Вернуться к списку статей

Қазақстан құрамасы Әзірбайжан футболшыларымен кездеседі

Футбол
2K
Фото kff.kz сайтынан
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы наурыз айында Әзірбайжан құрамасымен жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр.

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы наурыз айында Әзірбайжан құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді. Бұл ақпаратты Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты жариялады.

Қазақстан футбол федерациясы мен Әзірбайжан футбол қауымдастығы өздерінің ұлттық құрамалары арасында жолдастық матч өткізу жөнінде уағдаласыпты. Бұл матч 26 наурыз күні Түркияның Анталия қаласында өтеді екен.

Жалпы, футболдан Қазақстан мен Әзірбайжан құрамалары жеті рет кездесіпті. Төрт рет Еуропа чемпионатының електік додаларында жолдары түйіссе, үш рет жолдастық кездесу өткізген. Осы ойындардың екеуінде біздің футболшылар басым түсіп, екеуінде Әзірбайжан жігіттері жеңіске жеткен. Қалған үш ойын тең аяқталған. Ал осы екі құрама арасындағы соңғы ойын 2011 жылы өткен болатын.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері әлі бекітілген жоқ. Әзірбайжан құрамасымен өтетін жолдастық кездесуге дейін Қазақстан футбол федерациясының бір шешімге тоқталып, ұлттық құрамамыздың бас бапкерін жариялайтыны анық.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика