Вернуться к списку статей

Қазақстанда 70 мың алған ойыншы шетелде 9 мыңға ойнап жүр

Футбол
2K
ҚФФ басшысы Ерлан Қожағапанов Қостанайда легионерлер жайлы толғанды
Өткен жылы Қазақстанда 70 мың доллар айлық алып жүрген футболшының басқа чемпионаттағы жалақысы небәрі 9 мың долларды құрайды.

Қостанайда жергілікті футболсүйер қауыммен кездескен Қазақстан футбол федерациясының Президенті Ерлан Қожағапанов ел футболындағы мұндай жағдайды жемқорлық деп бағалады.

Былтырдан бері еліміздің әр өңірлеріне сапарлауды дағдыға айналдырған ҚФФ басшысы әр кездесуінде клубтардың ашық болуы жайында айтып жүр. «Бұл жекеменшік біреудің қаржысына ашылған клуб емес, халықтың ақшасы. Сондықтан, клубтар жанкүйерлерге есеп беріп, футболшыларының, қызметкерлерінің айлықтарын жасырмай жариялаулары тиіс» деуден жалықпайтын Ерлан Қожағапанов Қостанайда да осы мәселеге кеңінен тоқталды. Кездесудің басынан соңына дейін болған жергілікті «Новая газета» тілшілері қызықты жерлердің бейнекамераға түсіріп те алыпты.

– Африканың немесе Балқан елінен келген легионер өз сұхбатында карьерасындағы ең үздік кезеңді Қазақстанда өткергені туралы айтқаны менің қитығыма тиеді. Өйткені, мұнда жақсы төлейді. Ойнаудың қажеті жоқ, бірақ айлығың тамаша. Футболшы қандай да бір чемпионатқа ақша табу үшін ғана баратын бола, демек ол жақсы емес. Мұны өзгерту керек, - деген Ерлан Тоқтарханұлы Қазақстандағы легионерлердің жайын бір мысалмен көз алдымызға әкелді. – Өткен жылы Қазақстан чемпионатында 70 мың евро алған легионер қазір басқа елдің екінші дивизионында 9 000 доллар алады. Бұл не? Бұл –арсыздық. Мұндай шектен шыққандыққа жол бермек керек. Басқа елде 9 000 доллар алады. Міне, оның нақты бағасы. Ал бізде неге көп? Өйткені, жүйе солай, жемқорлық жайлаған. Агент, делдалдармен жұмыс жасауды да қою қажет. Қажетті футболшыға тікелей хабарласқан жөн, - деді Ерлан Қожағапанов.

ҚФФ басшысының қай футболшыны меңзегенін түсіну қиын. Біздің елге кім келіп, кім кетпей жатыр дейсіз. Бірақ сөзінің жаны бар екені рас. «Мәссаған, 70 мың доллар» деп жаға ұстамай-ақ қойыңыз. Егер Қазақстандағы футболшылардың жалақыларын білсеңіз, таңдайыңыздың түсіп қалатыны сөзсіз. 

Мәселен, былтыр жыл соңында Ақтөбеге әкім болып тағайындала салысымен «қолына сыпыртқы алып», футбол шаруашылығына кіріскен Бердібек Сапарбаев «Ақтөбе» футбол клубындағы легионерлердің айлықтарын жариялаған. Сонда Данило Сириноның айына 57 мың, Андерсон Сантананың 61 мың, Данило Неконің 67 мың, ал Маркоз Пиззеллидің 75 мың доллар алатыны анықталған. 

Басқа аймақтар тілдерін тістеп отырғандарымен ол жақтарда да осы айлықтың ар жақ, бер жағы. Рас, «біздегі жалақылардың ең жоғарғысы 20-25 мың доллар болуы тиіс» деп шектеу қойып тастаған командалар бар. Алайда, ол да аз сомма емес.

Міне, сондықтан Қазақстан чемпионатына Ресей, Украина, Белоруссия, Сербия сынды елдердің екінші сұрыпты футболшылары ағылып жатыр. Ал өзіміздің дарынды жігіттер шетел чемпионаттарында ойнағылары келмейді. Өйткені, бізде жатып алып ақшаны күреп табатын болса, сыртта терлеп-тепшіп, мұрныңнан қан кеткенше жүгірсеңде мұнша жалақы алмауың мүмкін.

Жүйе солай. Ол өзгерісті талап етеді.   

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика