Бұл жөнінде ҚФФ басшысы Ерлан Қожағапанов «иә, мен ұлттық құраманың мүддесі үшін, бәрін де ысырып қойып, лигаға қысым көрсеттім, федерация президенті ретінде тура осылай істеуге мәжбүр болдым» деп “ағынан” жарылды.
Дұрыс делік. Бірақ ҚФФ президенті дауыс беру кезінде жолдастық кездесуді тура осы мезетте өткізуге қарсы болған екі клуб басшысына өкпесі қара қазандай екенін де жайып салды. Тіпті оларды жазғырды да.
Сонда демократия, ашықтық, жариялылық дегендер қайда? Ешбір клуб өз пікірін, көзқарасын ашық білдіруге құқылы емес пе? Ал ҚФФ президенті «Ертістің» директоры Игорь Елащукке Отанын қалай сүю керек екендігі жөнінде лекциялар оқылатындығын, әрі қалтасынан қағылатындығын да БАҚ арқылы меңзеп, тісін қайрап жүргенін сездіргендей болды.
Жалпы, ұлттық құраманың жолдастық кездесу өткізуіне ЕШКІМ де ҚАРСЫ ЕМЕС. Тек алдын-ала келісіп алып, не болмаса клубтармен емен-жарқын сөйлесіп, ың-шыңсыз шешуге болар еді ғой. Міндетті түрде, қабақ шытып, қорқытып-үркітіп, “үкім” шығару керек пе?!
Осы түсінбеушілік, кикілжің біздің елде нағыз футбол клубтары жоқ екендігін дәлелдеп бергендей болды. Бізде тек басшыға, түптеп келгенде облыс әкімдеріне тәуелді командалар ғана бар сияқты. Бәрі де басшысынан ығады. Бәрі де ҚФФ президенті айтқандай, оның жоғары жақтағы таныстары мен басшыларымен қатынасы бар екендігінен шошиды. “Таныстары арқылы облыс әкіміне шықса, шаруамның біткені” деп, тілдерін тістейтіндей.
Өйткені, Кәсіпқой футбол лигасы кеңесінің бейнежазбасына сүйенсек, әуелі ешкім де қолдай жөнелмей, ҚФФ президентінің түсініктемелік “лекциясы” мен қысымынан кейін бәрі де жапа-тармағай дауыс берді. Әрі федерация басшысына қажетті шешімді қолдады.
Мұны дәл қазіргі жағдайдан да көреміз. ҚФФ президенті «Қайраттың» директорына әмірі жүрмейтіндіктен тек сырттай әжуалап, “клуб қожайынына қызмет етіп, кіріс-шығыспен айналыссын” дегеннен аса алмады. Ал «Ертістің» директорына сыққанда “сөлін” алатын лектор табатынын сенімді түрде мәлімдеді.
Шынымен де, бізде «Қайрат» клубы ғана – нақты қожайыны бар, бизнес-инфақұрылым. Былайша айтқанда, жекеменшік иесіндегі ұжым. Рас, Алматы әкімдігінің де акциялары болуы керек. Десек те, футбол клубы ретінде дамыған бизнес-жоба.
Ал қалған “клубтарымыз” – облыс әкімдіктері бюджеттеріне (түптеп келгенде мемлекетке) тәуелді командалар. Сондықтан оларды клуб деп атаудың өзі артық шығар. Тіпті «Астана» футбол клубының өзі – мемлекеттік компанияға, нақтырақ айтқанда акционерлік қоғамға кіріптар команда.