Бұл турда техникалық және тактикалық әрекеттер жүзеге асыру жағынан «Қайрат» клубы үздік шығыпты. «Ақтөбе» командасымен өткен матчта алматылықтар 1130 әрекет қолданған екен. Оның 898-і сәтті аяқталған.
Футболшылардың жекелей көрсеткіштері бойынша, бұл жағынан Анатолий Тимощукке жетер ешкім болмаған. Ол 143 техникалық-тактикалық айла-әрекет қолданып, соның 120-сы сәтті орындалған. Одан кейінгі орындарда – оның командаластары Бауыржан Исламхан мен Михаил Бакаев.
«Тобыл» жетінші турда 138 рет шабуылға шыққан. Бұл көрсеткіш жағынан «Қайрат» – екінші (128), «Астана» – үшінші (123) орында.
Жоғарыда аталған Instat компаниясының есеп-қисабы бойынша, VІІ-турдың үздік ойыншысы – «Астана» клубының жартылай қорғаушысы Рохер Каньяс. Колумбия футболшысының индексі – 233. Екінші орында – «Оқжетпестің» қақпашысы Саша Стаменкович (218). Ал үшінші орында – «Қайраттың» қорғаушысы Лукаш Тесак (216).
Қақпашылар арасында бұл турда да Саша Стаменковичке тең келер ешкім болмаған (индексі – 218). Екінші Ярослав Багинский («Шахтер») – 200, ал үшінші Александр Григоренко («Тараз») – 190.
«Қайрат» ойыншылары қарсыласының қақпасын нысанаға алудан да озық шыққан – 26 рет. Оның 12-ісі «Ақтөбенің» қақпасына тура бағытталған.
Бұл тұрғыда футболшылардың жекелей көрсеткіштеріне көңіл аударсақ, «Оқжетпестің» жартылай қорғаушысы Ристо Ристович бәрінен асып түскен. Ол «Ордабасы» командасының қақпасына 7 соққы (3-еуін тура) бағыттаған. Екінші «Шахтердің» ойыншысы Дэсли Уббинк – 5 (3), ал үшінші Михаил Бакаев – 6 (2).
Қарсыласының қорғанысын «кесіп» те, «тесіп» те өтетін тамаша пас беру жағынан Бауыржан Исламхан мен Мақсат Байжанов теңдессіз танылған. Олардың қолмен қойғандай етіп берген бес пастарының үшеуі аса сәтті орындалған.