақпасын нысанаға алумен болды. Әсіресе екінші таймның басында қауіп төндірумен болды.

Бірақ «Қайрат» жеңісті есепті уысынан шығарған жоқ. Екі команда да қосалқы құрамдағы ойыншыларын алаңға шығарып, тіпті жас футболшыларына да мүмкіндік берді. Алматы клубы жартылай финалға шығу мәселесін ойынның алғашқы 15 минутында шешіп алып, әрі қарай көп күш жұмсамауға тырысты.

«Жетісу» – «Қайрат» – 0:2

Голдар: Лунин, 4. Джалович, 14-автогол.

«Жетісу»: Пасеченко, Кадио, Джалович, Клайн, Сағындықов, Әділханов, Мыңбаев (Шабаев, 46), Калинин (Савич, 55), Харун-Заде, Хасанов (Тұрысбек, 20), Симоновски.

«Қайрат»: Плотников, Қуантаев, Рудосельский, Маркович, Лунин, Бакаев, Дарабаев, Аршавин (Вороговский, 75), Исламхан (Нұрмұғамет, 88), Исаэль (Ли, 81), Гоу.

АстанаҚызылжарды қызыққа бөледі

«Астана» ел кубогы аясындығы бүгінгі матчта да, негізінен, қосалқы құрамдағы және командаға биыл қосылған ойыншыларына сенім артты. Бірақ дәл қазіргі таңдағы сұрмерген шабуылшысын да алаңға шығарды.Сірә, гол соғып, өзіне деген сенімділігі артып, ысыла түссін дегендері болар.

Өз кезегінде Джордже Деспотович те бапкерлерінің сенімін ақтап, ой-жоспарларын жүзеге асырды. Бір емес, екі гол соқты. Асхат Тағыберген де негізгі құрамда алаңға шығып жүргендігі кездейсоқтық емес екендігін дәлелдегендей болды.

Бірінші лигада ойнайтын алаң иелері жанкештілік танытты. Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнаған, азуы алты қарыс «Астанамен» тайталасып бақты. Екі доп айырмасымен ұтылып жатса да, жеңісті қолдан бермеуге тырысты. Екі мәрте есепті қысқартып, кубок додасының көрігін қыздырды.

Осылай, «Астана» өзі де ойнап үш гол соқты. Әрі қарсыласына да мүмкіндік беріп, көрермендердің делебесін қоздырды. «Қызыл-Жар» да аянып қалған жоқ. Ел чемпионының қақпасына екі доп енгізіп, қонақтардың қорғашыларының екі аяқтарын бі етікке (немесе бутсаға) тықты....

«Қызыл-Жар СК» – «Астана» – 2:3

Голдар: Деспотович, 33 (0:1). Деспотович, 65 (0:2). Бурцев, 69 (1:2). Тағыберген, 73 (1:3). Ступич, 80 (2:3).

Ертісте – жартылай финалда

Бұл ойын Астанада өтті. Үйі болса да, “күйі” жоқ, стадионы болса да, онда “ойнай алмайтын” «Оқжетпес» павлодарлықтарды «Астана-Аренада» қабылдады.

Екі команда да алаңға кейбір үздік ойыншыларын шығарған жоқ. Ол түсінікті де. Алдағы уақытта төрт күн сайын ойнау керек болады. Ел чемпионатының күнтізбесі “тығыздалып” тасталды. Күш-жігерлерін үнемдеп, негізгі құрамдағы ойыншыларын кезек-кезек дамылдатып алу керек.

«Ертіс» есеп ашқанымен, «Оқжетпес» таразы басын тез теңестірді. Ойынның аяғына қарай екі команда да құрамдарын күшейтіп, алаңға тәжірибелі ойыншыларын шығарды. Әйтсе де, бұл күні ерке Ертіс жағалауынан келген команданың бағы жанып, жеңісті өңгеріп кетті.

«Оқжетпес» – «Ертіс» – 1:2

Голдар: Фонсека, 41 (0:1). Чертов, 49 (1:1). Фаль, 72 (1:2).
Мұртазаев 6-минутта пенальти соға алмады (қиыс тепті).

Атыраумен “Ордабасы” ұзақ арпалысты

«Атырау» мен «Ордабасы» бірін-бірі ала алмай, ұзақ арпалысты. Бұл ширек финалдағы ең қызықты матч болды. Соңғы ойындарда екпін алған «Атырау» азулы қонақтарына дес бермеді. Тіпті айласын асырып та кетті.

Негізі, екі команда да 70 минут бойы бір-біріне гол да соға алмай қойды. Ойынның аяғына қарай алаң иелері есеп ашқанымен, қонақтар соңғы минутта есепті теңестірді.

Қосымша екі экстра таймда да гол соғылған жоқ. Сөйтіп, жартылай финалға шығатын команданы анықтау үшін, пенальтиге жүгінуге тура келді. Мұнда «Ордабасы» футболшылары екі мәрте мүлт кетіп, «Атырау» көрермендерін қуанышқа бөледі.

«Атырау» – «Ордабасы» – 1:1 (пенальтиден – 4:1)

Голдар: Аржанов, 71 (1:0). Абдулин, 90 (1:1).
Пенальти: Эссаме 1:0. Төлебек 1:1. Куртеян 2:1. Тәжімбетов 2:1 (белтемір). Трытко 3:1. Сүйімбаев 3:1 (қақпашы). Аржанов 4:1.

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика