Вернуться к списку статей

Бітпейтін допинг дауы. Сабақ алмайтын қазақ спорты. Чиншанло қайта күдікке ілінді

Басқа
432

Қазақстан ауыр атлетикасынан ешқашан дау арылған емес. Әсіресе, допингпен ұсталатындар көбеймесе азайған жоқ. Заңды да күшейтті. Бірақ жағдай сол қалпы. Бұрын бір ауызы күйгендер екінші рет ұсталып жатыр. Соның дәлелі, Зульфия Чиншанло.

Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) таратқан мәліметке сүйенсек, бір жылдан бері үлкен жарыстарға шықпаған Чиншанлоға тағы да допинг қолданды деген айып тағылды.

Жарыстан тыс кезеңде алынған міндетті допинг-бақылаудан кейін ауыр атлет спорттық қызметтен уақытша шеттетілген. Оның сынамасынан «Метандиенон» анаболикалық стероид белгілері байқалған. Егер, спортшының допинг қолданғаны расталып жатса, ол тағы сегіз жылға спорттан шеттетілуі мүмкін.

Чиншанло 2012 жылы Лондон Олимпиадасында қоссайыс қорытындысы бойынша 226 (95 + 131) келіні бағындырып, чемпион атанған болатын. Өкінішке қарай жеңіс тойы ұзаққа бармады. Оның Олимпиада ойындарында допинг қолданғаны дәлелденіп, алтын медалінен айырылып қалды. Сондай-ақ медалінен айырылып қана қоймай, 2016-2018 жылдары барлық санаттағы жарысқа қатысу құқығынан айырылды.

Жалпы, допинг мәселесі оңып тұрған жоқ. Мұны министр де мойындады. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев соңғы 3 жылда 133 кәсіби спортшының қанынан тыйым салынған препарат табылғанын айтты.

«Оның 93-і жазғы Олимпиада спорт түрінің өкілі. Бұл 93-тің 45-і ауыр атлеттеріміз. Соларға жеке тоқталғым келеді. 2020 жылы допинг дауына іліккен ауыр атлеттердің саны бесеу, 2022 жылы 10 болса, биылдың өзінде ғана 30 атлеттің допинг қолданғаны дәлелденді. Бұл біз үшін үлкен жара. Өйткені бірінші, екінші, үшінші санаттағы құрама команда түгел шеттетілген. Сонда қазір базалық құраманың рөлін жасөспірімдер атқаруға мәжбүр. Яғни, жағдай жақсы емес. Қазір допингке қарсы орталықпен бірге тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Өкінішке қарай, интернет арқылы спорттық тағамға тапсырыс беру оңай. Спортшылардың көбі осындай тапсырыспен сапасыз тағамға ұрынып қалып жатады. Яғни, допингке саналы түрде бармайтындары да бар. Тіпті интернет пен дәріхананы қойып базардан да сатып алатындар бар. Бұл жұмысты жүйелеп, заңнаманы тағы жетілдіру керек. Өйткен өте көп спортшымыздан айырылып жатырмыз», - деді Ермек Маржықпаев.

Негізі допингпен ұсталған ауыр атлеттердің саны 50-ден асып кеткен. Мысалы, соңғы жылдары Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, 24 жастағы
Игорь Сон допингпен ұсталуына байланысты 8 жылға спорттан
шеттетілді.

Бұған дейін былтыр Ниджат Рахимов допингтің кесірінен Олимпиаданың алтын
жүлдесінен айырылды. Сонымен қатар ол 8 жылға спорттан шеттетілді. Жалпы,
2008 жылдан бері допингпен ұсталған қазақстандық ауыр атлеттердің саны 50-
ден асып кетті.


2008 жылы 6 атлет:

Дмитрий Стрига, Владимир Седов, Ирина Некрасова, Мария Грабовецкая, Илья
Ильин, Майя Манеза;

2009 жылы 2 атлет:

Александр Дзюба, Игорь Ким;

2012 жылы 9 атлет:

Жасұлан Қыдырбаев, Семён Линдер, Нұрсұлтан Рахатов, Фаина Сиванбаева,
Илья Ильин, Светлана Подобедова, Майя Манеза, Зүлфия Чиншанло, Алмас
Өтешов;
2013 жылы 13 атлет:

Александра Аборнева, Аят Әмірбеков, Майра Файзоллаева, Айдар Қазов,
Фархад Харки, Максим Лактионов, Әсем Сәрсекенова, Екатерина Столяренко,
Денис Уланов, Евгений Евстафьев, Александр Зайчиков, Ерболат Жоламанов,
Ғалымбек Жубатканов;

2015 жылы 6 атлет:

Татьяна Капустина, Жасұлан Қыдырбаев, Ермек Өміртай, Алмас Өтешов,
Фаина Сиванбаева, Игорь Сон;

2017 жылы 5 атлет:

Иван Голушко, Ғалымбек Жұбатқанов, Анатолий Грубов, Максим Лактионов,
Нұрлыбек Сәменов;

2018 жылы 5 атлет:

Мария Базаркина, Гүлназ Шамиева,Роберт Карнаухов, Еркебұлан Айдынұлы,
Надежда Лихачева;

2019 жылы 3 атлет;

Мария Грабовецкая, Ирина Некрасова, Максим Ню;

2020 жыл (2 атлет)

Анна Нурмухамбетова, Бексұлтан Төлепов;

2021 жыл (3 атлет)

Нұрлыбек Саменов,Анелия Сумбембаева, Мадияр Айдар;

2022 жыл (9 атлет)

Матвей Макрушин, Наталья Щупакова, Бақдаулет Камал, Карина Жунуспаева,
Игорь Сон, Алексей Дроздов, Абылай Әуелханов, Юлия Потасова,Ниджат
Рахимов.

Бұған 2023 жылғылар қосылса, 60-қа да жетіп қалар.

Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика