Сұхбатымызды бастамас бұрын кейіпкеріміз жайлы бірер ауыз айта кетелік. Артық болмас. Аузымен орақ орып, ісінен сөзі көп қазіргі заманда елге пайдасын іспен дәлелдеп жүргендер өте аз. Сондайлардың бірегейі Абдуллаев. Өз қаржысына «Прогресс.kz» атты команда құрып, оны алдымен қала чемпионы, одан кейін Екінші лига жеңімпазы еткен ол Бірінші лиганы да көздеген. Бірақ орта бизнес өкілінің оған қаржысы қайдан жете қойсын?! Ал қол ұшын созып, көмек берер адам табылмады. Болмаған соң командасының атауын «Астана-1964» деп өзгертіп, астаналық әйгілі клубтың атауын алды. Алайда, ол команданың да ешкімге керегі жоқ болып шықты.
Данияр Қуанбекұлымен «Астана-1964» командасы елорда біріншілігіне қатыспайды деген сыбыстан кейін хабарластық. Ел футболына шынымен де реніші бар сияқты. Порталымызға сұхбат беруге келіскен ол ақыры Қазақстандағы әуесқой футбол жайлы өз ойын бүкпесіз жайып салды.
– Данияр Қуанбекұлы, елордамыздың жазғы біріншілігіне сіз жетекшілік ететін «Астана-1964» командасы қатыспайды деген сыбысты естідік. Бұлай деп кілт шешім қабылдауыңызға не себеп болып отыр?
– Қатысқанмен не пайда? Қандай стимул бар? Мейлі, қатыстық делік. Қала біріншілігін ұтамыз. Оған күмәнім жоқ. Өйткені, құрылғанымызға үш жыл болды, Астанада бізге әлі қарсылас табылған жоқ. Ал одан кейін не істейміз? Негізі қала немесе облыс чемпионы спорттық принціп бойынша Қазақстанның Екінші лигасына қатысуға құқық алады? Бірақ, кешірерсіз, ол біріншілікке қатысуға қазір екінің-бірі бата бермейді. Тым қымбат. Қалта көтермейді. Қазақстан футбол федерациясының Регламенті елімізде әуесқой футболды мүлдем жоққа шығарып тастаған сияқты. Жаңа Регламент бойынша Екінші лига толыққанды біріншілік ретінде өтеді. Яғни, шығын еселеп шығып кетейін деп тұр. Футболшылардың жалақыларынан бөлек, жолақысы, жатын орны, барып-қайтуы сынды шығындар қосылады. Апта сайын осылай. Әуесқой команда үшін бұл оңай емес. Ал негізі, биылға дейін Екінші лига қолжетімді болатын. Алдымен әр аймақтың үздіктері анықталып, финалдық кезең бір қалада өтетін. Әуесқой командалар үшін сол оңай еді. Қазір Екінші лигаға қатысуға шама жетпейді, ал қала біріншілігінде стимул жоқ. Бұл біздің ғана басымыздағы жағдай емес. Еліміздегі барлық әуесқой клуб зардап шегіп отыр.
– Есептеп көрдіңіз бе, Екінші лигада ойнау үшін команданың бюджеті қанша болу керек екен?
– Шынын айтсам, Регламент өзгергеннен кейін қараған да жоқпын. Әйтеуір, аз емес. Қатысу жарнасын қойшы, 3 миллион теңгені төлей салу қиын емес қой. Ал одан кейінгі шығынды есептесеңізші. Мәселен, әр екі аптадағы ойыныңды түзде өткізесің, жол шығыны бар. Ойынды өз алаңында қабылдау үшін, стадионды жалға алуың керек. Төрешілер, қонақтарды күту, футболшылардың жалақысы, ішіп-жеуі – бәрі ақшаға келіп тіреледі. Сонда есептеп қарасаңыз, Екінші лига командасының бюджеті Бірінші лига клубтарының бюджетінен еш кем болмауы керек. Ал Бірінші лига клубының жылдық шығыны кем дегенде 150-200 миллион теңгені құрайды. Ондай қаржы әуесқой командаларда қайдан бола қойсын...
– Егер бұрынғы Регламент сақталғанда Екінші лигаға қатысар ма едіңіздер?
– Әлбетте, қатысар едік. Жоспарымызда болған. Бірақ Регламенттегі ережелерді көріп шошыдық. Ол үшін үлкен демеуші керек немесе әкімдік тарапынан қолдау қажет. Шындығында осы Регламент арқылы Қазақстан футбол федерациясы есігін тарс жауып, еліміздегі барлық әуесқой клубтардың тамырын балта шапқан сияқты. Мұның барлығы ел футболын спорттың осы түрін дұрыс түсіне бермейтін адамдардың басқаратындығынан деп ойлаймын.
