Вернуться к списку статей

Голға сараң үшінші тур

Футбол
3K

Ұлттық құрама ойындарына байланысты үш аптаға жуық демалыстан кейін премьер-лига ойындары қайта жалғасты. Осы турда былтырғы чемпион «Ордабасы» мен күміс жүлдегер «Астана» жеңіліс тапты.

Алдымен Қарағандыда «Шахтер» мен Түркістанның «Тұран» клубы кездесті. Бұрын наурызда Қарағандыда стадион дайын бола бермейтін. Осы жолы әйтеуір үлгеріпті. Бірақ команданың ойыны әзірге премьер-лигаға сай болмай тұр.

Жалпы, алғашқы екі турда қос ұжым да қарсылас қақпасының кілтін таба алмаған еді. Дегенмен, «Тұран» өз алаңында «Қайратпен» тең түсті. Бұған дейін клубтар 2022 жылы ел чемпионатында жолығып, 0:0 есебімен тарқасқан. Оның үстіне «Тұран» 2021 және 2022 жылдары гол ең аз соққан командалардың қатарына кіреді.

Кездесу Игорь Солошенко шәкірттері үшін тағы да сәтсіз аяқталды. Қарсылас команда мәселені бірінші таймда-ақ шешіп тастады. Леонардо Вака мен Бранислав Слука соққан екі гол «Тұранға» жеңіс сыйлады.

«Шахтер» (Қарағанды) – «Тұран» (Түркістан) – 0:2

Голдар: Вака, 7 (0:1). Слука, 39 (0:2).

Екінші ойын Атырауда өтті. Мұнайшы стадионындағы ойында алаң иелері «Жетісу» командасымен жолықты.

Бұл ойында қонақтар жеңіске жетті. Кездесудегі жалғыз голды «Жетісу» сапына 11 жылдан кейін оралған Серікжан Мұжықов салды. Сөйтіп, Қайрат Нұрдәулетов шәкірттері маусымдағы алғашқы үш ұпайларына қол жеткізді.

Алаң иелерінің таразы басын теңестіретін мүмкіндігі болған. Бірақ 77-минутта Игорь Стасевич 11 метрлік айып добын сәтті орындай алмады.

«Атырау» (Атырау) – «Жетісу» (Талдықорған) – 0:1

Гол:Мұжықов, 73 (0:1).

Бір ай демалған «Ақтөбе» өз алаңында премьер-лига дебютанты «Жеңіс» клубын қабылдады. Қонақтар бұл ойында 0:3 есебімен жеңілді. Негізі олардың да мүмкіндіктері болған. Бірақ қауіпті шабуылдары пайдалана алмады. Есесіне, «Ақтөбе» жігіттері прагматикалық ойын көрсетіп, жанкүйерлерін қуантты.

Кездесуде 21 жастағы «Ақтөбе» жартылай қорғаушысы Максим Самородов жасыл алаңдағы 100-ші ойынын өткізді. Футболшы пенальтиден есеп те ашты. Өкінішке қарай, жарақат салдарынан 43-ші минутта алаңнан кетті.

Жалпы, матч тағдыры бастапқы 16 минутта-ақ шешілді. Қазақстан азаматтығын алуға талпынып жүрген Ислам Умаев осы жолы да гол соқты. Қалған уақытта «Ақтөбе» клубы қорғанысқа мән беріп, қарымта шабуылға иек артты. Нәтижесінде «Жеңіс» 90 минутта алаң иелеріне 12 соққы бағыттағанымен, Игорь Шацкийдің қақпасынан саңылау таба алмады. Ал «Ақтөбе» сапында екінші таймда дебют жасаған Доминикан Республикасының шабуылшысы Дорни Ромеро 48-ші минутта алыстан допты шірене тартып, керемет голдың авторы атанды. Бұл футболшы өткен маусымда Боливияның «Олвейз Рэди» клубында доп теуіп, 25 голмен үздік сұрмерген болған.

«Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Жеңіс» (Астана) – 3:0

Голдар: Самородов, 13-пенальтиден (1:0). Умаев, 16 (2:0). Ромеро, 48 (3:0).

Алаңнан қуылды: Барач, 73.

Петропавлдағы «Қызылжар» мен Қостанайдың «Тобыл» клубы арасындағы ойында есеп ашылмады.

«Қызылжар» өткен маусымда өз алаңындағы 13 ойында 8 ғана гол жіберген. Сондықтан, Қазақстан Суперкубогының иегері «Тобылға» гол соғу тұрмақ, қарсылас қақпасына дәл соққы жасау қиын болды. Дегенмен, қонақтардан соңғы минутта Жасұлан Жұмашев мүлт кетсе, Ислам Чесноковтың добын қақпашы қайтара білді.

«Қызылжар» (Петропавл) – «Тобыл» (Қостанай) – 0:0

Осы турдың бастысы сенсациясы Алматыда тіркелді. Биылғы маусымның басты фавориттерінің бірі «Астана» дебютант «Елімайдан» ұтылып қалды.

Жалпы, «Елімай» бапкері Андрей Карповичтің «Астанамен» статистикасы жақсы. Ол «Қызылжар», «Ақтөбе» клубтарымен соңғы бес матчтың бәрін де жеңген.

Бірінші таймда есеп ашылмады. «Астана» футболшыларының 1-2 мүмкіндігі болған. Бірақ пайдалана алмады.

Ал екінші кезеңде «Елімайдың» көшбасшысы Квентин Корнет қақпашымен бірге-бірге шығуға ұмтылғанда, Алекса Аманович итеріп құлатты. Бірден төреші «Астана» қорғаушысына қызыл қағаз көрсетіп, алаңнан қуды.

Кездесудің соңғы минуттарында қосалқы құрамнан шыққан 30 жастағы Роман Мұртазаев қорғаушылардың қателігін тиімді пайдаланып, ойын тағдырын шешті.

Осы матчта ерекше көзге түскендердің бірі – «Елімайдың» қақпашысы Денис Кавлинов. Ол соңғы минутта Эльхан Астановтың добын керемет қайтара білді.

«Астана» бұған дейін рремьер-лигасы аясында өз алаңында 2023 жылдың 16 сәуірінде «Қайраттан» 0:3 есебімен жеңілген.

«Астана» (Астана) – «Елімай» (Семей) – 0:1

Гол: Роман Мұртазаев, 89 (0:1)

Алаңнан қуылды: Алекса Аманович, 58 минут («Астана»).

Турдың орталық матчы «Ордабасы» мен «Қайраттың» матчында да күтпеген есеп тіркелді. Сарапшылардың пікірінше, ел чемпиондары айқын фаворит саналған. Оның үстіне чемпионат аясында «Қайрат» 2021 жылдан бері «Ордабасыны» жеңбеген еді.

Алайда қонақтар еш қаймықпай, алаң иелерінен кем түспеді. Тіпті бірінші таймның соңында «Қайраттың» бұрыштамадан көтерген добын Әділет Садыбеков қақпаға тура тепті. Бірақ доп қорғаушы Игорь Пластунға жанасып, автогол ретінде тіркелді. Екінші таймда өткен маусымның сұрмергені Жоау Паулу алыстан керемет соққы жасап, есепті еселеді. Осылайша, Жоау Паулу «Ордабасы» - «Қайрат» арасындағы кездесуіндегі голдар санын 8-ге («Қайрат» - 6 гол, «Ордабасы» - 2 гол) жеткізді. Қалған уақытта айып алаңынан Жасур Яхшибоев есепті қысқартқанымен, командасын жеңілістен құтқара алмады.

Өз кезегінде «Қайраттан» Дмитрий Сергеев оңтайлы сәтті пайдалана алмаса, 19 жастағы Ян Труфанов бос қақпаға гол соқпады. Қорытынды есеп – 1:2.

Автор: Асфендияр Жанаділ
Яндекс.Метрика