«Алтай» дауы
Аталған бейнесұхбатта Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов кейінгі күндері көп талқыланып жүрген өзекті мәселелерге жауап берген. Әуелі кеше ғана «Алтай» клубының өкілімен кездескендерін тілге тиек еткен.
Бұл кездесуде ФИФА-ның қатаң талабын орындауға мәжбүр болғандарын егжей-тегжей түсіндірген. Өйткені «Восток» клубы екі легионерге берешек болып қалған. Ал «Алтай» жоғарыда аталған "Өскемен клубының құқықтық мирасқоры болып табылады" делінген ҚФФ президентінің мәлімдемесінде. Енді «Алтайға» футболшыларға тезірек қарыздарын төлеуі керек екен. Әйтпесе, бұған дейін айтылғандай, екінші лигаға жөнелтілуі бек мүмкін...
Ал егер «Алтай» берешектерін дер кезінде өтесе, онда Қазақстан футбол федерациясы ФИФА-ға тоғыз ұпайын қайтарып беру жөнінде өтініш жіберетіндерін мәлімдеп отыр. Сондай-ақ қаржы міндеттемелерін өтеуге берілген уақыт мерзімін созуға өтініш жолдайтындықтарын да жаиялаған.
Халықаралық футбол қауымдастықтары федерациясының талаптарын дереу орындамаса, Қазақстан құрамалары түгелдей ФИФА туы астында өтетін доп додаларының бәрінен шеттетілетіндігін, осындай қауіп төнгендігін көлденең тартқан. Сонымен қатар, клубтарымыздың УЕФА кубоктарынан, яғни Еурокубоктардан аластатылуы мүмкін болғандығын да айрықша атап өткен.
ТБК мүшелерінің кеткендерін мойындады
Содан кейін Тәртіптік-бақылау комитетінің төрт мүшесі өз қызметтерінен кеткеніне тоқталып өткен. Бұл мәлімдеме 6 мамыр күні сағат 18:30-да федерация офисіне Кәсіпқой футбол лигасының қызметкері келіп, Тәртіптік-бақылау комитетінің төрт мүшесінің өз қызметтерінен кететіндіктері жөніндегі өтініштерін әкеліп бергендігінен басталған (Ал бүгін 12 мамыр – автор).
ҚФФ басшысы бұл өтініштерге 4 мамырда қол қойылғандығын, бірақ федерация кеңсесіне 6 мамырда ғана тапсырылғандығына қымсынатындығын білдірген. Оларға қандай қысым көрсетілгендігін талқылайтындықтарын да айтқан.
Енді шұғыл түрде Атқару комитеті отырысын өткізіп, ТБК-іне жаңа мүшелер сайлайтындықтарын жариялаған. Олардың өз міндеттеріне бірден кірісетіндіктерін де мәлімденген. Әрі ТБК тәуелсіз орган екендігін шегелеп атап өтіпті.
PS: Өкінішке қарай, бейнесұхбатты жариялай алмай отырмыз. Себебі ҚФФ президентінің мәлімдемелері орыс тілінде түсіндірілген.