Вернуться к списку статей

Қазақстан спорты кім келгелі құлдырап кеткені белгілі болды

Олимпиада-2024
187
Фото: kursiv.media

Бүгін Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи спорттағы былықтардың басында кімдердің тұрғанын айтты. Ол Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті қызметіне Тимур Құлыбаев келгеннен бері елдің спорттық жетістіктеріміз құлдырай бастады деп айтты.

«Мысалы, Токиодағы соңғы жазғы Олимпиада ойындарында біздің спортшылар бірде-бір «алтын» немесе «күміс» медаль алған жоқ, тек 8 қола медальмен қайтты. Ал медальдық есепте біздің еліміз 83 орынға бір-ақ түсті! 1994 жылдан 2014 жылға дейінгі Жазғы Азия ойындарында қазақстандық спортшылар тұрақты түрде 4-5 орын алып келген еді. 2018 жылы біз 9-шы орынға, ал 2023 жылы 11-ші орынға түстік! Шамамен, Парижде де осының кебін киюіміз әбден мүмкін. Бұл біздің құрамамыз дербес ел ретінде Қазақстан атынан қатысатын сегізінші Олимпиада ойындары болмақ», - дейді Ермұрат Бапи.

Оның айтуынша, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан спортшылары 11 спорт түрінен 14 алтын, 22 күміс және 35 қола медаль жеңіп алды. 1996 жылдан 2016 жылға дейін Қазақстан барлық жазғы Олимпиада ойындарында ешқашан алтынсыз қалмай, әлемдегі үздік 40 елдің қатарынан түспеді деп айтты.

«Бұл ретте, елімізде футболдың біршама қарқынды дамып жатқанын атап өткен жөн. Ел Президентінің өзі ұлттық құрама ойынына қолдау көрсету үшін, соңғы кездері футболға арнайы барып жүр. Тағы бір атап өтерлік жәйт – Тимур Құлыбаев келгелі Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылығына кілең «Ескі Қазақстанның» өкілдері іріктеліп алынды.Оның ішінде, бір-біріне айнымас құда-жекжаттар мен миллиардер күйеудің олигарх-достары өріп жүр. Сонымен қатар Комитетке мүше болып сайлануға 70 жастық шектеу белгіленген. Қазіргі мүшелердің ішінен бұл цензденасып кеткендер де, күні ертең толайын деп отырғандар да бар», - дейді мәжілісмен.

Ұлттық Олимпиада комитеті басқарушы органының осындай шал-шауқандар құрамымен қандай жеңіске жетуге болатынын сұрады.

«Оның үстіне, баршаға мәлім, Тимур Құлыбаев Қазақстанның ең ірі 50 жеке бизнесі қатарына кіретін компаниялардың активтерін иелене отырып, бірқатар ірі бизнес жобаларды бақылайды, Оның ішінде: «АЛМЭКС» Холдингтік тобы, «Каспий Мұнай» және «Retro Retail» мұнай компаниялары бар. Мұндай шамадан тыс жүктемемен оның олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға мүлдем уақыты жоқ деуге болады! Оның ойы елдің мұнайын сатып, қалтасын толтыру. Спортты қайтсын?»!, - деп шамданды депутат.

Сондықтан да Ұлттық Олимпиада комитетінің жұмысында «Әділетті Қазақстан» бағытында трансформация әлі де жүріп жатқан жоқ. Париж Олимпиадасы қарсаңында Ұлттық Олимпиада Комитетіне түбегейлі өзгерістер керек екенін атап өтті.

«Осы ретте: Париждегі Олимпиада алдындағы лицензиялық спорттық турнирлерге бай-бағыландардың өкілін емес, ауылдан шыққан, көкірегінде намысы бар патриот, кәсіби спортшыларды апару қажет. Спорт саласындағы жемқорлық пен сыбайластық, таныс-тамырлықты түбімен жою керек. Ұлттық Олимпиада Комитетінің басшылық құрамына ревизия жасап, оларды тек жас, Жаңа Қазақстан өкілдерімен жасақтау керек», - деп түйіндеді депутат.

Автор: Асфендияр Жанаділ
Яндекс.Метрика