Вернуться к списку статей

Қожағапановтың "шапито-шоуы" шаршатты

Футбол
2K
Қожағапановтың спектаклінде шек болмай тұр
Анти-жарнаманың өзі PR ғой. Сондықтан, ол жайлы жазғың да келмейді. Бірақ, бассыздықты көре отырып, қалай бұл жайлы тебіренбейсің. Иә, тағы да Қазақстан футбол федерациясындағы бассыздық жайлы жазбақпыз.

Журналисті өздері шақырып, өздері кіргізбеді

Алдыңғы күні белгілі бір сайттың журналисі Ерлан Қожағапановтан пікір алу үшін камерасын көтеріп, Қазақстан футбол федерациясының кеңсесіне кірген екен. Тоқтарханұлымен біраз сөйлескен. Оқырман қойған үш сұраққа синхрон жазу үшін бір сағаттан астам уақыт жұмсап, талай дубль жасаған. Сонда Қазақстан мен Қытай арасындағы жолдастық кездесу жайлы сұрағанда Қожағапанов «Ертең осыған байланысты Лига кеңесінің мәжілісі өтеді. Соған келіңіз» деп арнайы шақырған. Баспасөз қызметінің жетекшісі Константин Харламовпен бірге «тағы кімдерді шақыруға болады?» деп те сұраған.

Алайда ертеңінде камерасын артынып, Кәсіпқой футбол лигасының кеңсесі орналасқан «Бейжің Паласқа» келген журналист Лига кеңесінің отырысына сол күйі кіре алмай кетіпті. Баспасөз қызметінің жетекшісі «Бұл жабық түрде өтетін мәжіліс. Журналистерге кіруге болмайды» деп шығарып салған.

Ал енді мұны қалай түсінуге болады? Өздері шақырып алып, өздері есікті жауып алғандары ма? Бәлкім, «іштегі айқай сыртқа естілмесін» дегені болар. Қалай болған күнде де Лига кеңесінің мәжілісі қалай өткенін баршамыз жақсы білеміз.

Өзі би, өз қожа – Қожағапанов

Кеше Кәсіпқой футбол лигасының алқақотан жиыны өтіп, оны Қазақстан футбол федерациясының Президенті Ерлан Қожағапановтың өзі жүргізді. Модераторлық барысында «Ақтөбе» футбол клубының директоры Дмитрий Васильевтің көмектескенін де айта кету керек. Ал Кәсіпқой футбол лигасының жарлығы бойынша алқақотан мәжілісін КФЛ Президенті жүргізуі қажет. Сәйкесінше, Президенттің кандидатурасын Қазақстан клубтарынан құрылған Лига кеңесі ұсынып, сайлайтын да солар. Дегенмен, экс-басшы Олжас Абраев «отставкаға» кеткеннен кейін жаңа Президенттің кандидатурасын көпшілікке Қожағапановтың өзі ұсынды.

Абраев неге кетті?

Қызметінен «өз еркімен» кеткен Олжас Абраев көп ұзамай шағын ғана сұхбат берді. Онда Қазақстан футбол федерациясының көзқарасымен, ұстанған саясатымен келіспейтіндігін ашық айтқан. Сондай-ақ, 7 маусым күні Далянда өтетін Қытай мен Қазақстан арасындағы жолдастық кездесуіне байланысты қызметінен кетіп бара жатқандығын да жасырмаған.


– Менің басшылығыммен атқарылған Кәсіпқой футбол лигасындағы жұмыстар үшін еш ұялмаймын. Біз футболдың игілігі үшін тер төктік. Тағы қайталап айтамын, ұлттық құрамамыздың жолдастық кездесулеріне қарсы емеспін. Бірақ, мұның бәрі барлық тараптың келісімімен мәдениетті түрде шешілуі тиіс. Әу баста ұлттық құраманың матчтары үшін біз Футбол федерациясының өтініші бойынша Қазақстан чемпионатының ойындар кестесінен тамыз айына орын қалдырғанбыз. Сондай-ақ, мамыр айынан да бөлу мәселесін ұсынғанбыз. Алайда, қажетсінбеді. Мені қолдаған барша жандарға рахмет, - деді Олжас Шәкенұлы.

Кешегі жиында Абраевтың «отставкасына» ашық қарсы шыққан екі-ақ клуб – Алматының «Қайраты» мен Қызылорданың «Қайсары». Қалғандары үндемеді. Әлбетте, ешкім де Федерацияны өздеріне жау еткісі келмейді. Бұл түсінікті де.

Естеріңізге сала кетейік, Олжас Абраев бұл қызметке соңғы рет 2015 жылдың тамыз айында сайланып, Бағлан Ергешовты алмастырған болатын. Араға тура тоғыз ай салып, Ергешов қайта КФЛ тағына жайғасты.

«Қайрат» наразылық хатын жазды

Лига кеңесінің отырысына «Қайсар» тарапынан клуб директоры Эдуард Глазунов, «Қайрат» футбол клубының атынан бас директор Мәлік Көшәлиев қатысқан. Алайда мәжіліс барысында бассыздыққа төзімі жетпеген Көшәлиев орнынан тұрып, шығып кеткен.


– Кәсіпқой футбол лигасы Жарлығының 8.8.4 бабына сәйкес, Президентті Лига кеңесінің мүшелері дауыс беру арқылы қызметінен босатады. Дегенмен, Дмитрий Васильев ешқандай да дауыс берудің қажеттігі жоқтығын айтып, «кеткен адам кете берсін» деді. «Не сандырақтап тұрсыз?» деп едім, өзіме жармаса кетті. Мұндай циркке шыдай алмай, шығып кеттім, - деді артынша «Қайраттың» бас директоры.


Эдуард Борисович те қарсы шыққандардың бірі болғанымен «Қайсар» футбол клубы әзірге іштей тынып отыр. Артық ауыз сөз айтқысы келмейтіндей. Бұл мәселеге байланысты қандай да бір пікір білдіруді жөн көріп отырған жоқ.

Сондай-ақ, Қытаймен болатын жолдастық кездесуге байланысты ел чемпионатының ойындар кестесіне өзгеріс енгізуге қарсы болғандар, жалпы ойда жоқта жоспарға енген бұл жолдастық матчты құптамағандар да екеу – «Қайрат» пен Павлодардың «Ертісі». Керекуліктер де әзірге үнсіз.

Есесіне, «Қайрат» ашық түрде футбол қоғамдастығына хат жазды. Онда алматылық клуб ҚФФ басшыларын «КФЛ жарлығынан мүлдем хабарлары жоқ» деп айыптап, ұлттық құраманың жолдастық кездесуі алдын-ала ойластырылуы қажет еді дегенді атап өтті.

Қожағапановтың бұл пікірлерге «түкіргені бар»

Кешегі бассыздық туралы «Қайрат» қана емес, ел футболына жаны ашығандардың барлығы да пікірлерін білдіріп жатыр. Олардың арасында қазақ футболының аңызы Құралбек Ордабаев та бар. Бүкіл спорттық басылымның жазып жатқаны осы жайт. Дегенмен, ҚФФ президенті Ерлан Қожағапановтың бұл пікірлердің барлығына да «түкіргені бар». Тіпті, біздің мына мақаламыз да оған шыбын шаққан құрлы әсер етпесі анық. Әлбетте, өзі би, өзі қожа – не істейін десе де өз еркі. Кейде өз былығына батып, саусағын сорып жатқан нәрестені көз алдыңа әкелетіні де жасырын емес. Өз мүддесі үшін бәрін құрбан етуге даяр екенін кешегі мәжіліс дәлелдеп берді.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика