Вернуться к списку статей

Ненад Эрич – Қазақстан ұлттық құрамасында ойнау мен үшін үлкен мәртебе болмақ

Футбол
2K
Ненад Эрич Қазақстан ұлттық құрамасында ойнағысы келеді
Қазақстан ұлттық құрамасында қазір тасқамал қақпашылар аз емес. Стас Покатилов, Давид Лория, Владимир Плотников... Қай-қайсысы болмасын соңғы шепте ойнаудың хас шеберлері. Дегенмен, бас командамыздың намысын қорғаудан үмітті тағы бір қақпашы бар. Ол – «астаналық» Ненад Эрич.

Ұлты серб демесеңіз, қазақ футболына қаны сіңген ойыншылардың бірі. Ел чемпионатында 2010 жылдан бері ойнап жүр. Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғағысы келетінін де жасырмайды. Премьер-лиганың 4-туры аясында өткен «Астана» – «Тараз» кездесуінен кейін Эричтен осы жайлы ашып сұраудың мүмкіндігі туған еді.

– Ненад, алдымен «Таразға» қарсы өткен ойын жайлы сұрасақ. Матч қаншалықты қиын болды?

– Ойын өте қиын болды. Өздеріңіз көрдіңіздер ғой, ойын тізгіні біздің қолымызда болғанымен «Тараз» қорғаныста сауатты ойнады. Гол соғатын көптеген мүмкіндіктеріміз болды. Бірақ шабуылда кішкене жолымыз болмады. Ең бастысы жеңіске жеттік. Үш ұпай біздікі. Маңыздысы осы ғой.

– Бірінші таймда «Тараз» аз шабуылдады. Екінші таймда да көбіне қорғанумен болды. Қақпада ішіңіз пысқан жоқ па?

– Жоқ, зерікпедім. Барынша ойынға араласуға тырыстым. Негізі мұндай ойындар қақпашы үшін өте қауіпті. Үнемі қозғалыста болмаған соң суып қалуың да мүмкін. Соның кесірінен қарсылас команда ұйымдастырған жалғыз шабуылдың өзі голға айналып кетуі мүмкін. Әрдайым қимыл үстінде болып, тонуста жүргенің жақсы. Енді келесі кездесуді 13 сәуір күні «Жетісуға» қарсы өткіземіз. Барынша дайындалып, ол жақтан да үш ұпай алып қайтуға тырысамыз.

– Аруна Лукман, Бесарт Абдурахими... Жалпы, жаңа ойыншылар командаға қаншалықты сіңісіп кетті?

– Өте шебер футболшылар екені көрініп тұр. Дегенмен, олар командаға енді ғана қосылды. «Астанаға» толық бейімделіп кету үшін әлі уақыт керек. Аздап үйреніскен соң өз мықтылықтарын көрсетеріне шүбә келтірмеймін.


– Ненад, былтыр Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығып, барша Қазақстанды қуантқан «Астана» биыл сол жетістікті қайталай ала ма?

– Чемпиондар лигасының іріктеу додасына дейін бізге әлі Қазақстан чемпионатының аясындағы кездесулерді сәтті өткізу керек. Әлбетте, әр ойында жанкүйерлерімізді қуанту үшін барымызды саламыз. Былтырғы жетістікті қайталауға тырысамыз. Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтуді алдымызға мақсат етеміз. Дегенмен, Қазақстан чемпионатының да жыл сайын күшейіп келе жатқанын естен шығармау керек. Әр жеңіс бізге оңайлықпен келіп жатқан жоқ.

– Енді өзіңіз жайлы. Қазақстан ұлттық құрамасынан әлі де шақырту күтіп жүрсіз бе?

– Әлбетте, күтіп жүрмін. Қазір реттелмей жатқан кейбір құжаттар бар. Онымен арнайы адамдар айналысып жатыр. Бәрі жақсы болса, шақырту алып та қалармын. Қазақстан ұлттық құрамасында ойнасам, мен үшін үлкен мәртебе болмақ.

– Ал Қазақстан футбол федерациясынан сізге осы жайында хабарласқандар болды ма?

– Олар әрдайым клубпен байланыста. Мен жайлы клубтан сұрап біліп жатады. Ал өзімнің қолымда тұрған ешнәрсе жоқ. Менікі өз мықтылығымды жасыл алаңда дәлелдеу. Сондықтан, бұл жайлы көп айта беруді де қаламаймын. Ең бастысы, ойын кезінде барымды салып, қажеттілігімді дәлелдесем деймін.

– Егер өзіңіздің туған отаныңыз Сербия ұлттық құрамасынан шақырту түссе ше?

– Мен Қазақстан Республикасының азаматымын. Осы елде тұрып жатқаныма көп болды. Менің арманым – Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғау. Өйткені, Қазақстан маған көп нәрсе берді. Өмірімді түбегейлі жақсы жағына қарай өзгертті. Адамдардың барлығы маған сыйластықпен қарайды. Маған жасаған жақсылықтары орасан. Сол жасаған жақсылықтары үшін алғысымды жасыл алаңда қайтарғым келеді.

– Сұхбатыңызға рахмет, Ненад! Тек сәттілік тілейміз!      

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика