Вернуться к списку статей

Париж Олимпиадасында 8 дзюдошымыз белдеседі

Басқа
20K
Дзюдодан 2022 жылдың 24 маусымынан басталған әлемдік іріктеу кезеңі аяқталды. Нәтижесінде 2 жыл бойы бозкілемде белдесіп, жоғары ұпай жинаған 8 жерлесіміз Париж төрінде жүлдеге таласуға мүмкіндік алды.
Франция татамиінде ерлер құрамасынан ел намысын 60 келіде Елдос Сметов, 66 келіде Ғұсман Қырғызбаев, 73 келіде Данияр Шамшаев, 81 келіде Абылайхан Жұбаназар және 100 келіде Нұрлыхан Шархан қорғайды. Ал қыздар құрамасынан жекелей сында 48 келідегі Абиба Абужақынова және +78 келідегі Камила Берліқаш жарыс жолына шығады. Аралас командалық сайыста Эсмигул Куюлова (63келі)  бақ сынайды.

Кейінгі екі Олимпиададағы жолдамаға қарайтын болсақ, Рио және Токио Олимпиадасына 6 спортшымыз барған. Ал биыл жолдама саны жақсарған, ал нәтиже қалай болар екен. Қазақстан ұлттық құрамасы Токио Олимпиадасында – 1 қола, Риода – 1 күміс, 1 қола және Бейжіңде 1 күміс медаль еншілеген еді.

Жалпы Парижде 14 салмақ дәрежесі бойынша әлемнің 105 мемлекетінен 355 спортшы өнер көрсетеді. Франция мен Жапония ғана барлық 14 салмақ дәрежесі бойынша жүлделерге таласуға мүмкіндік алды.
Осы орайда, Олимпиадаға жолдама алған спортшылардың кейінгі екі жылдағы нәтижесіне тоқталып, аз-кем сараптап өткенді жөн көрдік.

60 келідегі Елдос Сметов Олимпиадалық іріктеу кезеңінде барлығы 13 турнирге қатысып, соның екеуінде ғана жүлдегерлер қатарынан көрінді. 2022 жылы Өзбекстан астанасы – Ташкенттегі әлем чемпионатында үшінші орынға табан тіресе, өткен айда елордада екінші рет ұйымдастырылған Qazaqstan Barysy Grand Slam 2024 турнирінде қола жүлде еншіледі. Сондай-ақ Елдос Абу-Дабидегі биылғы әлем чемпионатында – бесінші, тағы үш жарыста жетінші орыннан көрінді. Қалған жарыстарда көңілдегідей күресе алмады деп айтуға болады.

66 келідегі Ғұсман Қырғызбаев 23 турнирде бақ сынады. Соның ішіндегі ең тәуір нәтижесі – 2023 жылғы Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысының күміс жүлдесі. Отандасымыз финалда 26 жастағы испаниялық Давид Гарсия Торнеден жеңіліп, екінші орынды қанағат тұтты. 2022 жылы Астанада өткен Азия чемпионатында  үшінші орыннан көрінді. Қалған турнирлерде жарқырап өнер көрсете алмады. Төрт рет – бесінші, бір рет жетінші сатыға жайғасты.

73 келідегі Данияр Шамшаевтың нәтижесі өзге спортшыларға қарағанда тәуірлеу. Ол 2022 жылғы еліміздегі Азия чемпионатының финалында жапониялық Рема Танаканы жеңіп, бас жүлдені иеленген болатын. Екі жылда тәжірибесі толысқан Рема былтыр 66 келіде Азия  ойындарының чемпионы атанса, биыл әлем чемпионатында топ жарды. Ал былтыр Данияр Ташкентте өткен Гранд слэм жарысының финалына дейін жетіп, ақтық сында жастар арасындағы әлем чемпионы Тәжікстан өкілі Эмомали Нуралиден жеңіліп, күміспен күптелді. Сондай-ақ тағы екі бәсекеде үздік үштіктің қатарынан көрінді.

81 келідегі Абылайхан Жұбаназар екі жылда бас-аяғы 26 жарысқа қатысты. Соның біреуінде күміс жүлдеге қол жеткізсе, 4 рет қола жүлде еншілеген. Атап айтқанда, былтыр Грузиядағы Гранд слэмнің финалында Токио Олимпиадасының қола жүлдегері аустриялық Шамиль Борчашвилимен кездесіп, аса тартысты кездесуде қарсыласына есе жіберіп қойды. Ал биыл дәл осы жарыста тағы жүлде алды. Өкінішке қарай, бұл жолы үшінші орынға табан тіреді.

100 келідегі Нұрлыхан Шархан Олимпиадалық іріктеу кезеңінде 25 жарысқа қатысып, тек үш турнирде ғана жүлдегерлер қатарынан көрінді. 2023 жылы өз елімізде өткен Азия чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген болса, кейіннен былтырғы Азия ойындары бәсекесінде үшінші орыннан көрінді. Ал биыл жыл басында Парижде өткен Гранд слэмда осы жылғы алғашқы және жалғыз жүлдесін мойнында жарқыратты.

Қыздар құрамасына келер болсақ, қазіргі таңда елімізде 48 келідегі Абиба Абужақыноваға жетер спортшы жоқ. Жерлесіміз екі жылда 22 жарыста өнер көрсетіп, соның тең жартысынан көбінде тұғыр сатысынан көрінген. Яғни, 12 бәсекеде отандасымыз жүлдегерлер қатарынан табылды. Осы жетістігінің арқасында Абиба әлемдік рейтингте 3-орынға жайғасты. 2023 жылы Абужақынова Португалияда өткен Гран-при жарысында топ жарса, бір рет Азия ойындарында, бір мәрте Ташкент Гранд слэмінде күміс алды. Сондай-ақ 9 ірі турнирде үшінші орыннан көрінді.

Ауыр салмақтағы (+78келі) Камила Берліқаштың нәтижесі көңіл қуантарлықтай деп айта алмаймыз. Екі жылда отандасымыз 20-дан аса турнирге қатысса да, небәрі үш-ақ турнирде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, былтыр Абу-Дабидегі Гранд слэмнің финалында португалиялық Рошель Хесус Нуньестен жеңіліп, күміспен күптелді. Ал 2022 жылы Ұлан-Батыр мен Бакудегі Гранд слэмде қола жүлде алды.

Аралас командалық сайыста Эсмигул Куюлова (63келі)  2023 жылы – екі, биылғы маусымда бір жүлде алды. 22 жастағы отандасымыз былтыр Еуропа кубогінің финалында Германия өкілі Пол Денадан жеңіліп, күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ былтырғы Азия ойындарында, биылғы Азия чемпионатында қола жүлде еншіледі.
Яндекс.Метрика