Вернуться к списку статей

Шавкат Рахмоновтың Тәуелсіздік күніндегі таза жеңісі

Қазақ файтері Шавкат Рахмонов (17-0) Лас-Вегаста өткен UFC 296 турнирінде америкалық Стивен Томпсонды (17-6-1) жеңді.

Шавкат үшін бірінші раунд тек клинч-бақылауда өтті. Ал екінші раундта ол қылқындыру әдісінің арқасында ММА-да 18 және UFC-де 6-рет уақытынан бұрын жеңіске жетті. Рахмонов қылқындырып жатқанда Томпсон жеңілгенін мойындап, қолымен белгі берді.

Бұл отандасымыз 2023 жылғы екінші жекпе-жегі болды: наурыздың басында ол америкалық Джефф Нилмен (15-5) жекпе-жек өткізіп, оны үшінші раундта тұншықтыру тәсілімен қапы қалдырған.

Кештің басты жекпе-жегінде жартылай орта салмақтағы UFC чемпионы Леон Эдвардс пен Колби Ковингтон жолықты. Алғашқы ұпай санымен басым болып, чемпиондық белбеуін сақтап қалды.

Жекпе-жектен кейін қазақ файтері отандастарын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.

«Ассалаумағалейкүм, Қазақстан! Мен осындай жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Бұл еліміздің тәуелсіздік алған күні. Кішкене қобалжып тұрмын. Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келген жеңісіме қуаныштымын. Барлықтарыңызға рахмет! Әрине, Wonerboy – өте мықты қарсылас. Мерзімінен бұрын жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Өзімді титулға белдесуге лайықтымын деп ойлаймын», - деді Шавкат Рахмонов.


Ол сонымен қатар ағылшын тілін жақсартуға қатысты сұраққа жауап берді.

«Шынымды айтсам, басқа тілдерді білген жақсы. Бірақ, ең бастысы, қазақ тілін дұрыстап сөйлегенім маңызды. Мен басқа тіл білмегеніме ұялмаймын! Тек қазақша жақсы сөйлесем болды! Басқасы қызықтырмайды! Менің ана тілім – қазақ тілі. Өзге тілдерді білмегеніме намыстанбаймын», – дейді Шавкат Рахмонов Tengrinews тілшісі қойған сауалға жауабында.


Автор: Асфендияр Жанаділ
Яндекс.Метрика