«Тараз» соңғы орынға түсті
Мәселен, Нұрмат Мырзабаев бастаған «Тараз» өз алаңында турнир кестесіндегі көршісі «Шахтерден» жеңіліп қалды. 70 минут бойы шабуылдаған алаң иелері қонақтардың екі қарымта шабуылынан көз жазып қалып, төрт минуттың ішінде қақпасына екі гол жіберіп алды. Екеуін де ұйымдастырған финляндиялық легионер Эрфан Зенели. Алдымен жартылай қорғаушы әріптесі Деслей Уббинкке пас асырған. Голландиялық легионер Сергей Скорыхты іздеп тапты. Ал Скорыхқа допқа аяғын дәл қою ғана қалған еді. Одан кейін Зенели капитаны Андрей Финонченконың гол соғуына себепкер болды. Абырой болғанда «Тараз» соңғы минутта гол соғып, таблодағы көрсеткішті қысқарта алды. Одан әріге шамалары жеткен жоқ.
«Жетісудың» да жағдайы мәз емес
Алматыға ойынға екі сағат қалғанда ұшып барған талдықорғандықтар әр таймда қақпасына бір-бір голдан жіберіп, 0:2 есебімен ұтылып қайтты. Тоқсан минутта Алмас Құлшынбаев шәкірттері алаң иелерінің қақпасына небәрі бір ғана соққы жасай алған екен. Ал алғашқы голды қонақтар өз қақпаларына соғып алды. Бұл ойынның 25-минуты еді. Бұрыштамадан әуелете көтерілген пасты Жерар Гоу қақпаға баспен бағыттаған. Қақпашы Пасеченко өз орнынан табылып, допты қайтарып үлгергенімен «теңбіл снаряд» қорғаныстағы әріптестеріне көмекке келген шабуылшы Бауыржан Тұрысбекке тиіп кетіп, қақпаға қайта кірді. Одан кейін Леандре Тавамба Қазақстан аренасындағы екінші голын соқты.
«Атырауда» да күн бұлтты
Биыл бірінші рет қонақтарды негізгі стадионы «Мұнайшыда» қабылдаған «Атырауды» жеңілістен польшалық легионері Пшемыслав Трытко құтқарып қалды. Әйтпесе, алаң иелері ойынның 5-ші минутында-ақ қақпаларына гол жіберіп алған. «Ордабасымен» кездескен еді. Қақпашымен жеке-дара шыққан Филип Касалица есеп ашқан соң Владимир Никитенко шәкірттері бар күштерін шабуылға салып, ақыры үзіліске бір минут қалғанда есепті теңестіріп кетті. Голдың авторы әлгі Трытко.
Екінші тайм да «Атырау» үшін сәтсіз басталды. Тағы да бесінші минутта гол жіберіп қойды. Бұл жолы бұрыштамадан көтерілген допқа қақпашы Жасур Нарзикулов пен «ордабасылық» Ренат Абдуллин қатар секіріп, алаң иелерінің қақпашысы өз қақпасына гол соғып алуға мәжбүр болды. Әріптестері ойын ережесінің бұзылғанын айтып, төрешіге шағымданғанымен қостанайлық қазы Анатолий Вишниченко селт етпеді. Қайта бақтарына орай польшалық шабуылшысы бабында екен. Ойынның соңғы минуттарында тағы да таразы басын теңестірді.
Оралдағы тең ойын
Матч қарсаңында Оралға арнайы барып, жергілікті атқамінерлермен келіссөздер жүргізгеніне қарамастан Дмитрий Васильев дегеніне жете алмады. «Ақжайық» бәрібір «Ақтөбені» қосалқы алаңы «Ақжайық» аренасында қабылдады. Ал ойын іш пыстырып, екі команда да бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.
«Астана» алысқа ұзады
«Астананың» алғы шебі былтырғымен салыстырғанда әлсіз секілді. Рас, құрамы қарымды, шабуылшылары ширақ. Бірақ алаңда бір голдан артық соға алар емес. Нақты айтсақ, тоғыз кездесудің бесеуінде 1:0 есебімен жеңген екен. Бұл жолы жеңісті Джордже Деспотович жұлып әперді. 74-минут болатын. Патрик Твумасидің бұрыштамадан көтерген добын қақпаға серб шабуылшысы дәл бағыттады. Енді олар келесі турда Оралдың «Ақжайығын» қабылдайды.
«Ертіс» өкшелеп келеді
Павлодарлық клубтың болгар бапкері Димитар Димитров шәкірттеріне риза. Енді ше, әр тур сайын үш ұпайдан алатын «Ертіс» бұл жолы да оңай жеңіске жетті. Қостанайдың «Тобылын» қабылдаған олар бірінші таймда тең түскенімен үзілістен кейін матч тізгінін толығымен өз қолдарына алып, 3:1 есебімен басым түсті. Келесі тур да павлодарлықтар үшін қиын болмауы тиіс. Өйткені, көш соңындағы «Таразды» қабылдайды. Ал одан кейін Димитров шәкірттерін Алматыдағы қиын сынақ күтіп тұр.
Премьер-Лига, 9-тур, 5 мамыр
«Тараз» – «Шахтер» (Қарағанды) 1:2 (0:0)
Голдар: Скорых, 71 (0:1). Финонченко, 76 (0:2). Байтана, 90+3 (1:2).
«Тараз»: Григоренко (к), Воротников, Баялиев (Данилюк 46), Әмірханов, Айтбаев, Д.Евстигнеев, В.Евстигнеев (Таубай 84), Сүлей (Байтана 75), Шахметов, Зенькович, Мане,.
«Шахтер»: Багинский, Уббинк (Ягуби 76), Арзуманян, Садовничий, Сзоке, Зенели, Нұрыбеков (Пикалкин 77), Ермеков, Финонченко (к) (Тарасов 85), Байжанов, Скорых
«Атырау» – «Ордабасы» (Шымкент) 2:2 (1:1)
Голдар: Касалица, 5 (0:1). Трытко, 45+1 (1:1). Нәрзіқұлов, автогол 51 (1:2). Трытко, 86 (2:2).
«Атырау»: Нәрзіқұлов, Дамчевски, Ламанж, Аржанов (Шарпар 71), Куртеян, Трытко, Мулдаров (Сапаров 68), Кузьмин, Шабалин (Макась 58), Қонысбаев, Коробкин (к)
«Ордабасы»: Бекбаев, Диакате, Чатто, Касалица, Абдулин, Мұхтаров, Нұрғалиев (к) (Бейсенов 87), Сүйімбаев, Төлебек (Тәжімбетов 66), Тұңғышбаев, Қожабаев (Симчевич 55)
«Қайрат» – «Жетісу» 2:0 (1:0)
Голдар: Тұрысбек, 25-автогол (1:0). Тавамба, 72 (2:0).
«Қайрат»: Плотников, Исаэль (Қуат 46), Гоу (Тавамба 62), Тимощук, Маркович, Аршавин (Дарабаев 76), Тесак, Бакаев, Исламхан (к), Рудосельский, Лунин
«Жетісу»: Пасеченко (к), Кадио, Кляйн, Савич, Симоновски (Харун-заде 46), Сағындыков (Мыңбаев 64), Әмірсейітов, Әділханов (Балғабаев 77), Шабаев, Тұрысбек, Калинин
«Оқжетпес» – «Астана» – 0:1
Гол: Деспотович, 74.
«Оқжетпес»: Стаменкович, Чертов, Чижов, Еоне, Куксин, Волков, Нганбе (Ристович, 78), Богданов (Бөлешев, 81), Хайруллин, Қожамберді (Юрин, 78), Молдақараев.
«Астана»: Эрич, Бейсебеков (Гурман 46), Аничич, Логвиненко, Шомко, Каньяс, Максимович, Аруна (Тағыберген, 68), Твумаси, Нөсербаев, Деспотович (Щеткин 90).
«Ақжайық» – «Ақтөбе» – 0:0
«Ақжайық»: Багаутдинов, Говедарица, Колуния, Ортиз, Сергиенко, Омаров, Сәрсекенов (Шевцов, 61), Әбдірахманов, Шурыгин, Мальцев (Бегалин, 65), Хромцов (Валиуллин, 76).
«Ақтөбе»: Отарбаев, Кәкімов, Куаджа, Петролай, Сорокин, Ситдиков, Михалев (Цвейба 46), Крюков, Смақов (Тілешев, 24), Жалмұқан (Жаңғылышбай, 69), Бочаров.
«Ертіс» – «Тобыл» – 3:1
Голдар: Фаль, 25 (1:0). Жұмасқалиев, 44 (1:1). Мұртазаев, 74 (2:1). Гогуа, 76-пенальтиден (3:1).
«Ертіс»: Лория, Ахметов, Малый, Йирсак, Керла, Фернандес (Попов, 88), Гогуа (Аяғанов, 90+2), Фаль, Есімов, Джаллоу, Муртазаев.
«Тобыл»: Логиновский, Мирошниченко, Яворский, Кассай, Главина, Шимкович (Жулпа, 81), Мухутдинов, Деак, Н’Диайе (Дудченко, 57), Жұмасқалиев, Хижниченко (Досмағамбетов, 68).