Вернуться к списку статей

Дохадағы драма. Елена Рыбакина финалда есе жіберді

Теннис
175

Қазақстанның бірінші, әлемнің төртінші ракеткасы саналатын Қазақстан теннисшісі Елена Рыбакина Qatar TotalEnergies Open-2024 турнирінің финалына дейін жетті.

Отандасымыз финалда әлемнің бірінші ракеткасы, польшалық Ига Швентекпен кездескен. Басында бәрі керемет басталды. Рыбакина екі мәрте брейк жасап, есепті 4:1-ге дейін жеткізді. Жанкүйерлердің көбісі кемі бірінші партия Елена пайдасына шешіледі деп топшылай бастаған. Алайда осыдан кейін бәрі өзгеріп кетті. Қарсыласы таразы басын теңестіріп, тіпті алға шығарып үлгерді. Жалпы, бірінші сет тай-брейкке дейін жетті. Теннистегі пенальти сериясы саналатын тай-брейкте Швентектің жүйкесі мықты болып шықты. Сөйтіп, бірінші кезеңді өз пайдасына шешті.

Айтпақшы, алтыншы геймде отандасымыз жарақат алып, медицина маманының көмегіне жүгінді. Осыдан кейін ойыны кері кете бастады.

Екінші сетте Рыбакинаның өзі жеңіске жететіне сенбеген тәрізді. Психологиялық тұрғыда азулы қарсыласына дайын болмай қалды. Швентек оп-оңай бұл партияны 6:2 есебімен аяқтады.

Екі сағат 15 минутқа созылған тартысты бәсекеде Е.Рыбакина 3 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың үшеуін ғана пайдаланды. Польша теннисшісі 2 эйспен бірге 5 брейкке (10 брейк-пойнт) қол жеткізді.

Осылайша, Ига Швентек Қатардағы Доха додасында үшінші жыл қатарынан чемпион атанды. Бұл қошеметтеуге, құрметтеуге лайық жетістік.

Жалпы, Дохада Рыбакина бес кездесу өткізді. Оның нәтижелері мынандай:

1/16 финал: Чжу Линь (Қытай, 57-ракетка) – 6:2, 6:1

1/8 финал: Эмма Наварро (АҚШ, 23-ракетка) – 6:1, 6:7 (6), 6:4

¼ финал: Лейла Фернандес (Канада, 38-ракетка) – 6:4, 6:2

½ финал: Анастастия Павлюченкова (Ресей, 32-ракетка) – 6:2,6:4

Финал: Ига Швентек (Польша, 1-ракетка) - 6:7 (6), 2:6.

Негізі, Елена Рыбакина соңғы жылдары әлемнің бірінші ракеткасына ыңғайсыз қарсылас болып жүрген еді. Былтыр Аустралия ашық біріншілігінің 1/8 финалында жарыстан шығарып, «Үлкен дулыға» еншілеуіне кедергі келтірді. Одан кейін Индиан Уэллс турнирінің жартылай финалында сүріндірді. Сосын Римдегі жарыстың ширек финалында тағы жеңді.

Ал Швентек тек алғашқы кездесуде ғана басым түскен. Енді, осы жолы сериядағы айырмашылықты қысқартты. Әзірге Рыбакина жеке есепте 3:2 есебімен алда тұр.

«Мен соңына дейін тырыстым. Бірінші кезекте Иганы және оның командасын осы жеңіспен құттықтаймын. Сосын өз командама алғыс білдіргім келеді. Менің бас бапкерім теледидардан көрген болар. Соңғы екі апта керемет өтті. Жанкүйерлерге алғысым шексіз. Қазақстанның туын біраз жерден көрдім. Маған мұндай қолдау аса маңызды», - деді финалдан кейін Рыбакина.


Автор: Асфендияр Жанаділ
Яндекс.Метрика