Вернуться к списку статей

Уәдені орындамай Какауды өзіміз өкпелетіп алған жоқпыз ба?

Футбол
2K
Какау неге Қазақстаннан кетем дейді?
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Какаудың кешегі Әзірбайжан баспасөзіне берген сұхбатынан кейін Қазақстан футзал қауымдастығының Президенті Лев Кимге хабарласып, мәселенің мән-жайын сұрадық.

– Лев Юрьевич, Қазақстан ұлттық құрамасымен Какаудың арасындағы келісімшарт аяқталғаны рас па?

– Иә, рас. Әлем чемпионатының електі кездесуінің аясында Польшамен өткен ойыннан кейін Какаумен келісімшарт мәресіне жетті. Дегенмен, қазір келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бас бапкердің өзі қазір Бразилияда. Кетерінде сөйлесіп, алдын-ала келіскенбіз. Телефон арқылы күнде хабар алмасып тұрамыз. Ол ешқайда кетпейді. Келісімшартты ұзартамыз.

– Ал оның «Әзірбайжан ұлттық құрамасын жаттықтыруға қарсы болмас едім» деп сұхбат бергенін қалай түсінуге болады?

– Оның Қазақстан құрамасымен келісімшарты аяқталған. Ал жаңа келісімшарт әлі жасалған жоқ. Сондықтан, қазір қалай деп сұхбат берсе де өзі біледі ғой. Оның үстіне, оған қазір тек Әзірбайжаннан ғана емес, басқа да елдерден ұсыныстар түсіп жатқан болар. Бір жағынан жоғалтып аламыз ба деген қауіп те жоқ емес.

– Демек, Какау бапкер Қазақстанның алдында өз бағасын өсіргісі келіп жатыр деуге болады ғой?

– Бір жағынан ол да бар шығар. Дегенмен, оған өз бағасын өсірудің қажеті не? Онсыз да қандай маман екен барша Қазақстан жанкүйері мен сарапшылары жақсы біледі. Қандай себеппен бұл сұхбатты бергенін білмеймін ғой. Алайда, Әзірбайжанға кетсе, жаңа командамен Қазақстан бағындырған белестерге қол жеткізеді деп айту қиын. Бір жерде жақсы жұмыс жасаған жаттықтырушы әрдайым екінші жерде соншалықты табысты бола бермейді. Негізі, Қазақстан футбол федерациясының Какау мен ұлттық құрама алдында қарызы бар. Бәлкім, бір жағынан сол үшін де ренжіп, осылай деген шығар. Жай ғана түсініспеушілік деп ойлаймын.

– Енді жаңа келісімшарт қашан және қанша уақытқа жасалады?

– Қазір демалыста ғой. Мамыр айында бәрі шешіледі. Келісімшарттың уақытын да сол кезде талқылармыз. Какау әлемдік деңгейдегі өте білікті маман ғой. Оны оңайлықпен жібере қоймаспыз.


Какауды өзіміз өкпелетіп алған жоқпыз ба?

Қазақстан футзал қауымдастығының Президенті осылай дейді. Лев Кимнің айтуынша алаңдайтын ешнәрсе жоқ. Дегенмен, біз Какаудың «Қайрат» футзал командасын да жаттықтыратынын ескеріп, алматылық клубтың баспасөз қызметінің жетекшісі Эльдар Жұмаға хабарластық.

– Какау «Қайратта» әлі жұмыс жасайды. Оның келісімшарты тағы бір маусымға жарамды. «Өзіміз» болып кеткен адам ғой. Одан кейін де Қазақстаннан кетеді деп айта алмаймын, - деді «Қайрат» футзал клубы баспасөз қызметінің жетекшісі.

Әлбетте, Какау бапкердің неліктен мұндай сұхбат бергенін, өкінішке қарай, өзі Қазақстанға келмей біле алмаймыз. Дегенмен, бізге Қазақстан футбол федерациясының Какау мен ұлттық құрама алдында үлкен берешегі бар көрінеді. 

Бізге жеткен ақпараттарға сенсек, бастапқыда Қазақстан ұлттық құрамасының Еуропа чемпионатында сәтті өнер көрсететініне сенбеген Ерлан Қожағапанов ойыншыларға «егер жүлдеге іліксеңдер үлкен көлемде сыйақы беремін» деп уәде еткен көрінеді-мыс. Ал Какаудың өзін үлде мен бүлдеге орауды өз мойнына алған екен. Қазақстан футбол федерациясы сол уәдесін әлі күнге орындаған жоқ. Міне, гәп қайда жатыр...

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика