Вернуться к списку статей

Бірінші айналым – төрге озғандар мен көштен қалғандар

Футбол
2K
Фото fca.kz сайтынан
Футболдан Қазақстан премьер-лигасында бірінші айналым тәмамдалды. Рас, кейінге шегерілген бір ойын бар. Әйтсе де, ел біріншілігінің алғашқы бөлігін қорытындылай беруге болады.

Үздік алтылыққа ілігетін бес команда белгілі...

Бірінші айналымнан кейінгі чемпионат кестесі мен командалардың қазіргі аяқ алыстарына қарап, алғашқы алтылықта жүлделі орындарды сарапқа салатын бес команда қазірден белгілі деуге болады.

«Астана», «Ертіс», «Оқжетпес», «Ордабасы» төртеуі маусым басталғалы алдыңғы лекте ойқастап, нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп келеді. Осы қарқындарынан жаңылмаса, алғашқы алтылыққа ілігіп, ел чемпионатының екінші кезеңінде жүлделі орындарды сарапқа салатындарына шүбә келтіре алмаймыз.

Содан соң, «Қайрат». Дәл қазір алтыншы орында тұрғанымен, жүлделі орындырдың бірі тұрмақ, чемпиондық атаққа да таласатын шығар. Оған әлеуеті де, шама-шарқы да жетеді. Бәрі де өздеріне байланысты. Жалпы, Алматы клубы енді ғана «от алып», ойын өрнегі бірінші айналымның соңында ғана үйлесе басталды.

Алтыншысы қай ұжым?

Үздік алтылыққа ілігуден «Ақтөбенің» де – үміті зор, мүмкіндігі мол. Әрі жай ғана дәмелі емес, 7-орындағы «Тобылдан» алты ұпай, қостанайлықтардан бір саты төмен «Атыраудан» сегіз ұпай озық тұр. Әзірше азуы алты қарыс «Қайраттың» да алдын орап, бесінші орынды «меншіктеп» алған.

Бірақ екінші турдағы «Атырау» мен «Тобыл» арасындағы матч кейінге шегерілген болатын. Яғни осы ойыннан кейін олардың біреуі немесе екеуі де «Ақтөбе» мен «Қайратқа» жақындай түседі, яғни ұпай айырмасын қысқартады. Рас, екеуара матчтан соң «Тобыл» да, «Атырауда» да алтыншы орындағы «Қайратты» қуып жете алмайды. Бірақ бір-бірінің орнын ауыстырулары әбден мүмкін...

Сонымен, біздің болжам-ойымызша, екінші кезеңде жүлделі орындарды сарапқа салатын алтыншы команда осы үшеуінің біреуі болуы керек. Яғни – «Ақтөбе», «Тобыл» және «Атырау».

Алтыншы орынның қызығы мен шыжығы алда

Екінші айналымда қалай болар екен, ә? Команда құрамын толықтай қайта жасақтаған «Ақтөбе» осы бетінен таймай, көсіле сілтей ала ма? Көпшілікті дүрліктерген пенальтилер «жыры» жалғасын таба ма? Жалпы, ұзаққа шабуға «Ақтөбенің» әлеуеті жете ме? Көреміз.

«Атырау» бас бапкерін отставкаға жіберіп, көшбасшыны «алып ұрды». Ойын өрнегінен бір «сілкініс» байқалады. Қорғанысты «жиырылып» жатуды қойғандай... Өз алаңында «Астананың» аптығын басқандай, қонаққа келген үздіктерді (алғашқы алтылықтағы командаларды) «сүріндіріп» отырса, бірер саты жоғары өрлеуі де ықтимал. Оған шама-шарқы жетеді. Құрамында тәжірибелі ойыншылары жетерлік.

«Тобыл» да бас бапкерін қызметінен босатқан. «Жеңіс кілті – шабуылда» деп, алға қарай лап қойса, кез келген команданы тобықтан шала алады. Бар мәселе бас бапкер таңдап алуда сияқты. Жаңа бапкер бағын аша ма, әлде тұңғиыққа батыра ма, оны да көре жатармыз...

Көш соңында дүлей дода әлі қызған жоқ

«Тараз» бас бапкерін ауыстырғын. Украинадан келген Юрий Максмимов – «қайраңда қалған» клубтарды жігерлендіріп, ойын өрнегін жандандыруға машық маман. «Таразбен» ылдиға салып, төске озып шықса, таңданбаймыз.

«Жетісу» желпінсе, жолындағылардың біразын жайпап кете алатындай. Қамшыны басатын кез келді. Бәлкім, екінші айналымда тынысы толық ашылар.

«Шахтер» тек премьер-лигада қалуды мақсат тұтатындай. Бесаспап шабуылшы тапса, жағдайы біраз түзелетін де шығар.

Бірінші лигадан келген «Ақжайықтың» бас бапкері оңды болғанымен, басқасы қоңды емес екен. Жазғы трансфер кезінде құрамына тағы да бірер тәжірибелі ойыншы қоспаса, премьер-лигадағы орнын сақта қалу оңайға түспейді.

Жалпы, көш соңында дүлей дода әлі басталған жоқ. Бәрі әлі алда. Екінші айналымда да емес, нағыз бәсекелстік екінші кезеңде басталатындай...


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика