– Сәке, өткенде Қазақстан кубогының 1/8-финалы аясында өткен «Астана-Аренадағы» «Астана» – «Каспий» кездесуінде трибунаға «Алтай» футбол клубын қолдаған баннер алып шығыпсыздар. ОМОН-дармен қақтығысып қалғаныңызды білеміз. Соңы немен аяқталды?
– Егер тыңдайтын болсаң, бәрін басынан айтып берейін.
– Біз тыңдаймыз, басқалар білетін болады. Айта беріңіз.
– Сол жанайқайымызды ел футболының басшылары естісін деп арнайы Астанаға келген едік қой. Тоғыз ұпайымызды жоқтап, әбден сабылдық. Ерлан Қожағапановтың қабылдауына сол күйі кіре алмадық. Бірде орнында болмай шығады, бірде көмекшісі басқа маңызды шаруалары көп екенін айтады. Есесіне, бірінші вице-президенті Бағлан Ергешевтің «Ақтөбе» футбол клубының директоры Дмитрий Васильевті әуежайдан күтіп алып, ҚФФ президентіне апарғанын көрдік. Қанша жыл футбол жанкүйері болып жүрмін, бірақ «клуб директорын Федерация вице-президентінің өзі күтіп алыпты» дегенді бұрын-соңды естімеппін. Қайта Сейілдә Икрамұлы Байшақовқа рахмет! Бізді жылы қабылдап, барынша күтті.
– Ал баннер идеясы қайдан шықты?
– Қожағапановтан көңіліміз қалып, журналистер көрсін, халық білсін деп «Астана» – «Каспий» кездесуіне арнайы баннер дайындадық. Онда «Алтай» төлтаңбасының шытынаған суреті және оны ұрып тұрған ҚФФ деген жазу бар зілбалға бейнеленген. Төбесіне орысшалап «Ломать не строить» деп жаздық. Екінші тайм бастала берген сәт болатын. Баннерімізді көрінсін деп жоғары көтердік. Кенет стадионның VIP-ложасына көзім түсіп кетті. Біреу бізге қарай қолын көрсетіп, қасындағы адамға нұсқау беріп жатыр. Арада бес минут өткен жоқ. Қасымызға ОМОН-дар жетіп келді. Қолымыздағы баннерді жұлып алып жатыр. «Әй, балам, тарт қолыңды! Нең бар бізде?», - деп едім, «Аға, жоғарыдан нұсқау түсті», - деп жауап берді. «Кім?» десем айтпайды. «Астана-Арена» стадионының басшылары» дейді. Қақтығыс куә болған басқа жанкүйерлер де жетіп келді. Журналистер суретке түсіріп жатыр. Сонда да баннерді жинап қоюымызға тура келді. Меніңше, Қожағапановтың өзі сол ойында болған жоқ шығар. Бірақ қасындағы адамдарына ұнамады-ау деймін. Ойыннан кейін де әлгі ОМОН-дар көпке дейін қасымыздан кетпей жүріп алды. Тек таксиге мінген соң ғана тынышталды-ау деймін.
– Одан кейін Өскеменде «Алтай» – «Қайсар» матчы өтті. Ол жақта бәрі тыныш болды ма?
– Баннерді өзімізбен бірге Өскеменге алып кетіп, «Алтай» – «Қайсар» кездесуінде де іліп қойдық. Сөйтсек, тағы да күзетшілер жетіп келді жанымызға. Көп тұрғызбады. Ол жақта да осындай жағдай қайталанып, алып тастауға мәжбүр болдық. Матч инспекторы талап еткен екен.
– Енді ертең «Алтай» Астанаға қонаққа келеді. «Бәйтерекпен» болатын матчқа не дайындадыңыздар?
– Әзірге айта алмаймын. Алдымен ойын басталсын. Қалай болған күнде де командамызға барынша қолдау көрсетуге тырысамыз. Ал әлгі баннерді ілмейміз. Онсыз да өткенде сол үшін төбелесуге дейін барып қалдық. Бұл жолы тіпті аямас.
– Қалай ойлайсыз, «Алтайдан» алып қойған тоғыз ұпайды Қазақстан футбол федерациясы қайтадан қайтарып беруі мүмкін бе?
– Бәрі мүмкін. Оның үстіне, даудың неден туғанын білесіздер. «Востоктың» қарызын «Алтайдың» мойнына іліп жіберіп отыр. Ал «Восток» пен «Алтай» мүлдем екі бөлек клуб. Екеуінің де директорлары бөлек. Иә, ФИФА тарапынан Қазақстан футбол федерациясына хат келіп, мәселенің мән жайын анықтауға нұсқаудың түскені рас қой. Бірақ «Востоктың» берешегі үшін «Алтайды» жазала деген жоқ шығар. Сондықтан, бұл мәселені осы күйінде жылы жауып қоя салуға болмайды.
– Ендеше, сәттілік!