Грузия астанасы Тбилиси қаласында дзюдо күресінен әлемдік Grand Slam аяқталды. Қазақстанға 1 алтын, 1 қола жүлде бұйырды.
Жарыстың алғашқы күні екі бірдей спортшымыз тұғырдан көрініп, жанкүйерлерін қуатты. Әсіресе, ерлер арасында 60 келіде күрескен жамбылдық Нұрқанат Серікбаев қарсылас шыдатпады.
Ол Тбилиси татамиінде барлығы бес кездесу өткізіп, бесеуін де жеңіспен аяқтады. Іріктеу кезеңінде отандасымыз Джохан Рожас (Колумбия), Иехонатан Векслер (Израиль) және Дильшот Халматовтан (Украина) басым түсті. Ал жартылай финалда Grand Slam жарысының үш дүркін жеңімпазы Балабай Агаевтың осал тұсын тапты. Финалда Израиль спортшысы Ям Уолцакқа мүмкіндік қалдырған жоқ.
Айта кетерлігі, бұл отандасымыздың Grand Slam жарысындағы алғашқы алтыны. Сөйтіп, Нұрқанат Серікбаевқа әлемдік рейтингте қосымша 1000 ұпай еншіледі.
Сондай-ақ әйелдер арасында 48 келіде татамиге шыққан Ғалия Тынбаев қола жүлдегер атанды. Ол жартылай финалға дейін жетіп, шешуші белдесуде оңтүстіккореялық спортшыға есе жіберді. Ал қола медаль үшін өткен кездесуде испаниялық Лапуэрто Гомасты қапы қалдырды.
Қалғаны әдеттегідей жеңіліс тапты. Теміртаулық Ислам Бозбаев 100 келіге дейін салмақта ширек финалға жеткен. Алайда, ширек финалда грузиялық Микаил Жапаридзеге қарсы қауқар таныта алмады. Жұбаныш белдесуді Бозбаев Өзбекстан өкілі Ерназар Сәрсенбаевқа қарсы өткізіп, уақытынан бұрын ұтты. Алайда, қола жүлде үшін күресте Аустрия балуанына есе жіберіп, турнирді бесінші орынмен аяқтады.
Аталған жарыстың соңғы күнінде татамиге шыққан аса ауыр салмақтағы Ерасыл Қажыбаев жартылай финалға шыққан еді. Алайда, финалдық сынға жолдама беретін белдесуде Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Гурам Тушашвилиден ұтылды.
Алғашқы жарыс күніндегі бір алтын, бір қоланың арқасында Қазақстан 83 елдің ішінде 7-орынға тұрақтады.