Семейде «Пищевик» стадионының орнына 10 мың көрерменге арналған заманауи спорт кешені салынады. Соңғы эскиз бекітілді. Қазір жобалық-сметалық құжаттамалар рәсімделіп жатыр.
Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қазан айында басталады. Құрылысты 2026 жылдың ақпан айына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
«Семейдің сол жағалауында бұқаралық спортты дамытуға серпін беретін заманауи арена пайда болады. Жаңа стадион әуесқой футболшылар мен жалпы жұртшылықтың қызығушылығын тудыруда. Ол спорттық жарыстарды өткізуге арналған арена ғана емес, түрлі жастағы тұрғындардың жиі бас қосатын орындарының бірі болады», - деп хабарлады Абай облысы әкімдігінен.
Стадионда концерттер, фестивальдар және көрмелер сияқты әртүрлі ойын-сауық әрі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Бұл аймақтағы туризмді дамыта түседі деп жоспарланып отыр.
«Сонымен қатар жаңа стадион әлеуметтік интеграция мен халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға оң ықпалын тигізеді. Спорт қоғамның денсаулығы мен әл-ауқаты үшін үлкен маңызға ие. Ал жаңа стадион кәсіпқойларға да, әуесқойларға да спортпен шұғылдануға мүмкіндік береді», - делінген ақпаратта.
Жаңа стадион тек спорттық шаралармен шектелмейтінін айта кету керек. Онда түрлі концерттер мен көрмелерді де ұйымдастыру жоспарланып отыр.