– Былтыр Екінші лигаға қатысқансыздар. Қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атандыңыздар. Спорттық принціп бойынша биыл Бірінші лигаға қатысуларыңыз қажет еді. Не кедергі болды?
– Бірінші лигаға қажетті бюджетті білесіз ғой. Ондай қаржы бізде қайдан бола қойсын? Өзіміздің шамамыз жетпеген соң көмек сұрап, демеушілер іздедік. Қазақстан футбол федерациясынан бөлек, Астана әкімдігінен дейін хабарластық. Бәрі бізді жылы шығарып салды. Айтатындары сол, өз күшімізбен ойнауымыз керек, ал демеушіні сырттан іздеу қажет. Сондықтан, қазір бәрінен көңіл қалды. Қала біріншілігіне қашанғы қатыса береміз?
– Сонда енді Астана қаласының жазғы біріншілігіне қатыспайсыздар ма?
– Бәрібір футболға деген махаббатым басым ғой. Ойланып көреміз. Қатыссақ та «Астана-1964» емес, команданың бұрынғы атауын қайта қайтаратын шығармыз. Өйткені, «Астана-1964» деп өзгергеннен аса көп пайда көрмедік. Шыны керек, «елорданың әйгілі клубы қайта оралыпты» деп қуанған он шақты жанкүйерден басқа ешкімді көрмедім. Оларға рахмет! Қысқы біріншілікте әрдайым келіп, қолдап отырды. Дегенмен, мен одан да зор көрсеткіш күткенмін. «Астана-1964» деп аталсақ, демеушілер тартуға болады деп үміттендім. Алайда, футбол қазір ешкімге керек еместігін түсіндім. Енді «Прогресс.kz» ретінде қатысатын шығармыз. Оның үстіне, жастарға көңіл бөле бастаймыз. Команда құрамында бұрыннан бар жігіттердің арасына ақырындап 16-17 жасар жасөспірімдерді қосып, соларға көңіл бөлеміз.
– Астана қаласының қысқы біріншілігінде қарсылас шақ келтірмей, чемпион атандыңыздар. Жалпы, сол дода несімен есте қалды?
– Биылғы біріншіліктің деңгейі бұрынғыларға қарағанда әлдеқайда жоғары болды. Әр ойын тартысқа толы болып, керемет әсер, адреналин алдым. Чемпиондықтың тағдыры тек соңғы минуттарда ғана шешіліп, ақыры жеңіп алдық. Алайда, кейбір командалардың, нақты айтсақ «Достардың» қылығына өкпелімін. Марапаттау рәсімінде біз оларды сыйлап, қол соғып тұрдық қой. Ал кезек бізге келгенде, бұрылды да кетіп қалды. Кішкене қарсыласқа деген құрмет болуы тиіс. Соңына дейін қалса ешнәрселері кетпейді ғой. Жеңілгендеріне кінәлі біз емес. Үш жылда өзара жеті рет кездесіппіз. Біреуінде де бізді жеңе алмады. Мүмкіндіктер де бердік. Осы жолы да бізді жеңіп, чемпион атанатын мүмкіндіктері болды. Бірақ пенальти соға алмады. Бізге емес, өздеріне ренжісін. Ал футболда FAIR PLAY деген болуы тиіс.
– Данияр Қуанбекұлы, жалпы футбол командасын қаржыландырып, турнирлерге қосу сізге не пайда береді?
– Адреналин, драйв, ләззат. Бұдан басқа еш пайда жоқ. Футболға деген махаббатым үшін осылай команда ұстап жүрмін. Әйтпесе, шығыны болмаса, бір тиын табыс түспейді. Негізі біздің компания жол салумен, жөндеумен айналысады. Республика көлемінде жұмыс істейміз. Ал футболды бала кезімде ойнап, әуесқой деңгейінде доп тепкенім болмаса, одан арыға барған жоқпын. Содан бір күні, осыдан үш жыл бұрын ғой, Бақдәулет Бексұлтанов деген бұрыннан араластығымыз бар жерлес жігіт келіп, «Дәке, Астанада футболдан қала біріншілігі басталайын деп жатыр екен. Ойындар «Астана-Аренада» өтеді. Соған шымкенттіктердің басын құрап, бір команда шығарайық та», - деп ұсыныс тастады. «Астана-Арена» деген соң қызығып, «онда бастайық» деп қостай кеттім. Сол жылы соңғы турда басты бәсекелесімізден жеңіліп қалып, екінші орын алып қалдық. Содан бері «Прогресс.kz» деген командамен турнирлерге қатысып жүрміз. Арасында өзім де алаңға шығып, доп теуіп тұрам. Футболға деген махаббатым ғана мені Астана қаласының жазғы біріншілігіне команда шығаруға итермелеп отыр.
– Сұхбатыңызға рахмет! Еңбегіңізге игілік!