Вернуться к списку статей

Жылжиды "Жетісу" алаңда... жылжымайды

Футбол
1K
Фото fc-zhetisu.kz сайтынан
Футболдан Қазақстан премьер-лигасында кейбір командалар нәтижелі ойын үлгісін көрсете алмай жүр. Солардың бірі – «Жетісу» (Талдықорған) клубы.

«Жетісудың» қоржынында – екі-ақ ұпай

Жер жаннаты Жетісудың футболшылары төрт ойында екі-ақ ұпай еншіледі. Екі рет тең түсіп, екі мәрте жеңілістің кермек дәмін татты. Осы матчтарда төрт гол соғып, өз қақпаларына алты доп жіберіп алды.

«Жетісу» бірінші турда «Атыраумен» тең түсті. Есеп – 1:1. Бұдан кейін Теміртауға барып, «Шахтермен» де ұпай бөлісті (0:0). Сәуірдің басында өз алаңында «Ордабасы» клубын қабылдап, 1:2 есебімен ұтылып қалды. Сенбі күні Астанада «Ақтөбемен» додаға түсіп, 2:3 есебімен есе жіберіп алды.

Басқа үш ойынын бастан-аяқ көре алмадық. Ал төртінші турдағы ойынын стадионнан тамашаладық. Өте қызықты матч болды. Бірақ «Жетісу» бас бапкерінің өзегін өртеп, ұтылып қалды...

Құлшынбаевтың қынжылысы

Ойынның алғашқы 20 минутында командам мені таң қалдырды. Басында күйгелектік танытты. Негізі, команда құрамына біздің премьер-лига мен басқа да лигаларда шыңдалған аса тәжірибелі ойыншылар жиналған. Шынымды айтсам, олардың неліктен ойынды осылай бастағандарын түсіндіре алар емеспін. Талқылаймыз. Бірінші таймда қарсыласымыз біздің қақпаға екі соққы бағыттады. Екі гол! Білмеймін, бұл сәтсіздік пе? Жоқ, бұл біздің кінәратымыз деп ойлаймын.

Екінші таймда қарсыласымызды тықсырып тастадық. Қыспаққа алдық, қаншама гол соғатын тамаша мүмкіндіктеріміз болды. Бірақ мүлт кетіп, оларды кәдеге асыра алмадық. Ойынның ең шешуші және өзгерісті сәті Симоновсидің үш метр жерден гол соға алмай, жаза басуы болды. Қақпашыға тура емес, сәл қиыстау тепкенде, есеп 2:2 болар ма еді. Егер сол мезетте таразы басын теңестіргенімізде, қарсыласымыздың сағын сындырар да ма едік... Бірақ бұл футбол, «болар ма еді, жеңіп те кетер ме едік» дегендер есепке алынбайды. Екі гол соқтық.

Бүгін өз қақпамызға үш гол жіберіп алдық. Көбірек, әрине. Соңғы екеуі соғылғанда, қарсыласымыздың шабуылшыларына емір-еркін қимылдауға мүмкіндік беріп қойдық. Қақпашыға да, қорғаушыларға да кінә артқым келмейді. Бірақ бұл – бәрінің, тіпті бәріміздің қателігіміз. Бұл – біздің ішкі шаруамыз. Аяқсыз қалдырмаймыз, – деп күйзелді, Талдықорған клубының бас бапкері ойыннан соң.

«Жетісудың» қашан желпінеді...

Иә, «Жетісу» клубының құрамына қарап отырсаңыз, шынымен де тәжірбиелі ойыншылары көп. Қақпада – Шабанов; қорғанысында – Мартин Кляйн, Дидье Кадио, Марко Джалович; орталық шебінде – Душан Савич, Георгий Моисов, Филипп Рудик, Вадим Боровский, Илья Калинин; шабуылда – Боти Демель, Марко Симоновски, Бауыржан Тұрысбек. Бұларға Серік Сағындықов пен Максим Азовскийді қосуға болады. Әлеуеті зор жастары да баршылық.

Бірақ «тар жол, тайғақ кешіп» жүрген «Шахтермен» тең түсіп, құрамы биыл толықтай дерлік жаңартылған «Ақтөбеден» ұтылып қалды. Ойын өрнегі үйлеспей жүр. Неге?

Өздеріңіз білесіздер, бізде «Барыс» деген хоккей клубы бар. Халықаралық деңгейдегі Құрлықтық хоккей лигасында ойнайды. Сол команданың айбынды бірінші бестігі бар. Канада мен Американың қас шеберлері. «Барыстың» сол бірінші бестігі аталған лигада кез келген команданың қорғанысын быт-шыт қыла алады. Екпін алса, қандай азулы да, әйгілі клубтардың қақпасына шайбаны қарша бората алады. Бірақ кейде солардың да кібіртіктеп, гол «соға алмай», нысананы дәл «көздей алмай» қалатын кездері болады. Ондайда «хоккейшілеріміз жалақыларын уақытында ала алмай жүр ме, әлде бас бапкерлерін ұнатпай ма» деп, қалжыңдайтынымыз бар...

Әрине, жоғарыда мысал ретінде келтіргеніміздей, үлкен спортта кез келген команданың бабы мен бағы қатар шаппай, кежегесі кейін тартып кететін кездері болып тұрады. Десек те, «Жетісу» неге желпіне алмай жүр екен, ә? Футболшыларын ынталандыру немесе қамшылау жағы кемшін түсіп жатыр ма, әлде ойыншыларының өздері «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара алмай, пұшайман болып жүр ме?

«Жетісу» клубының бас бапкері де «Астана-Арена» стадионынан терең ойға шомып шықты. «Бұл аяқсыз қалмайды, талқылаймыз, талдаймыз» деп кетті. Бәлкім, бір нәтиже шығар...

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика