Қазақстан балуандары 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медальмен жалпы есепте төртінші орынға тұрақтады.
Жалғыз алтынды 86 келіде белдескен Азамат Дәулетбеков еншіледі. Ол финалда өзбекстандық Жабраил Шапиевті 5:2 есебімен жеңді. Осылайша ол өз салмағында үш дүркін Азия чемпионы атанды.
Дәулетбеков жарысты ширек финалдан бастап, Иран балуанын 3:1 есебімен жеңді. Сондай-ақ жартылай финалда қытай өкілін 11:0 уақытынан бұрын ұтты.
Бұған дейін Азамат Дәулетбеков Азия чемпионатынан бөлек, әлем біріншілігінде екі рет қола жүлдеге қол жеткізген.
«Жеңіс тұғырынан көріну оңай болған жоқ. Десе де, сәттілік серік болды. Үшінші мәрте чемпион атағын жеңіп алдым. Осы жеңісімді су тасқынынан зардап шеккен барлық қазақстандықтарға арнаймын. Ешкімнің еңсесі түспесін деймін. Біз сіздермен біргеміз», - деді Азамат Дәулетбеков.
Күміс жүлденің біреуі 61 келіде белдескен Асыл Айтақынға бұйырды. Отандасымыз финалда қырғыз балуанына есе жіберді.
«Мақсатым — алтын медаль алу еді. Дегенмен құрлықтық додада күміс медаль бұйырды. Алдағы уақытта кеткен олқылықтың орнын толтырып, жеңіс тұғырынан көрінуге күш саламын», - деді Асыл Айтақын.
Екінші күміс медаль Ризабек Айтмұқанның еншісінде. Қазақ балуандары арасында еркін күрестен шыққан тұңғыш әлем чемпионы жаңа салмағында Азия күміс жүлдесін қанжығасына басты.
Былтыр ол 92 келіде финалға шығып жеңілсе, биыл 97 келіде өнер көрсетіп, әлем чемпионы Ахмед Тажудиновке есе жіберді.
Қарсыласы Ресейде дүниеге келген 21 жастағы балуан. Ол 2022 жылдан бері Бахрейн елінің атынан сынға түсіп келеді. 2023 жылы 97 келіде әлем чемпионы атағын жеңіп алса, Ханчжоуда өткен Азия ойындары және Азия чемпионатында алтын медаль иегері атанды.
Қос әлем чемпионы арасындағы тайталас алғашқы минуттан белсенді басталды. Ұпай қорын молайтуға тырысқан балуандар өз әдісін жасауға тырысты. Бірінші кезеңде есеп 1:1 есебімен тең аяқталды.
Екінші кезеңде бахрейндік балуан алғашқы минуттарда екі ұпай алып кетті. Одан кейін балуандар бір-бірден ұпайға ие болды.
Осылайша Ризабек Айтмұқан қарсыласына 2:4 есебімен жеңіліп, Азия біріншілігінің күміс жүлдегері атанды.
«Бұл салмақта Ахметтен де басқа мықтылар бар. Бәрімен күресуге болады. Олардың да екі қолы, екі аяғы бар, ешкімнің ешкімнен артықшылығы жоқ. Тек екінші рет күміс жүлде алғаным өкінішті. Осы жолы чемпион боламын деп ойлаған едім», - деді Ризабек финалдық белдесуден кейін.
Сонымен қатар 57 келі салмақта ел намысын қорғаған Мейрамбек Қартбай қола медаль иегері атанды.
Мейрамбек кіші финалда қытайлық балуанды 7:2 есебімен жеңді.
Турнир барысында отандасымыз Өзбекстан балуанынан басым түсіп, жартылай финалда жапондық спортшыдан жеңілген еді.
Жалпы командалық есеп:
1-орын - Иран (190 ұпай - 5 алтын, 0 күміс, 3 қола)
2-орын - Жапония (130 ұпай - 2 алтын, 1 күміс, 2 қола)
3-орын - Қырғызстан (121 ұпай - 1 алтын, 1 күміс, 2 қола)
4-орын - Қазақстан (118 ұпай - 1 алтын, 2 күміс, 1 қола)
5-орын - Моңғолия (92 ұпай - 0 алтын, 2 күміс, 2 қола).